Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін оңтайландырып, бизнес шығындарын төмендетуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын іске асыру мәселелері жөніндегі Үкімет отырысы барысында мемлекеттік органдарға бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау және мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыру жолында жұмыс істеуді тапсырды.

Еске сала кетейік, жақында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан халқына жақын болашақтағы елімізді дамытудың негізгі басымдықтары көрсетілген жыл сайынғы Жолдауын жолдаған болатын.

ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысы өз жолдауында басымдықтардың бірі ретінде бизнес-ортаны түбегейлі жақсартып, кеңейту мәселесін белгілегенін айтты. Осы орайда, маңызды стратегиялық мақсаттардың бірі 2050 жылға қарата шағын және орта бизнестің еліміздің ЖІӨ-не салымын кем дегенде 50% көлемінде қамтамасыз ету болып табылады.

«Оған қол жеткізу үшін біз Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын қабылдадық. Оны іске асырудың барлық тетіктері анықталып, қаржылай қамсыздандырылған. Аталған бағдарламаның тиімділігі көбінесе әкімдердің жұмысының нәтижелігіне байланысты. Мемлекет басшысы дәл осы жаңадан құрылған жұмыс орындарының саны Үкімет пен әкімдердің қызметін бағалаудың басты өлшемдерінің бірі болатын айтты», - деді Б. Сағынтаев.

Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүмкіндіктер мен жаңа жұмыс орындарын құру туралы алға қойылған міндеттер негізінде әр өңір бойынша цифрлық индикаторларды әзірлеуге тапсырма берілді. 

Сондай-ақ, Премьер-Министр бизнестің түрлі шығындарын төмендету шараларын жүргізіп, мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін барынша оңтайландыруды тапсырды.

«Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеудің жүйелік шараларын әзірлеуді тапсырамын», - деді Б. Сағынтаев.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу