Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларының өткізу қабілеті бірнеше есе артады

Үкімет үйінде өткен кезекті Үкімет отырысында авиация саласын дамыту мәселелері қаралды. Өз саласы бойынша көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады.

Оның мәлімдеуіше, биылғы 11 айда отандық әуе компаниялары 12,3 млн жолаушы тасымалдады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға жоғары. Жыл қорытындысы бойынша аталған көрсеткішті 13 млн-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Әуежайларда қызмет көрсету көлемі 25%-ға артып, 24 млн жолаушыны құрады. Айтарлықтай өсім Алматы және Астана әуежайларында байқалады, оларда биыл тиісінше рекордтық 9 млн және 7 млн жолаушыға қызмет көрсетілді. Сондай-ақ әуежайларда өңделген жүк көлемі де ұлғайып, жыл басынан бері көрсеткіш 130 мың тоннаны құрады, яғни өсім – 16%.

Министрдің сөзінше, әуе тасымалына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 

Алдағы жылдың наурыз айында Шымкент, мамыр айында Қызылорда және маусым айында Алматы қалаларындағы әуежайларда жаңа жолаушылар терминалдарының құрылысы аяқталады. Аталған жұмыстарға 150 млрд теңгеден астам жеке инвестиция тартылды. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде Алматы қаласы әуежайының өткізу қабілеті 5 есе, Қызылорда әуежайынікі 6 есе және Шымкенттікі 7 есе ұлғаятын болады.

Келесі жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторы астаналық әуежайдың ұшу-қону жолағын өз қаражаты есебінен реконструкциялауға кіріседі, бұл – жаңа басқарушы компанияның алдына қойылған бірінші кезектегі міндеттердің бірі. Сондай-ақ 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын және Балқаш қаласы әуежайының перроны мен жүру жолағын реконструкциялау бойынша жұмыстар басталады.

«Еліміздің әуежайларында мультимодалды орталықтар құру мақсатында қажетті құзыреті мен капиталы бар жеке инвесторларды тарту бойынша кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Оның аясында аталған Астана, Алматы және Шымкент әуежайларынан бөлек, Қарағанды әуежайында инвестор ұшу-қону жолағын және қажетті арнайы техниканы жаңғыртуды жоспарлап отыр», — деді Марат Қарабаев.

Ал Ақтөбе, Түркістан және Қызылорда әуежайларын осы салада тәжірибесі бар жаһандық ірі инвесторларға сенімгерлік басқаруға беру бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Жалпы аталған жұмыстарға $2,4 млрд жеке инвестиция, соның ішінде шетелдік инвестициялар тартылып жатыр.

Алдағы уақытта елдің транзиттік әлеуетін бұдан әрі арттыру мақсатында жерүсті инфрақұрылымын дамыта отырып, мынадай 3 бағытта жұмыс атқарылатын болады:

  1. Авиаотынмен қамтамасыз ету.
  2. Арнайы техника және жабдықтарды жаңарту.
  3. Әуежайлардың іргелес аумағында ұшу қауіпсіздігін жоғарылату. 

«Қазіргі кезде авиаотынның тапшылығы жылына шамамен 300 мың тоннаны құрайды. Бұл көлемді импорттық авиаотынның түрлерін көбейту арқылы шешуді жоспарлап отырмыз, осы мақсатта Алматы әуежайының жанармай құю кешені жаңғыртудан өтуде және 2024 жылғы маусымнан бастап JET A-1 авиаотын түрін пайдалануға көшеді», — деді көлік министрі Марат Қарабаев.

Оның сөзінше, отандық зауыттардың өндірісін JET A-1 өндірісіне қайта бағдарлау авиаотын көлемінің айтарлықтай ұлғаюына алып келмейді. Оған қоса барлық әуежайдың инфрақұрылымын JET A-1 қабылдауға өткізу үшін қомақты қаражат қажет. Сондықтан әуежайлар өз мүмкіндіктерін ескере отырып, рет-ретімен қажеттіліктеріне қарай осы жанармай маркасын пайдалануға көшетін болады.

Бұдан басқа авиаотынның түпкілікті құнына әсер ететін делдалдық құрылымдарды болдырмау мақсатында импорттық авиаотынды шетелдік мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей сатып алу мәселесі пысықталуда. Көлік министрінің мәлімдеуінше, әуежайлардағы арнайы техника мен жабдықтардың тозу деңгейі 50%-ды құрайды, жақын арада 230 техниканы жаңарту қажет. Сонымен қатар барлық әуежайда мобильділігі төмен жолаушыларға қажетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін мүгедектер арбасын және амбулифт сатып алу маңызды мәселе болып тұр. Бұл жобаларды қаржыландыру жұмыстары жеке әуежайлар үшін өз қаражаты немесе жеңілдетілген несие беру есебінен атқарылатын болады.

«Ал мемлекеттік әуежайлар үшін Қаржы министрлігімен бірлесіп, бюджеттен қаражат бөлу мәселесін пысықтаудамыз. Әуежайларға жақын жерлердің заңсыз берілуі ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіруді жалғастыруда. Биыл әуежай аумақтарында жаңа объектілердің пайда болуына жол бермейтін заңнамалық өзгерістер қабылданды. Осыған байланысты әкімдіктер әуежай маңындағы аумақта заңсыз құрылысқа жол бермеуге ерекше назар аударып, бұрын берілген жер учаскелерін мемлекетке қайтару жөнінде шаралар қабылдауы қажет», — деді көлік министрі Марат Қарабаев.

Әрі қарай министр әуе арқылы тасымалдау желісі, оның ішінде ішкі және халықаралық тасымалдарды дамыту, әуе кемелерінің паркін толықтыру, шағын авиацияны дамыту және кадрмен қамтамасыз ету туралы сөз қозғады. Ішкі әуе тасымалдарын қазақстандық 5 тасымалдаушы жүзеге асырады. Аптасына 644 рейс орындалады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артық.

Ұшу қолжетімділігін қамтамасыз ету және ішкі туризмді дамыту мақсатында әуе бағыттарын субсидиялау механизмдері қолданылады. Биыл халықты қолжетімді әуе тасымалдарымен қамтамасыз ету үшін 9 облыста 23 әуе бағытын субсидиялауға республикалық бюджеттен 6,9 млрд теңге бөлінді. Келесі жылы бұл қаражат тағы да ұлғайып, 8,2 млрд теңгеге жетіп отыр. 

«Халықаралық әуе тасымалдары бойынша қазіргі уақытта 28 елмен 110 бағытта рейстер орындалады. Соңғы екі жылда Милан, Доха, Абу-Даби, Эль-Кувейт және басқа да қалаларға 32 халықаралық әуе бағыты ашылды. Алдағы 2024-2025 жылдары Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк қалаларына рейстер ашылатын болады», — деді Марат Қарабаев.

Сонымен қатар осы жылы Қазақстанға ұшуға 6 шетелдік әуве компаниясына рұқсат берілді. Оған қоса «ашық аспан» режиміне түзетулер енгізіліп, «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалануға барлық шектеу алынып тасталды. Нәтижесінде 2024 жылғы 14 наурыздан бастап азиялық ірі лоукостер «Air Asia» компаниясы Алматы – Куала-Лумпур бағытында рейстерді орындауға кіріседі және «ашық аспан» режимін қолдана отырып, Алматыдан әрі қарай Жидда қаласына рейстерді орындайтын болады. Бұның барлығы нарықта бәсекелестікті күшейтеді және билеттердің қолжетілімдігін арттырады.

«Ұшу тұрақтылығын және әуе тасымалдарының қолжетімділігін арттыру үшін отандық компаниялардың ұшақтар паркі толықтырылып жатыр. Биыл қазақстандық әуе компаниялары 10 әуе кемесін сатып алды. Нәтижесінде олардағы орындықтардың сыйымдылығы 26%-ға ұлғайып, 15,2 мың орынды құрады», — деді Марат Қарабаев.

Жалпы 2025 жылдың соңына дейін қазіргі қол қойылған шарттарға сәйкес әуе паркі 25 ұшақпен толықтырылып, барлығы 124 ұшақты құрайтын болады. Ондағы орындар саны 32%-ға артады. Борттар санының артуы әуе билеттері құнының және әуе рейстерінің кешігу деңгейінің төмендеуіне ықпал ететін болады.

Оған қоса жүк тасымалы сегментін дамыту мақсатында 3 жаңа жүк әуе тасымалдаушысы – құрылу сатысында. Шағын авиацияны дамыту үшін бюджет қаражаты есебінен Балқаш, Үшарал және Үржар әуежайларындағы ұшу-қону жолақтары жаңғыртылды және Үшаралда жаңа аэровокзал салынды. Сонымен қатар қуаты аз әуежайлар және аталған әуежайларға ұшатын рейстер мемлекет тарапынан субсидияланып жатыр. Алдағы 2-3 жылға арналған жоспарда Балқаш және Үржар әуежайларын жаңғыртуды жүзеге асыру, сондай-ақ Қарқаралы, Ұлытау, Зайсан және Катонқарағай әуежайларын салу мәселесі пысықталып жатыр.

Көлік министрінің айтуынша, кадрлар даярлау мәселесіне тоқталатын болсақ, қазіргі уақытта салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Жыл сайын қосымша кадрларға деген сұраныс 600 адамды құрайды. 

«Елімізде Орталық Азия бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Алайда академия түлектері халықаралық талаптарға сәйкес келмеу себебінен сұранысқа ие емес, осыған байланысты негізгі әуе кәсіпорындар кадрларды даярлауды өз бетінше жүзеге асыруға мәжбүр», — деді Марат Қарабаев.

Оның айтуынша, кадр тапшылығы мәселесін шешу және студенттердің сұраныс деңгейін арттыру мақсатында франциялық Ұлттық азаматтық авиация мектебін стратегиялық серіктес ретінде тарта отырып, EASA еуропалық стандарттарына сәйкес кадрларды даярлау пысықталып жатыр.

Көлік министрінің айтуынша, жалпы авиаотынмен қамтамасыз ету, мультимодальды хабтар құру, әуе тасымалдарының қолжетімділігін арттыру және әуе кемелері паркін толықтыру жөнінде уақытылы шаралар қабылданып, сала алдына қойылған барлық міндет жоспарлы түрде орындалатын болады.

«Нәтижесінде алдағы 6 жылда жолаушылар санын ең аз дегенде 2 есеге, қазіргі 13 млн-нан 26 млн-ға дейін және өңделген жүк көлемін 8 есеге, 145 мыңнан 1 млн тоннаға дейін арттыратын боламыз», — деп аяқтады баяндамасын көлік министрі Марат Қарабаев.

#Азаматтық авиация #Инфрақұрылымдық даму #Көлік #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу