Алтай Көлгінов Батыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесу өткізді

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов халықпен, атап айтқанда, жастармен және ауыл тұрғындарымен кездесуге ерекше назар аударды.

Бірінші кездесу Теректі ауданы Теректі ауылының тұрғындарымен өтті.

«Ауылдағы өмір сапасын жақсарту бойынша сұрақтар мен ұсыныстарыңызды тыңдағым келеді. Проблемалар бар, олар халықтың, әкімдіктің және Үкіметтің белсенді қатысуымен шешілуге тиіс», — деді Алтай Көлгінов.

Батыс Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындарын инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу, су жүргізу мәселелері толғандырады. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасау да – өзекті мәселе.

Бүгінгі таңда Президенттің тапсырмалары аясында елімізде ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау бойынша бірден бірнеше бағдарлама жұмыс істеуде. Мәселен, жеке аулаларды дамыту есебінен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ жастардың бастамаларына шағын несие беруге бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының әлеуеті зор.

Вице-премьердің жастармен кездесуі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өтті. Өз құрдастарына үлгі болып отырған жастар бизнес, спорт және қоғамдық жұмыстардағы жетістікке жету оқиғаларымен бөлісті.

Алтай Көлгінов жастарды бизнес-бастамаларды қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына белсенді түрде қатысуға, өз болашағына немқұрайлы қарамауға шақырды.

«Республикада жастарды қолдайтын мемлекеттік жобалар мен бағдарламалар жұмыс істейді. Қазіргі таңда жастар практикасы, “Алғашқы жұмыс орны”, “Дипломмен – ауылға” бағдарламалары жастарға тәжірибе жинақтауға, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға, бизнесті дамытуға шағын несие рәсімдеуге, ал тапшы мамандық иелеріне (дәрігерлер, мұғалімдер) көтерме қаражат алып, пәтерақысын субсидиялауға көмектеседі. Ол үшін мемлекет өз тарапынан барлық қажетті жағдайды жасап жатыр», — деді Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар вице-премьер кездесу кезінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл кәсіпкері Анастасия Ярославцеваға несие алуға сертификат табыстады.

#Алтай Көлгінов #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу