Бақытжан Сағынтаев Атырау облысында Президент тапсырмаларының орындалу барысымен танысады

Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу үшін Атырау облысына келді.

Жұмыс сапары барысында бірқатар өнеркәсіптік нысандарды аралау жоспарланған. Бұл —«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан полиэтилен жабындар шығаратын зауыт пен газ турбиналы электр стансасы; «Ақтөбе — Атырау — Астрахан» автожолының бір бөлігі болуы тиісті Жайық өзеніндегі көпір; «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ-дағы зияткерлік кен орны.

Бақытжан Сағынтаев «Сарайшық АК» ЖШС мал шаруашылығы кешеніне барады, онда АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысымен және ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігін дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысады.

Атырау облысының студент жастарымен кездесуде Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мәселелері, атап айтқанда, білім алудың қолжетімділігін арттыру және студенттердің жатақханадағы жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланады.

Облыстың денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерімен кездесу өткізу жоспарланған. Мұнда саланы қайта реттеу, МЖӘ тетігі арқылы жекеменшік медициналық қызметтер секторын дамыту жөніндегі шаралар қаралатын болады.

Облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту, 2018 жылға арналған өңір экономикасының дамуына арналған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу, шағын несие беруді көбейту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері облыстың жұмыс активімен және бизнес өкілдерімен кездесуде талқыланады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл биылғы жылға ел өңірлері бойынша үшінші жұмыс сапары. Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына жұмыс сапарымен барып қайтты.

 

Анықтама: Атырау облысы — Қазақстанның мұнай өндіретін негізгі өңірлерінің бірі, сонымен қатар өңірде экономиканы әртараптандыру бойынша шаралар қабылдануда. Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі 1125,7 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі — 2017 жылғы қаңтармен салыстырғанда —114,1%.

Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында (2010–2014 жж.) өңірде 2,1 мың жаңа жұмыс орындарын ашумен 28 жаңа жоба пайда болды.

Екінші бесжылдықта (2015–2019 жж.) тағы 26 жобаны іске асыру жоспарланған, сондай-ақ облыста 3,5 мың жаңа бос жұмыс орны пайда болады. 2018 жылы жалпы құны 19,5 млрд теңгеге 254 жұмыс орнын ашумен 4 ірі жобаны, соның ішінде фармацевтикалық зауыт пен құс фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 542,6 млрд теңгені немесе 2017 жылғы қаңтар-ақпанмен салыстырғанда 210%-ті құрады.

 

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу