Әлихан Смайылов Костенко атындағы шахтада зардап шеккен кеншілердің көңілін сұрауға барды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ауруханаға барып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған өрт салдарынан зардап шеккен кеншілердің көңілін сұрады.

Қазіргі уақытта Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада зардап шеккен 20 кенші қажетті ем алуда. 

Бас дәрігер Еркін-Дәуір Құрманғалиевтің айтуынша, пациенттер әртүрлі аппараттарды, соның ішінде КТ және УДЗ қолдану, сондай-ақ түрлі сала мамандарын тарту арқылы толық тексерілді. Олардың көбі газбен уланған, алайда барлығының жағдайы – тұрақты, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Премьер-Министр зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.

«Барлығыңызға тезірек сауығып, отбасыларыңызға аман-есен оралуларыңызды тілеймін», — деді Әлихан Смайылов. 

Кеншілердің бірі қаза тапқан әріптестерінің отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы сұрады.

«Бұл – шынымен де өте ауыр қасірет. Қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз. Бүгін Мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берді. Толығымен қолдау көрсетеміз: баспана, несиелерді өтеу, балаларды оқыту, біржолғы төлемдер – мұның барлығымен қамтамасыз етеміз», — деді Премьер-Министр.

#Әлихан Смайылов #ҚР Премьер-Министрі #Үкіметтік комиссия

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу