Әлихан Смайылов кеншілерге 55 жасқа толғанда төленетін арнайы әлеуметтік төлем туралы айтты

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ҚР Мәжілісінің жалпы отырысынан кейінгі брифингте кеншілерді қолдаудың жаңа шаралары туралы өз пікірін білдірді.

Бірінші кезекте, Әлихан Смайылов экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін жеке кәсіпорындардағы еңбек ұжымдарының жалақысын арттыру тақырыбын қозғады.

«Біз ірі компаниялармен жалақыны көтеру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі мәлімет бойынша, жалақы орташа есеппен 10-50%-ға біртіндеп артып келеді. Аталған жұмысты 8 мыңға жуық кәсіпорын жүзеге асыруда. Бұл үдеріс алдағы уақытта да жалғасын табады», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізу бойынша заңнамалық түзетулер әзірленді.

«Бұл түзетулер адамдарға 55 жаста осы зиянды еңбек жағдайларынан шығып, тиісті әлеуметтік төлемдер алуына мүмкіндік береді. 7 жылдан кем емес міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу шартымен. Аталған төлемдер төрт түрлі қаржы көзінен: республикалық бюджет, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, сақтандыру ұйымдарының қаражаты және жұмыс берушілер есебінен жүзеге асырылатын болады. Зейнеткерлік жасқа толғаннан кейін олар жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы алады», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, осылайша, 55 жастан кейін кеншілер арнайы әлеуметтік төлемдер алады және қажет болған жағдайда зиянды еңбек жағдайына қатысы жоқ басқа жұмысқа орналаса алады.

«Заң жобасы Мәжіліс қарауында. Депутаттар бізді қолдап, заң жобасы жақын арада қабылданады деп үміттеніміз», — деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Брифинг #Әлеуметтік қорғау

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу