Бақытжан Сағынтаев жаңартылған Министрлер кабинетінің құрамымен алғашқы Үкімет отырысын өткізді

Отырыстың негізгі тақырыбы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 9 қыркүйектегі ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысының қорытындыларына қатысты берген тапсырмаларына  арналды.

ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Министрлер кабинеті қызметінің жақын арадағы негізгі бағыттарын атап көрсетті. Олардың ішінде – кәсіпкерлікті ынталандыру мен жұмыспен қамту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ИИДМБ-ні әрі қарай іске асыру, көлік инфрақұрылымын дамыту, макроэкономикалық тұрақтылықпен қамтамасыз ету және «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын әзірлеу.

Еске сала кетейік, бүгін ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Үкіметінің жаңа құрамы жасақталды: Сыртқы істер министрі лауазымына Ерлан Ыдырысов, Ішкі істер министрі – Қалмұханбет Қасымов, Байланыс және ақпарат министрі – Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі – Ерлан Сағадиев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі – Тамар Дүйсенова, Инвестициялар және даму министрі – Жеңіс Қасымбек, Қаржы министрі – Бақыт Сұлтанов, Мәдениет және спорт министрі – Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық экономика министрі – Қуандық Бишімбаев, Энергетика министрі лауазымына – Қанат Бозымбаев тағайындалды.

Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрі қызметін атқарған Иманғали Тасмағамбетов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал бастапқыда қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері Бас штабының бастығы қызметін атқарған Сәкен Жасұзақов Қазақстан Республикасының жаңа қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Бұдан өзге, Марат Бекетаев ҚР Әділет министрі қызметіне тағайындалды. Ал бастапқыда осы қызметті атқарған Берік Имашев ОСК (орталық сайлау комитетінің) төрағасы қызметіне тағайындалды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу