Балалардың қауіпсіздігі жөніндегі заң жобасы қоғам арасында кеңінен талқыланады — Т.Дүйсенова

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкілдер, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары, сарапшылар және ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесті. Іс-шара барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасы талқыланды.

Вице-премьер Тамара Дүйсенова Үкімет тарапынан медициналық көмек, білім беру, әлеуметтік қорғау сапасын арттыру және балаларды тиісті инфрақұрылыммен қамту бойынша кешенді шаралар қабылданғанын атап өтті. Бүгінде балалар елдегі халық санының үштен бірін (ҚР 6,8 млн бала мен жасөспірім) құрайды.

«Балабақшалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін елімізде жыл сайын мектепке дейінгі мекемелер қатары көбейіп келеді. Сапалы орта біліммен қамту мақсатында мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Өскелең ұрпақты әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Алайда, балалардың қауіпсіздігі мәселесі әлі де өзекті. Сондықтан бұл заң жобасы қоғам үшін өте маңызды. Құжаттың сапасы сарапшылардың ұсыныстары мен олардың бұл салада жинақталған зор тәжірибесіне байланысты», — деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Заң жобасы туралы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева айтып берді. Оның айтуынша, құжатта елімізде отбасылар мен балаларға көмек көрсетуге бағытталған инфрақұрылым жасау қарастырылған. Әр ауданда қолдау орталықтары, әр облыста психологиялық қолдау орталықтары салынады.

Сондай-ақ жобада зорлық-зомбылық әрекеттердің алдын алу тетіктері мен кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған физикалық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық істерде татуласу мүмкіндігін жою, зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны қатаңдату шаралары да көрсетілген.

Сонымен қатар зорлық-зомбылық, буллинг және басқа да қылмыстық әрекеттерден жапа шеккендерге көмек беру бағдарламасын әзірлеу қарастырылған. Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл мәртебесін бекітуге қатысты тармақ қатысушылардың қызу қолдауына ие болды. 

«Бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкілдің заңмен бекітілген мәртебесінің болуы туындаған сауалдарды өңір деңгейінде шешуге мүмкіндік береді. Бұл үлкен жауапкершілік. Біз кез келген мәселенің салдарымен күреспей, оның алдын алуымыз керек», — деді вице-премьер.

Заң жобасы әзірге 50-ден аса талапты қамтып отыр. Енді ондағы нормалар қоғам арасында кеңінен талқыланады. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары барлық мүдделі тараптарды бұл іске атсалысуға шақырды. Ал бала құқықтары жөніндегі аймақтық уәкілдерден Тамара Дүйсенова өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, азаматтардың жобаға қатысты талап-тілектерін жинауды сұрады.

#Балалардың құқығын қорғау #Тамара Дүйсенова

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу