Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы қазақстандық ғылыми әзірлемелермен танысып, Қазақстан Үкіметімен аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильда және Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов NU базасында аса маңызды минералдар саласындағы мәселелерді талқылау мақсатында қазақ-бельгия дөңгелек үстелін өткізді.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бельгиялықтар Королі Филипп арасындағы келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Оған іскерлік, ғылым және білім беру салаларының өкілдері, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары қатысты.

«Аса маңызды минералдар қазіргі заманғы экономиканың негізін құрайды. Олар технология, өнеркәсіп пен қауіпсіздік салаларының берік тірегі саналады. Бельгияда университеттік ғылым мен өнеркәсіп арасындағы толық сенімге негізделген тиімді ынтымақтастық үлгісі табысты жүзеге асырылып келеді. Біз осы тәжірибемізді Қазақстанмен бөлісуге және өзара сенім рухында бірлескен жұмысты дамытуға дайынбыз. Қазақстанның мол минералдық ресурстары мен активтерін болашақ индустрияға айналдыру жөніндегі стратегиялық пайымына тәнтіміз», — деді Бельгиялықтар Королі Филипп.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстанның Еуропалық одақпен және Бельгия Корольдігімен өзара ынтымақтастығының стратегиялық сипаты атап өтілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес, елімізде капитал тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған жаңа инвестициялық кезең қалыптасуда. Қазақстан шикізат экспортынан оны терең өңдеуге және жоғары технологиялық өнім өндіруге көшу арқылы өнеркәсіптік әлеуетін дәйекті түрде нығайтып келеді.

Іс-шараға қатысушылар аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Бірлескен өнеркәсіптік және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, қайта өңдеу өндірістерін дамытуға, қосылған құнның тұрақты тізбектерін қалыптастыруға назар аударылды. Шетелдік озық технологияларды тартуға, ғылыми-зерттеу байланыстарын нығайтуға, гидрометаллургияны дамытуға, өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуге және сирек және түсті металдарды дәстүрлі өндіру мен өңдеумен қатар айналмалы экономика қағидаттарын енгізуге де баса ден қойылды. 

Одан бөлек, нормативтік-құқықтық орта, жер қойнауын пайдалану процестерін цифрландыру және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту есебінен сенімді логистикалық маршруттарды қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Көлік және логистика, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және жасанды интеллект, ғарыштық технологиялар саласындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Король Филиппен келіссөздері барысында қол жеткізген уағдаластықтарының жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алды. Өзара тиімді инвестициялық, өнеркәсіптік және ғылыми-технологиялық жобаларды дамытуға ерекше назар аударылатын болады.

 Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильдаға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен NU президенті, профессор Вакар Ахмад қазақстандық ғылыми-зерттеу әзірлемелерін таныстырды.

Жаңа материалдар және энергетикалық технологиялар институтын (INMET) әзірлеу негізгі бағыттардың бірі болды. Ғалымдар аккумулятор өндірісінде қолданылатын материалдарды алу үшін отандық литий мен никель қорларын пайдалануға мүмкіндік беретін технологияларды енгізді. Зерттеудің жеке бағыты сирек жер элементтерін игерумен және олардың негізінде жоғары технологиялық салалар үшін өнімдер шығарумен байланысты. Бұл жобалардың практикалық маңыздылығы – минералды шикізат экспортынан терең өңделген өнімдер шығаруға және отандық өнеркәсіптің жаңа бағыттарын қалыптастыруға көшу мүмкіндігінде. Технологияларды одан әрі дамыту перспективалары, оның ішінде еуропалық ғылыми орталықтармен және өнеркәсіптік компаниялармен ынтымақтастық арқылы қарастырылады.

Цифрлық технологиялар саласында Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект мектебі (SCAI) мен Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) жүргізген зерттеулердің нәтижелері ұсынылды. Әзірлемелер қатарында отандық KAZ-LLM тілдік моделі, машиналық аударма жүйелері және робототехникалық шешімдер бар. Бұл жобалар отандық жасанды интеллект өнімдерін дамытуға, ұлттық тілдердегі ақпаратты өңдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге және күрделі үдерістерді автоматтандыруға арналған ғылыми-технологиялық негіз қалыптастырады.

Жасанды интеллектінің тау-кен металлургия саласына интеграциясы ерекше қызығушылық тудырады. Осы бағытты дамыту бельгиялық серіктестермен бірлескен қолданбалы зерттеулер жүргізуге және кейіннен өнеркәсіпке технологиялық шешімдерді енгізу үшін перспективалар ашуға мүмкіндік береді

Сапар соңында Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильда Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырып, жылы қабылдағаны үшін алғыс айтты және екі ел арасындағы әріптестіктің табысты дамитынына сенім білдірді.

#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #Жер ресурстары #Президенттің тапсырмасы #Халықаралық ынтымақтастық #Ғылым

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу