31 Мамыр 2021, 17:36
«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Nur Otan партиясының жол картасын іске асыру жөніндегі штаб отырысы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә. Смайыловтың төрағалығымен Үкіметте өтті.
Жиында 5 жыл ішінде жалпы сомасы $1,2 млрд асатын 59 жаңартылатын энергия көздері жобаларын пайдалануға беру жоспарланып отырғаны, жобалар инвесторлардың жеке және қарыз қаражаттары есебінен қаржыландырылатыны айтылды.
Энергетика министрлігі тізімге жалпы қуаттылығы 178,67 МВт болатын 13 ГЭС жобасы, сондай-ақ жалпы қуаттылығы 960 МВт болатын 34 жел электр станциясы жобасы және жалпы қуаттылығы 276,9 МВт болатын 12 СЭС жобасы кіретіндігін атап өтті.
Осылайша, 2025 жылға қарай жаңартылатын энергия нысандарының жалпы қуаты шамамен 3000 МВт құрайды деп күтілуде, яғни жалпы электр энергиясын өндіруде жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6% құрайды («Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес).
Бүгінгі күні жалпы құны $80 млн болатын қуаты 85 МВт құрайтын жалпы жаңартылатын энергия көздерінің 4 нысаны пайдалануға берілді, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә. Смайылов Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Маңғыстау, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда және Түркістан облыстарының әкімдіктеріне жаңартылатын энергия көздерін іске асыруға бақылауды күшейтуді тапсырды және тоқсан сайын Энергетика министрлігіне іске асырылып жатқан жобалардың ағымдағы жағдайы туралы ақпарат беріп отыруды міндеттеді.
Отырыс барысында ауылдарды газдандыру мәселесі де сөз болды. Атап айтсақ, 246 ауыл үйге көгілдір отынның келуін күтуде.
Мәселен, ауыл тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетте 71,8 млрд теңге қарастырылған. Нәтижесінде 70 АЕМ үшін газға қол жетімділікті қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұл ретте 98 АЕМ-ді газдандыру мақсатында 69,8 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу қажеттілігі туындайды.
Осыған байланысты, Ә. Смайылов ҚР Қаржы министрлігіне 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттің шекті мөлшерін қалыптастыру шеңберінде қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ облыстар мен қалалардың әкімдіктері бөлінген бюджеттік қаражаттың уақытылы игерілуін, оған қоса ҚР заңнамасының нормаларына сәйкес мердігерлердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапалы орындауын қамтамасыз етуі қажет.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу