14 Мамыр 2018, 10:55
Kazakh Invest қолдауымен Катар кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Шейх Фейсал бен Касим Әл Тани бастаған Катардың бизнес-делегациясы Алматы мен Астана қалаларына келіп, Қазақстандағы инвестициялық жобалармен танысты. Бұл осы жылдың сәуір айында Дохада Kazakh Invest өкілдерімен кездесуден кейін Катар бизнес-делегациясының жауапты сапары болды.
Астанада және Алматыда ірі қазақстандық компаниялармен және холдингтермен бизнес кездесулер ұйымдастырылды. Kazakh Invest Катар делегациясын нақты инвестициялық жобалармен таныстырды.
Алматыда Қатардың ірі құрылыс компаниясы Gettco Construction Division алматылық компаниялар ұсынған коммерциялық жылжымайтын мүлік және қонақ үй бизнесі саласындағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты. Eurasia холдингі металлургия, девелопмент және ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларын таныстырды. Катарлық Al Sawari-ге Алматы маңындағы ірі тақырыптық паркті салу жобасы ұсынылды.

Астанада катарлық бизнесмендердің Kazakh Invest басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевпен кездесуі өтті. Кездесуде қазақстандық кәсіпкерлер АӨК, туризм, мұнай химиясы және металлургия салаларындағы жобалар туралы айтып берді.
Сондай-ақ, Катар инвесторларына тәулігіне өткізу қабілетін 5 мың адамға дейін арттыру мақсатында «Табаған» спорт-ойын-сауық кешенін реконструкциялау және жаңғырту жобасы таныстырылды.
Бұдан өзге, бизнес делегация Оңтүстік Қазақстан облысында 5-санатты мотор майы мен мұнай химиясы өнімдерін шығару үшін 2 млн тоннаға дейін көмірсутегі шикізатын қайта өңдеу бойынша мұнай өңдеу зауытын салу жобасымен танысты. Катар бизнесмендері жылына 100 мың тоннаға дейін күркетауық етін терең өңдеу жобасына қызығушылық танытты. Сонымен бірге, BI Group және KTZ-Express компанияларымен ынтымақтастық келешегі талқыланды.
Катардың бизнес-делегациясының сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар алдағы айларда белсенді түрде пысықталатын болады. Жақын арада қазақстандық делегацияның Катарға бизнес сапары ұйымдастырылады. Бұдан өзге, катарлық бизнесмендер өңірлердің инвестициялық мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі зерделеу мақсатында Қазақстанның бірқатар облыстарын аралауды жоспарлап отыр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу