Арнайы әлеуметтік қызметтер одан да қолжетімді болмақ – Тамара Дүйсенова

2023 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтарды барлық әлеуметтік қолдау мәселесі бірыңғай құжат – Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен реттелетін болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Сондай-ақ тақырып бойынша әрі қарай «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский мен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы баяндама жасады.

«Өздеріңізге мәлім, 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс күшіне енеді. Бұл – ТМД аумағында алғаш рет қолданысқа енгізіліп отырған біртұтас әлеуметтік құжат», — деді Тамара Дүйсенова.

Вице-премьердің айтуынша, аталған кодекс адамның бүкіл өмір сүру кезеңін қамтиды. Атап айтқанда, онда туғаннан кәмелет жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жаста жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кезде берілетін әлеуметтік көмек және жасы ұлғайған шақтағы қолдау көзделген. Енді әлеуметтік қолдаудың барлығы осы бір құжат арқылы реттеледі.

«Бүгін сіздердің назарларыңызды кодексте қаралған негізгі әлеуметтік қолдау шараларына аударғым келеді. Өздеріңізге белгілі, оның біразы жыл басынан бері көрсетіле бастаса, қалған бөлігі 1 шілдеден басталмақ», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту масатында келесі шаралар қарастырылып отыр:

жыл басынан бастап бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Бүгінде мұндай көмекті 450 мыңнан астам отбасы алды. Жыл соңына дейін 800 мыңнан астам отбасы қамтылады деп болжанып отыр;

1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған атаулы әлеуметтік көмек ақшалай берілуде. Жыл басынан бері мұндай көмек 171 мыңнан астам балаға көрсетілді. Жыл соңына дейін 212 мың балаға берілмек;

1 шілдеден бастап «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткішке дейін артып, 90 мың анаға төлене бастайды. 

Кодексте мүгедектігі бар азаматтарға да көп көңіл бөлінген. Негізгі мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың жәрдемақыларын көбейту. Сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерді қолжетімді ету.

Ол үшін осы жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтындарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға көбейеді. Жыл басында жәрдемақы мөлшерінің 8,5%-ға өскенін ескерсек, төлемдердің мөлшері жалпы 23%-ға артады. Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтардың күтушілеріне еңбекақымен қоса зейнетақы жарналары төленіп, олардың толық зейнетақы алу құқығына ие болу мүмкіндігі қарастырылды.

Сонымен бірге осы санаттағы азаматтардың және қоғамдық ұйымдардың ұсынысы бойынша:

«Спина бифида» диагнозы қойылған 242 азаматты сапалы катетерлермен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді. Бұған қажетті 328 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінеді;

азаматтарға берілетін гигиеналық заттардың нормативі 2 есе артты. Ол үшін жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге қарастырылды;

менталды ауруы бар балаларды шипажайлық-курорттық емдеу Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, пилотты түрде жүргізілетін болады. Алдағы жартыжылдықта өңір басшылары осы санаттағы 1 126 баланы шипажайда емдеуді қарастырып, қажетті қаражат бөлінді;

инватакси мәселесін түпкілікті шешу үшін Яндекс таксимен келіссөз жүргізілді. Алматы мен Астана қалаларында осы платформаның қызметі мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді болмақ.

«Сонымен қатар кодексте арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативтерін 2025 жылдан бастап енгізу қарастырылған. Мұндай өзгеріс алғаш рет енгізілетінін ескеріп, пилотты түрде бастауды жөн көрдік. Шілде айынан бастап 7 өңірде сыйымдылығы 50 баладан аспайтын шағын үйлерде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жобасы пилоттық түрде жүргізілетін болады», — деді Премьер-Министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, соңғы кезде жиі көтеріліп жүрген түйткілдің бірі – сапалы оңалту құралдарына деген сұраныс. Бұл мәселені шешудің 2 жолы қарастырылуда:

балалардың оңалту құралдарына қол жеткізуіне мүмкіндік беретін «Техникалық оңалту құралдары инновациялық фабрикасы» жобасы биыл басталады. Бұл жоба Қазақстан халқына қорымен бірлесіп қолға алынады.

техникалық оңалту құралдары классификаторы толық қайта қаралды. Құралдар әрбір азаматтың жеке мүмкіншілігіне қарай берілетін болады.

Т. Дүйсенованың айтуынша, бұл жобалар тараптардың пікірін ескере отырып, жыл соңында тәжірибе жүзіне енгізіледі.

Зейнетақы мөлшерін арттыру және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жыл басында базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгертілді. Саралап көтеру механизмін қолдану нәтижесінде ең төменгі базалық зейнетақы көлемі 21%-ға дейін өсті. Бұл зейнетақысы аз зейнеткерлер үшін әлеуметтік қолдау болды. Ал болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары төленеді.

Бұдан бөлек кодексте салымшылардың өз активтерін басқару құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізілді. Салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50%-ынан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру және мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі.

Жыл басынан қолданысқа енгізілген Отбасының цифрлық картасы проактивті қызмет көрсету құралы ретінде толыққанды жұмыс істеуде. Есепті кезеңде 800 мыңнан астам азаматқа проактивті қолдау шараларын ұсынуға SMS жолданды. Оның ішінде 650 мың азаматқа төлемдер проактивті түрде, 95 мың азаматқа «Азаматтарға арналған үкімет» ұйымы арқылы тағайындалды.

«Ендігі кезекте, Отбасы картасы әрбір аймақ әкімінің әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу құралына айналуы керек. Қазір осы бағытта өңірлермен тығыз жұмысты бастадық. Кодекстің аталған нормаларын іске асыруға қажетті нормативтік құқықтық актілер толық даярланғанын және 1,5 млн-нан астам азаматтардың жәрдемақылары қайта есептелініп, 1 шілдеден бастап төленетінін жеткізгім келеді», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Тақырып бойынша әрі қарай «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский баяндама жасады.

Ол бұған дейін мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңдар негізінде көрсетілгенін атап өтті. Осы заңдарда мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету үшін жеке көмекшілер институтын енгізу, 1-топтағы мүгедектерге күтім жасау бойынша жәрдемақы тағайындау, сондай-ақ жәрдемақы мөлшерін арттыра отырып, мүгедектігі бар балаларды топтарға бөлу көзделген.

«Әлеуметтік кодексте көзделген жаңа тәсілдер Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның ұсынымдарымен бірге бізді қоғамға кіріктіру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп ойлаймын», — Василий Шиманский. 

Бүгінде мүгедектігі бар адамдарға Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін тікелей жеткізушілерден өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілді. Оларды Порталға жіберуді жергілікті атқарушы органдар жанындағы комиссия қамтамасыз етеді, ол сондай-ақ өнім жеткізушіні, егер ол оңалтудың сапалы құралдарын ұсынбаса, жосықсыз деп тануы және оны порталдан алып тастауы мүмкін.

Әлеуметтік кодекс аясында алғаш рет жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілуде. Бұл әсіресе ауылда тұратын мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Бүгін Министрлікпен бірлесіп, біз техникалық оңалту құралдарын ұсыну стандарттарын қайта қарау және барлық өңірде техникалық оңалту құралдары фабрикаларын ашу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл мүгедектігі бар адамдарды сапалы оңалту құралдарымен қамтамасыз етудегі үлкен қадам», — деді Василий Шиманский.

Әрі қарай Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы баяндама жасады. Оның айтуынша, Әлеуметтік кодекс аясында 1 шілдеден бастап еліміздің барлық өңірінде «Еңбек мобильділігі орталықтары» жұмысын бастайды.

«Біз мұны өте дұрыс шешім деп есептейміз. Өйткені өңірлік жұмыспен қамту саясатының тиімділігі жоғары болатынына сеніміміз мол», — деді Ермек Кенжеханұлы. 

Біріншіден, Түркістан облысында бүгінде аудандар мен қалаларда жұмыс істейтін 17 Жұмыспен қамту орталығы тек өз ауданы аясында ғана белсенді жұмыспен қамту шараларын жүргізіп келеді. 

«Алдағы уақытта өңірлік еңбек нарығын реттеу еңбек ресурстарының облыс ішіндегі мобильділігін ұйымдастыру мүмкіндігін кеңейтіп, облыстың барлық аумағында жүзеге асыруға қол жеткізіледі. Сондай-ақ жұмыспен қамту шараларының кеңейтілуі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге оң әсерін тигізеді деген ойдамыз», — деді Ермек Кенжеханұлы.

Екіншіден, Түркістан облысы жұмыс күші артық өңірлердің бірі болғанымен, жұмыс күші тапшы аудандар да бар. «Еңбек мобильділігі орталығының» құрылуы ауданаралық жұмыс күшінің ауысуына ықпал ететін болады.

«Дәл осындай шараларды тек облыс аясында ғана емес, облысаралық қатынаста да қолданатын боламыз», — деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары.

Бүгінге облыстық деңгейде солтүстік өңірлерге қоныс аудару жәрмеңкелері 8 рет өткізіліп, облыстардағы жұмыс күшінің үлесін, мамандықтар қажеттілігін анықтауға мүмкіндік берді.Қазірдің өзінде солтүстік өңірлерге қоңыс аударғандардың 30%-ға жуығы – Түркістан облысының тұрғындары. Әрі қарай да осы жұмыстарды құрылған «Еңбек мобильділігі орталығы» үйлестіретін болады.

Үшіншіден, еліміз бен бірқатар шет мемлекеттер арасында сыртқы көші-қон процестері реттелмегендіктен, шетелде заңсыз еңбекпен қамтылғандар өзекті мәселеге айналған. 

«Түркістан облысы жұмыс күші артық аймақ болуына байланысты көптеген тұрғын шетелде заңсыз еңбек жасауда. Осы ретте шетелдегі қазақстандық еңбек мигранттарының қызметін заңдастыру, жаңадан жұмысқа қабылданатын еңбек мигранттарын алдын ала оқыту, құқықтарына кепілдік беру мәселелері жаңадан ашылған «Еңбек мобильділігі орталығының» басымдық міндеттерінің бірі болып, сыртқы көші қон процестерін реттеуге мүмкіндік алады», — деді Ермек Кенжеханұлы.

Қазіргі уақытта Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» құрылып, Әділет департаментінде тіркелді. Бүгінде ұйымдастыру жұмыстары заң аясында жүргізіліп, облыстық Еңбек мобильділігі орталығының құрылымдық штаты бекітілді, директоры тағайындалды.

«Осы жылдың 1 шілдесінен бастап жұмысты бастауға толығымен дайынбыз. Аталған шаралар облысымыздың еңбек нарығының оң қалыптасуына септігін тигізетініне сенімдіміз», — деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.

#ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі #Үкімет отырысы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу