Қазақстанда соңғы 20 жылда онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халыққа онкологиялық көмек көрсету мәселелері қаралды. Жиында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният және Астана қаласының бас онкологы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Мұхтар Төлеутаев сөз сөйледі.

Денсаулық сақтау министрі хабарлағандай, онкологиялық аурулар Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем елдерінде өзекті болып отыр. Соңғы 20 жылдың ішінде елде онкологиялық аурулармен аурушаңдық 25%-ға артып, одан болатын өлім-жітім 33%-ға төмендеді. Осындай үрдіс Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде де байқалады. Алайда, ЭЫДҰ елдерінде обыр ауруы кезіндегі 5 жылдық өмір сүру ұзақтығының деңгейі Қазақстанмен салыстырғанда жоғары.

«Елімізде онкологиялық аурулар барлық аурулардың құрылымында 7-орында, өлім-жітім бойынша қанайналым жүйесі ауруларынан кейін 2-орында тұр. Қазіргі таңда Қазақстанда онкологиялық аурулар бойынша 205 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда. Жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталады. Әйелдердің арасында аурушаңдық ерлермен салыстырғанда аздап жоғары 57%-ды құрайды. Бұл аурушаңдық құрылымында бірінші орында сүт безі обырының тұруымен түсіндіріледі. Еңбекке қабілетті адамдардың сырқаттануы 56%-ды құрап отыр», — деді А. Ғиният.

Министр аурушаңдықтың құрылымы бойынша бірінші орында сүт безі обыры (13,2%), екінші орында өкпе обыры (10%), үшінші орында колоректалдық обыр, яғни ішек қатерлі ісігі (9,3%) барын мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, жыл сайын елде обырдан 13 мыңнан астам адам қайтыс болады. Өлім құрылымында бірінші орында өкпе обыры (16,3%), екінші орында асқазан обыры (12%), үшінші орында тоқ ішек обыры (10,6%) тұр.

2022 жылдың қорытындысы бойынша қолайсыз өңірлерге Қостанай, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары жатқызылды. Қостанай облысында өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,2 есе жоғары, ерте диагностикалау 5%-ға төмен. Ақмола облысында өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,5 есе жоғары, ерте диагностикалау 6%-ға төмен, ал асқынып кеткен обырдың ең жоғары көрсеткіші 27%-ды құрап отыр.

 2022 жылы Министрлік онкологиялық көмек көрсетуді жақсарту бойынша кешенді жұмыс атқарды:

  • тарифтерді қайта қарау және клиникалық-шығынды топ бойынша емделген жағдай үшін төлемді енгізу арқылы қаржыландыру ұлғайтылды;
  • қазақстандық ұлттық формулярдағы дәрілік препараттардың тізімі 4 қымбат тұратын дәрі-дәрмекпен кеңейтілді;
  • обырды диагностикалау мен емдеудің 8 клиникалық хаттамасы қайта қаралып, жаңартылды.

Былтыр Қазақстанда алғаш рет Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында онкологиялық ортопедияда бірегей реконструктивтік-пластикалық араласулар яғни, 3-D протездеу жүргізу басталды. Өскемен және Шымкент қалаларында 2 жаңа қымбат тұратын сәулемен емдеу аппараты қойылып, жұмыс істейді. Сондай-ақ Шымкент қаласында жаңа ПЭТ-орталық жұмысын бастады. Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының құрылысы аяқталуда. Семей қаласында Ядролық медицина және онкология орталығы жұмыс істейді. Бүкіл республика бойынша науқастарды емдейді. Ядролық медицина стандарты алғаш рет әзірленіп, бекітілді. Астана қаласында Ұлттық ғылыми онкология орталығының құрылысы аяқталуда, онда онкологиялық ауруларды емдеудің ең заманауи технологиялары – протондық терапия, геномдық бейіндеу, карти-терапиялар көрсетілетін болады.

«Онкологияға күдікті пациенттерді тез диагностикадан өткізу үшін емханаларда «Жасыл жол» тәсілі енгізілді. Әрбір өңірлік онкология орталығында ситуациялық орталықтар құрылып, олар емхананың скрининг кабинетінен бастап барлық пациенттерді тексеру мерзімдерін және онкология орталығында диагноз қою жолдарын тұрақты негізде қадағалап отыр. Былтыр онкологиялық қызметтің 250-ден астам маманы, оның ішінде 95 маман шетелде Израиль, Германия, Нидерланд елдерінде оқытылды», — деді денсаулық сақтау министрі.

Сонымен қатар онкологиялық науқастарға медициналық көмек көрсету бойынша бірқатар негізгі проблемалар бар. 

Біріншіден, халықтың саламатты өмір салтын ұстануының төмендігі. Темекі шегу, дұрыс тамақтанбау сияқты қауіп факторлары обырдың белгілі бір түрлерінің дамуына әсер етеді. Халықтың бір бөлігі тұрғылықты жері бойынша емханаларда онкоскринингтен өтуге бармайды, бұл скринингтер обырды ерте диагностикалау және ісік алды ауруларын анықтау үшін өте маңызды. Онкологиялық аурулардың дамуында экологияның әсері де көп, осыған байланысты қоршаған ортаны қорғау және еңбек жағдайларының қауіпсіздігі жөніндегі шараларды күшейту талап етіледі.

Екіншіден, диагностика мен емдеуге арналған медициналық жабдыққа қолжетімділіктің болмауына және кадр мәселесіне байланысты барлық өңірлерде онкологиялық көмек бірдей және жүйелі түрде дамымай отыр.

«Қолданыстағы сәулелік терапия аппараттарының паркі 50% ескірген. Мәселен, Атырау облысында 1968 жылы шыққан аппарат қолданылады. Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ұлытау, Жетісу, Қызылорда облыстарында аппараттар жоқ. Өңірлерді диагностикалық және зертханалық жабдықтармен қамтамасыз ету төмен. Ақмола, Қостанай, Қызылорда облыстарының және Астана қаласының онкология орталықтарында КТ және МРТ аппараттары жоқ. Тиісті жабдықтың (лапароскопиялық, интервенциялық) болмауына байланысты хирургиялық емдеу мүмкіндіктері шектеулі», — деп мәлімдеді А. Ғиният

Министрдің хабарлауынша, онкология орталықтары ғимараттарының жартысы радиологиялық және операциялық-реанимациялық жабдықтарды орнату үшін заманауи талаптарға сәйкес келмейді. Онкологиялық көмек көрсетудің барлық деңгейлерінде кадрлар тапшылығы да бар. Диагностика мен емдеудің жаңа технологияларын енгізу бойынша мамандарды, оның ішінде физиктер, химиктер мен медицина саласындағы инженерлер жетіспейді.

Үшінші, жеке ғылыми база жеткіліксіз, заманауи технологиялар саласында жеке ғылыми әзірлемелер аз. Медициналық көмек көрсету сервисінің деңгейі төмен. Медицина қызметкерлерінің пациенттер мен олардың туыстарына жанашырлық, аяушылық сезімі жетіспейді.

Министрдің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда медицина қызметкерлері дәрі-дәрмектерді бұрынғыдай қолмен араластырады. Ал, шетелдерде 90-шы жылдардан бастап дәрілік заттарды орталықтандырылған араластыруға арналған қызмет бар. Бұл біріншіден, медицина қызметкерін химиялық заттармен тікелей байланыста болудан қорғауға, екіншіден, дәрі-дәрмектерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Өкінішке орай, біздің елімізде Астана қаласының онкология орталығында мұндай бір ғана автоматтандырылған кабинет бар.

Жекелеген өңірлерде емдеу жүргізу үшін жағдайлар әртүрлі. Қызылорда облысында онкология орталығы тозығы жеткен ғимаратта орналасқан, палаталар көп орынға арналған. Павлодар және Маңғыстау онкология орталықтарындағы заманауи креслолары, функционалдық төсек-орындары бар жеке палаталарды мысал ретінде алуға болады. Айтылған проблемалық мәселелерді шешу үшін озық халықаралық практикаларға сәйкес халыққа онкологиялық көмекті жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасындағы тапсырмасы бойынша Онкологиялық аурулармен күресудің 2023-2025 жылға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді, оған бес бағыт кіреді:

1) қауіп факторларының профилактикасы және басқару;

2) жоғары тиімді ерте диагностикалау;

3) мамандандырылған емдеуді дамыту;

4) паллиативтік көмек және оңалту;

5) кадрлық әлеуетті және ғылымды дамыту.

Бірінші Қауіпті факторларының профилактикасы және басқару бағыты бойынша онкологиялық скринингтік бағдарламаларды кеңейту жүргізіледі. Өлім-жітімнің негізгі себебі болып табылатын өкпе обырын анықтау үшін төмен дозалы компьютерлік томографияны енгізу жоспарланды. Әйелдердің арасында кең таралған жатыр мойны обырының профилактикасы үшін 2024 жылдан бастап адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Вакцинациялауды енгізгенге дейін халықтың нысаналы топтарының арасында түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіледі.

Халықпен жұмыс және онкологиялық сақтық бойынша медицина қызметкерлерін оқыту, халықтың саламатты өмір салтын ұстануын арттыру бойынша іс-шаралар кешенін жүргізу жалғастырылады. Жоғары тиімді ерте диагностика бағыты бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары мен онкология орталықтарын жабдықтау үшін диагностикалық жабдықтарды жаңарту көзделген.

Молекулалық-генетикалық тесттер мен иммуногистохимиялық зерттеулерді арттыру арқылы обырдың әртүрлі түрлерін диагностикалау мүмкіндіктері ұлғайтылатын болады. Мамандандырылған емдеуді дамыту бағыты бойынша еліміздің барлық өңірлерінде сәулелік терапия жүргізу үшін желілік үдеткіштер, ал бірқатар ірі облыс орталықтарында аппараттар орнатылады. Сәулелік емдеуді кеңейту және жетілдіру көзделген. Лапароскопиялық хирургияны дамыту, 3-D моделдеу және басып шығару арқылы реконструктивтік-пластикалық операциялардың спектрін кеңейту үшін тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету көзделген.

«Ісікке қарсы жаңа дәрілік заттарға қолжетімділікті арттыру мақсатында таргеттік және иммундық-онкологиялық препараттар желісін кеңейту көзделіп отыр. (10 таргеттік, 2 иммундық-онкологиялық препаратқа қолжетімділік жоқ), гендік инженерияны, радиофармацевтикалық препараттарды пайдалана отырып терапияны енгізу бойынша жұмыс жүргізілетін болады», — деді А.Ғиният.

5 өңірде Алматы қ., Атырау, Алматы, Ұлытау, Жетісу облыстарында жаңа онкология орталықтарын салу және Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласында радиологиялық корпус пен операциялық-реанимациялық корпустарды реконструкциялау жоспарлануда. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда жаңа онкология орталықтары пайдалануға берілген. Маңғыстау, Павлодар және Жамбыл облыстарын қоспағанда, барлық өңірлерде онкология орталықтарына күрделі жөндеу жүргізу көзделген.

Паллиативтік көмек және оңалту бағыты бойынша онкологиялық пациенттерге арналған мобильдік бригадалар желісін, инвазивті емес және морфині бар дәрілік заттар спектрін, оңалту көмегін кеңейту, денсаулық сақтау мамандарын пациенттерді біртіндеп ауырсыздандыру әдістемесіне оқыту жөніндегі іс-шаралар қарастырылған.

Ғылым мен кадрлық әлеуетті дамыту бағытында онкология бойынша резидентурада (жыл сайын кемінде 50), сәулелік терапияда (кемінде 10-12) орындар саны ұлғайтылатын болады. Медициналық емес мамандардың (физиктер, дозиметристер, химиктер) даярланатын, біліктілігі арттырылатын, оның ішінде әлемнің жетекші онкология орталықтарында оқытылатын болады. 

«Кешенді жоспарды іске асыру үшін медициналық жабдықтарды, дәрілік препараттарды сатып алуға, мамандарды оқытуға, заманауи онкология орталықтарын салуға, реконструкциялауға және күрделі жөндеу жүргізуге шамамен 474 млрд теңге қажет болады. Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан және инвесторлардың қаражаты тартылатын болады, сондай-ақ мемлекеттік жекешелік әріптестік механизмдері қолданылады», — деп хабарлады А. Ғиният.

Кешенді жоспардың шараларын іске асыру 2026 жылға қарай келесі көрсеткіштерге, яғни ерте диагностиканың 35%-ға дейін өсуін, обырдың асқынған жағдайларының 10%-ға дейін төмендеуіне, сәулелік емдеумен қамтудың 50%-дан жоғары өсуіне, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің 100 мың тұрғынға шаққанда 65%-ға дейін төмендетуге, таргеттік және иммунонкологиялық препараттардың есебінен персоналдық терапияға қолжетімділіктің артуы және онкологиялық науқастардың 5 жылдан астам өмір сүру ұзақтығының 57%-ға дейін ұлғаюына қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«2022 жылғы 18 қазанда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау саммитінде «Онкологиялық аурулардың басым бөлігінің алдын алуға болады. Обыр үкім емес – тоқтамай күресу қажет» деген пікір айтылды. Қазақстанда обырды ерте диагностикалау мен емдеу әдістерін жетілдіру үшін біз барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет», — деп мәлімдеді А. Ғиният.

Өз кезегінде Астана қаласының бас онкологы, "Қазақстанның Еңбек ері" Мұхтар Төлеутаев елорданың онкологиялық қызметі 44 қалалық емханада көпсалалы медициналық орталықтың, консультативтік емхананың және онкологтардың құрамында көмек көрсететінін атап өтті. Орталықтың тәулік бойғы 10 бөлімшесінде бір жыл ішінде 12 мыңнан астам науқас медициналық көмек алады.

«Хирургиялық, химиотерапиялық және сәулелік емдеу әдістері орталықтың жұмысында заманауи деңгейде толық игерілген. Бас және мойын ісіктерін емдеу бойынша микрохирургиялық операциялар, адамның өз тіндерінен Тіл және жақ сүйектеріне жасалатын операциялар елімізде бірінші болып табылады және 2012 жылдан бастап біздің орталықта ғана халықаралық деңгейде жүргізіледі», — деді М. Төлеутаев.

Оның айтуынша, орталықтың негізгі ғимараты 2009 жылы қажетті жабдықтармен жабдықталған, содан кейін онкологияны дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасы аясында емдік, диагностикалық жабдықтармен жаңартылған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген Онкологиялық саланың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары онкологтар мен онкологиялық орталықтардың қажетті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Жоспар жобасы республиканың барлық онкологиялық орталықтары мен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының қатысуымен әр аумақтың ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді», — деді ол.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу