Қазақстанда «5 минут ішінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер» үлесі 90%-ға жеткізілмек

Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Цифрлық трансформация, IT-саланы дамыту және киберқауіпсіздік тұжырымдамасының 2023-2029 жылдарға арналған жобасы қаралды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Тұжырымдаманы іске асыру 5 минут ішінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін 90%-ға дейін ұлғайтуға, мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін толық цифрландыруға, 250 мыңнан астам біліктілігі жоғары IT-кадрларды даярлауға, IT-өнімдер мен қызметтер экспортының көлемін $1,5 млрд-қа дейін ұлғайтуға, сондай-ақ Astana Hub технопаркі аясында шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік беретінін баяндады.

«Жалпы жастар арасында IT-сала экономика, қаржы және құқықтанудан гөрі көбірек таңдалады. Жастардың көбі IT-инжинирингке және осы саланың басқа да бағыттарына барғысы келеді. Министрлік бұл үрдісті белсенді түрде қолдауы керек», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар кеңесте Тұжырымдама аясында республикада өңірлік цифрлық хабты қалыптастыру, байланыс саласын одан әрі демонополизациялау, киберқауіпсіздікті кешенді нығайту және денсаулық сақтау, білім беру, азаматтық қауіпсіздік салаларында жасанды интеллектіні дамыту үшін негіз құру жөніндегі шаралар іске асырылатыны атап өтілді.

Сонымен қатар азаматтар мен бизнесті жылдамдығы жоғары интернетпен (кемінде 100 Мбит/с), ал республикалық және негізгі облыстық жолдарды мобильді кең жолақты желілермен қамту бойынша жұмысты аяқтау жоспарланып отыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу