16 Мамыр 2017, 05:43
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны қадағалап, іске асыру туралы Үкімет отырысы барысында кедергісіз ортаны дамыту міндеттерін атап көрсетті.
Отырыста әлеуметтік және көлік инфрақұрылымдарын мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімдеу шаралары, сонымен қатар білім беру нысандарында, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру деңгейінде ерекше мұқтаждықтары бар балаларға қолайлы орта құру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, жұмыс орындарын ашу, мүгедек кәсіпкерлерге қолдау көрсету мәселелері қозғалды.
Ерекше мұқтаждықтары бар адамдарды бейімдеу шаралары мен өз жұмыстарының нәтижесі туралы «Лайықты өмір» мүгедектерді оңалту орталығының төрағасы А. Ивкин мен ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы» ҚҰ төрайымы Л. Қалтаева айтып берді.
Үкімет отырысында танымал ғалым Стивен Хокингтің ізін қуушы, тараздық мектеп оқушысы Исаак Мустопулоның бейне хабарламасы көрсетілді. Балалардың сал ауруы диагнозы қойылған тараздық оқушы оған сенімнің, табандылық пен құлшыныстың, сондай-ақ, дәрігерлер мен педагогтердің инклюзивті білім алуға көмектесетінін айтып берді.
«Қазір мен барлығымен қатар білім алып жүрмін, мен үшін сыныптастарымнан артта қалмаған өте маңызды», - деді 15 жасар жасөспірім.
Оның айтуынша, құрдастарынан артта қалып қоймауға деген құлшыныс оған көп оқуға, өздігінен білім алуға түрткі болады.
«Мына хабарлама көптеген қазақстандықтарға жақсы мысал бола алады, себебі, егер адамның ішкі жігері болса, кез-келген кедергіні жеңе алады», - деді Бақытжан Сағынтаев.
ҚР Премьер-Министрі ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне, сондай-ақ өңірлердің әкімдеріне құрылыс нысандары сараптамаларының нәтижелерін бекітіп, жобалау кезінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктерін ескеруді тапсырды. Аталған жұмысқа сәулет-құрылыс бақылауын, жобалық институттарды, сәулетшілер мен құрылыс компанияларын тарту керек.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмыспен қамту шараларын кеңейту ұсыныстарын әзірлеу тапсырылды.
ҚР Қаржы министрлігі мүгедек жандарға көмек көрсету жұмыстары тоқтап қалмауы үшін, әлеуметтік қызмет көрсету келісімшарттарының қолданылу мерзімін ұзарту бойынша ұсыныстар енгізуі керек.
Жалпы, Үкімет қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің ұсыныстарын мұқият қарап, Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияның орындалуын ұдайы бақылауда ұстайды.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу