Қазақстанда 12 перинаталдық орталық салынып, 32 көпбейінді аурухана жаңғыртылады

  
Еліміздің ірі қалалары мен өңірлерінде халық санының өсуіне орай, перинаталдық орталықтар мен ауруханаларда орын тапшылығы байқалады. Осы орайда Үкіметте медициналық мекемелердің жетіспеушілігін толтыру мәселесі талқыланды.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде 2024-2026 жылдары перинаталдық 12 орталық салу жоспарланған. Медициналық жаңа мекемелер Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай, Атырау, Жезқазған, Қызылорда, Тараз, Орал, Қаскелең қалалары мен Түркістан облысының Темірлан ауылында ашылады.

Айта кету керек, оларды жоспарлау және жобалау үшін Health planning халықаралық технологиясы қолданылды. Бұл кезеңде жер учаскелерін бағалау жүргізілді, медициналық-технологиялық тапсырма мен жобаның негіздемесі аяқталды. Өңірлерде заманауи перинаталдық орталықтарды салу балалы болуды жоспарлауға, жүктілікке және босануға, сондай-ақ босанғаннан кейінгі көмек көрсетуге байланысты медициналық қызмет түрлерін сапалы жаңа деңгейге көтереді.

Сонымен қатар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары жұмыс істеп тұрған 32 көпбейінді аудандық аурухананы жаңғырту жоспарлануда. Олар жоғары мамандандырылған КТ, МРТ, ангиографтар, ультрадыбыстық аппараттар, зертханалық, реанимациялық, рентгендік-диагностикалық, физиотерапиялық, хирургиялық және эндоскопиялық бейнеақпараттық жабдықтар және т.б. жабдықтармен қамтамасыз етілген. Барлығы 965 дана медициналық техника сатып алу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ 2025 жылға дейін Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе және Семей қалаларында 6 университеттік клиника салынады, сонымен қатар инвесторлардың бастамасымен Петропавл, Түркістан және Көкшетау  қалаларында басталған жобалар аяқталады.

«Азаматтардың денсаулығы қашанда басты басымдыққа ие, ал медициналық қызметтердің сапасын арттыру Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Бұл тұрғыда елімізде ана мен баланың денсаулығына мұқият назар аударылып отыр. Республикада жаңа заманауи денсаулық сақтау объектілерінің ашылуы миллиондаған азаматтарға жоғары сапалы медициналық қызмет түрін алуға көмектеседі», — деп атап өтті А. Көлгінов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу