Асқар Мамин Қарағанды облысының жаңа әкімін таныстырды

Үкімет басшысы Асқар Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір әкімі қызметіне ұсынған Жеңіс Қасымбектің кандидатурасын қолдаған Қарағанды облысы мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты. 

Премьер-Министр жаңа әкімді Қарағанды облысының активіне таныстыра отырып, оның үлкен тәжірибесі мен жоғары біліктілігін атап өтті.

«Жаңа әкімнің алдына өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша салмақты міндеттер қойылды. Елбасы Н. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Қарағанды облысының дамуына ерекше көңіл бөледі. Ж. Қасымбектің осы жоғары сенімді ақтайтынына сенімдімін», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр осыған дейін болған әкім Ерлан Қошановқа атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек 1975 жылы 7 мамырда Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын  «сәулетші-дизайнер» мамандығы бойынша және Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша аяқтаған. 

Еңбек жолын 1997 жылы ҚазБСҚА-да тағылымгер-зерттеуші ретінде бастаған. Түрлі жылдары «Темірбанк» ААҚ бас маманы, ҚР Монополияға қарсы саясат комитетінің бөлім басшысы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Су көлігі департаментінің директоры, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» РМК директоры, ҚР көлік және коммуникациялар вице-министрі, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы лауазымдарын атқарған. 2014 жылғы наурызда ҚР көлік және коммуникациялар министрі болып, кейін ҚР инвестициялар және даму министрі болып, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы болып тағайындалған. 2019 жылғы 25 ақпаннан бастап қазіргі таңға дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметін атқарды. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу