28 Наурыз 2017, 07:06
Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту және шикізаттық емес экспортты дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Премьер-Министр қазіргі сәтте Үкіметтің инвестицияларды тарту жүйесін өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын және биылғы жылдың маусым айының соңына дейін Инвестицияларды тарту бойынша ұлттық стратегия әзірленетінін, сонымен қатар бірыңғай ақпараттық-мониторингтік жүйе енгізілетінін атап өтті. Бұл шаралар инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Сонымен қоса, Б. Сағынтаев жұмыс көрсеткіштерінің бірі инвесторларға ұсынуға болатын пысықталған жаңа жобалар болуы тиіс екеніне назар аударды. Осыған орай индустрияландыру басымдықтарына сай келетін жобаларды сапалық тұрғыдан іріктеуге ерекше көңіл бөлу қажет.
Сонымен қатар Премьер-Министр Мемлекет басшысы Үкімет алдына шикізаттық емес экспорт көлемін 2025 жылға қарай 2 есеге дейін арттыру туралы міндет қойғанын айтты. Қойылған міндетті жүзеге асыру экспорттық қолдау жүйесін «қайта жүктеу» бойынша жүргізілетін жұмыстарды ескерумен және жалпы экономиканың басым салаларында бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді дамытумен жүзеге асырылуы тиіс.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Маминге аталған мәселелерді бақылауда ұстау тапсырмасы берілді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу