Әлихан Смайылов «Бәйтерек» холдингі директорлар кеңесінің отырысын өткізді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің бетпе-бет отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – өнеркәсіптік-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық және басқа да салалардағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын ескере отырып әзірленген  Холдингтің 2024-2033 жылдарға арналған даму жоспарының жобасын бекіту. Жалпы құжатта «Бәйтеректің» алдағы жылдарға арналған миссиясы, стратегиялық бағыттары, мақсаттары мен міндеттері айқындалған. 

Бұдан бөлек, қатысушылар акционерлік қоғамның 2022 жылғы есебін бекітті, сондай-ақ БҰҰ Жаһандық шартының қағидаттарына сәйкес тұрақты даму жөніндегі есепті және бірқатар басқа да мәселелерді қарастырды. 

Кеңес қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыруды жеделдетуді тапсырып, несиелік шешімдерді қабылдау жылдамдығын арттыру қажеттігіне тоқталды. Ол өңдеу өнеркәсібін тиімді және уақтылы қаржыландыру – экономикалық өсуді ынталандырудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың алғышарты болып табылатынын атап өтті.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу