18 Маусым 2018, 06:19
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға 100 мың түлек өтініш білдірген. Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында студент жастардың баспана жағдайларын жақсарту туралы өткен брифинг барысында ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов айтты.
Оның айтуынша, онлайн және кітапшамен байқау сынағынан биылғы түлектер 700 мың рет өткен.
«2018 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға 100 мың түлек өтініш білдіріп отыр. Демек, орта есепке шаққанда, әр түлек 7 рет байқау сынақтан өтті», — деді ол.
Биыл ҰБТ 15-ші рет өткізілейін деп отыр. Осы жылдар ішінде ҰБТ-ға 1,5 млн-ға жуық түлек қатысқан.
ҰБТ-2018-ге әзірлік штаттық режімде жүріп жатқанын айтқан тестілеу орталығының басшысы барлық аудиториялар тестілеу өткізуге толық дайын екенін жеткізді.
«Биыл тестілеуді өткізу форматы еш өзгеріске ұшыраған жоқ. Яғни, түлектер үш міндетті пәннен тестілеу тапсырады: Қазақстан тарихынан – 20 сұрақ, оқу сауаттылығынан – 20 сұрақ және математикалық сауаттылықтан – 20 сұрақ. Сонымен қатар әдеттегідей, таңдау бойынша екі пән тестілеуге енгізіледі, олардың әрқайсысы бойынша 30 сұрақтан беріледі», — деп нақтылады Р. Әлімқұлов.
Елімізде былтыр өткізілген ҰБТ нәтижелері бойынша ең жоғарғы — 140 баллды ешкім жинай алмаған. Тек бір алматылық түлек 139 баллға ие болған.
Қазіргі кезде тестілеу нәтижелері бойынша шағымдарды қабылдау үшін 54 адамнан тұратын республикалық аппеляциялық комиссия мүшелері іріктелген.
«Тестілеу нәтижелеріне шағым білдіру механизмі де өзгерген жоқ. Яғни, тестілеуден кейінгі келесі күні сағат 13.00-ге дейін ҰБТ тапсырған соң оған қатысты қандай да бір мәселе бойынша шағым білдіргісі келген түлек алдымен жергілікті аппеляциялық комиссияға шағымдана алады. Егер жергілікті аппеляциялық комиссия бұл тұста тестілеу нәтижелеріне шағымдануға негіз бар ден таныса, олар бұл материалдарды республикалық аппеляциялық комиссияға жібереді», — деді Р. Әлімқұлов.
Оның айтуынша, өткен жылы ҰБТ тапсырған түлектер 198 шағым білдірген. Олардың 50 пайызы техникалық мәселелерге байланысты болған.
Өткен жылы Ұлттық тестілеу орталығының базасында ҰБТ-2017 арналған 140 мың тест тапсырмасы болған. Тестілеу нәтижелеріне шағымның 98-і, яғни 0,02 пайызы базадағы сұрақтарға шағымдану болған.
«Әлемдік тәжірибе бойынша, тестілеу сұрақтарының 1 пайызына дейін шағымдануға болады. Біз бұл қалыпты көрсеткіш деп санаймыз», — деді Р. Әлімқұлов.
Сонымен қатар ол биыл ҰБТ базасы 50 пайызға жаңартылғанын атап өтті.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу