Балқаш жылу электр орталығын жаңғырту: жобаны аяқтау 2027 жылға жоспарланған

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев аумағында еліміздің отын-энергетика кешені (ОЭК) саласындағы қала құраушы кәсіпорындар орналасқан моноқалалардың дамуы туралы баяндады.

Қазіргі уақытта елімізде осындай төрт қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейді. Курчатов қаласында «Ұлттық ядролық орталық» орналасқан, оның құрамына Атом энергиясы институты, Радиациялық қауіпсіздік институты, Геофизикалық зерттеулер және экология институты, «Байкал» кәсіпорны кіреді. Орталықтың миссиясы – еліміздің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы саясатын ғылыми-техникалық қамтамасыз ету.

12 мың халқы бар Курчатов қаласы – Қазақстандағы атом ғылымының орталығы. Орталықта шамамен 2 мың адам жұмыс істейді. Жақында, Орталық еліміздің атом өнеркәсібіндегі жетекші ғылыми кәсіпорын ретінде өзінің дамуын мына стратегиялық бағыттар бойынша қарастырады:

  • елімізде атом энергетикасын дамыту;

  • басқарылатын термоядролық синтез технологияларын әзірлеу;

  • Қазақстанның және Семей полигонының радиациялық экологиясы;

  • таратпау режимін және ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты қолдау;

  • атом саласын ақпараттық және кадрлық қамтамасыз ету.

Ақсай қаласында еліміздің мұнай-газ саласындағы ірі компаниялардың бірі – Karachaganak Petroleum Operating B.V. орналасқан. Ол еліміздегі мұнай өндірудің 10%-ын және газ өндірудің шамамен 35%-ын қамтамасыз етеді.

Бүгінде кәсіпорында шамамен 4 мың адам жұмыс істейді.

Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мұнай мен конденсаттың қалған алынатын қоры 253,2 млн тоннаны, газ – 791,7 млрд м3 құрайды.

Бүгінгі таңда кен орнын болашақта игеру жоспарында Қарашығанақ І кезеңін кеңейту бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген:

  • Қарашығанақ-1А кеңейту жобасы;

  • Қарашығанақ-1Б кеңейту жобасы.

Бұл жобалар сұйық көмірсутегін өндірудің қазіргі деңгейін жылына 11 млн тонна деңгейінде ұстауға бағытталған. Жобаны іске асыру мерзімі – 2020-2028 жылдар.

Жаңаөзен қаласында «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамы жұмыс істейді. Бұл – Маңғыстау облысындағы ірі мұнай өндіруші компаниялардың бірі.

Қазіргі уақытта компанияда 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Компания Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игерумен айналысады.

«Үкімет «Өзенмұнайгаз» компаниясына барлық горизонт үшін пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша 2,6%-дық жеңілдік ставкасын беру туралы шешім қабылдады, бұл 2029 жылдан бастап мұнай өндіруді жылына 5-тен 5,9 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Екібастұз қаласында ГРЭС-1 және ГРЭС-2 жұмыс істейді, олар – еліміздегі Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің солтүстік және оңтүстік аймақтарының негізгі энергия көздері», — деді спикер.

Екібастұз қаласы – еліміздің энергетикалық орталығы, онда Қазақстанның жалпы өндірісінің 40%-дан астамы өндіріледі. Бұл кәсіпорындарда 2,9 мың адам жұмыс істейді.

Екібастұз қаласында «Екібастұз ГРЭС-1 жаңғырту және реконструкциялау. Қуаты 500 МВт болатын №1 блокты қалпына келтіру» жобасы іске асырылып жатыр. Жобаның құны қосылған құн салығынсыз 169,2 млрд теңгені құрайды. Жобаны осы жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ «№3 энергоблокты орнату арқылы Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялау» жобасы да іске асырылуда, оның құны – 666,5 млрд теңге. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Екібастұз ГРЭС жобаларын іске асыру жалпы қуатты 1,1 гигаватқа арттырады.

«Министрлік моноқалалардағы жылу орталықтарын келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстарына ерекше назар аударып жатыр. Мәселен, графикке сәйкес Степногорск, Риддер, Теміртау, Шахтинск, Рудный, Екібастұз, Кентау қалаларында 28 қазандық пен 11 турбинаны жөндеу және реконструкциялау жоспарда бар», — деді А. Сәтқалиев.

Энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық басқармалары бару арқылы жөндеу жұмыстарын апта сайын бақылап отырады. Проблемалық мәселелерді анықтау және шешу үшін салалық селекторлық жиналыстар ай сайын өткізіледі.

Бүгінде барлық 20 моноқала жарықпен, жылумен қамтамасыз етілген. Осылайша, бүгінгі таңда қазіргі қуат нарығы аясында 2 жоба жүзеге асырылуда.

Степногорск қаласында жалпы сомасы 25 млрд теңгеге «Степногорск жылу электр орталығы қазандық қондырғысын қалпына келтіру және турбоагрегатты ауыстыру» жобасы жасалуда, жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланған.

Сондай-ақ Балқаш жылу электр орталығын жаңғырту жоспарлануда, оның жалпы құны 27,2 млрд теңгені құрайды. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарлануда.

«Жақында республикалық бюджет қаражаты есебінен Лисаковск қаласында “Орталық қалалық қазандықтың қажеттіліктері үшін газ-поршеньді қондырғы салу” жобасын салу жоспарланған, оның жалпы құны 858 млн теңге, аяқтау мерзімі – 2025 жыл. Бұл жобаларды іске асыру моноқалалардағы жылу жүктемесін жабуға, жылу орталықтарының негізгі және қосалқы жабдықтарын жаңарту есебінен тұтынушыларды жылумен жабдықтау сапасы мен сенімділігін арттыруға, сондай-ақ жаңа энергетикалық қуаттарды іске қосуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті А. Сәтқалиев.

Тұрғындарды газбен қамтуға тоқталсақ, бүгінде 20 моноқаланың 9-ы газбен қамтамасыз етіліп жатыр. Атап айтқанда:

- 5 қала 100% көгілдір отынмен қамтылды: Хромтау, Құлсары, Ақсай, Лисаковск және Жаңаөзен;

- 3 қала 50-90%-ға газдандырылды: Рудный (79%) және Жітіқара (88%), Кентау (58%).

- 1 қала 10%-дан аз газдандырылған: Теміртау (4,2%);

- 11 қаланы газбен жабдықтау қажет: Степногорск, Ақсу және Екібастұз, Риддер, Алтай, Курчатов, Балқаш, Абай, Шахтинск, Сәтбаев, Қаражал.

«Еліміздің Солтүстік және Шығыс өңірлерінде газ тасымалдау инфрақұрылымы болмағасын, жоғарыда аталған қалалар бүгінгі күні газбен жабдықталмады. Алдағы уақытта осы моноқалаларды газдандыру 600 мыңға жуық тұрғынды газбен қамтуға мүмкіндік береді, тиісті жұмыстар жасалып жатыр және оны Министрліктің бақылауында», — деп түйіндеді сөзін Алмасадам Сәтқалиев.

#Атом энергетикасы #ЖЭО #Үкімет отырысы #Өңірлер

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу