Бақытжан Сағынтаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша видеодайджест

Сәрсенбі күні, 2018 жылғы 25 сәуірде, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болып қайтты.

Сапар мақсаты — «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» іске асырылу барысымен танысу.

Бақытжан Сағынтаев өңірге келген бойда Сәтбаев қаласына барып, онда Жезқазған, Сәтпаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында салынып жатқан, мыс кен орындарын қайта өңдеу кезінде құлаған аудан аймағында орналасқан елді мекен тұрғындарына арналған «Нұрлы мекен» жаңа шағын ауданының құрылыс жұмыстарымен танысты.

Премьер-Министр Сәтпаев қаласындағы «Ханум» макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорнын аралау барысында өңірде шағын және орта бизнесті дамыту қарқынымен, сондай-ақ Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты.

Жезқазғанда Б. Сағынтаев «Қазақмыс корпорациясының» мыс қорыту зауытында болды, онда технологиялық жаңғырту жоспарлары, тау-кен металлургия саласын дамыту қарқыны, еңбек ресурстары ауысуының жол картасын іске асыру, экономиканың жаңа секторларына босатылған мамандарды қайта даярлау мен қайта оқыту туралы ақпарат берілді.

Жезқазған өңірінің активімен және жұртшылығымен кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық даму, облыстың моноқалаларын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, Ұлытау ауданын дамыту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру барысы және тетіктері, сондай-ақ Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Астана бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральді газ құбыры жобасын іске асыру аясында өңірді газдандыру және ішкі газ тарату желілерін салу жоспарлары талқыланды.

Б. Сағынтаев «Bayan» ЖШС мамандандырылған азық-түлік өнімдерін шығаратын кәсіпорны негізінде өңірде Индустрияландыру картасын іске асыру барысымен және Жезқазғанда кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жөнінде қабылданып жатқан шаралармен танысты.

Премьер-Министрге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС медициналық орталығын аралау барысында жүрекке күрделі операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін Innova IGS 530 жаңа ангиографиялық қондырғысы көрсетілді. Б. Сағынтаев «Бубновский орталығында» осында енгізілген кинезитерапия әдістерімен және оңалтуға арналған жаңа құралдармен танысты.

Қарағандының облыстық Аллергологиялық орталығында Бақытжан Сағынтаев медицина қызметкерлерімен облыстың денсаулық сақтау саласын цифрландыру, қайта реттеу, МЖӘ мен медицина жүйесінің жеке қызмет секторын дамыту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев Қарағандыда Жоғары политехникалық колледжге барып, World Skills құзырет орталығының жұмысымен, қосарлы білім беру жүйесімен, сондай-ақ жаңа инновациялық бағдарламалармен танысты. Премьер-Министр колледж аумағында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру мәселелерін талқылау бойынша облыстың ЖОО-лары мен колледждерінің студенттерімен, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алушылармен, студенттер ұйымдарының көшбасшыларымен, ЖОО ректорларымен, колледждердің директорларымен кездесу өткізді.

Б. Сағынтаев «Сарыарқа» АЭА аумағында Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылған «Бёмер Арматура» ЖШС мен «Recycling Company» ЖШС өнеркәсіптік кәсіпорындарында болды. Бақытжан Сағынтаевқа ИИДМБ-2 аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы баяндалды.

Премьер-Министр Б. Сағынтаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша облыс активімен, ірі және шағын бизнес өкілдерімен өткен кездесумен аяқталды. Мұнда экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру, экономиканың жаңа секторларын дамыту, мамандарды дайындау мен қайта даярлау, бәсеке мен бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту және т.б. мәселелер талқыланды.

 

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу