Білім беру ұйымдарында көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыруды көздейтін жаңа Тамақтану стандарты енгізіледі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәселе қаралды. Жиында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мектептердің медициналық пункттермен жабдықталуы туралы, халықаралық жобалар туралы, оқушыларды тамақтандырудағы жаңашылдықтар туралы айтты.

Оның айтуынша, еліміздегі балалардың 65%-дан астамы мектепке барады. Барлық мектептерде, шағын жинақты мектептерді қоспағанда, медициналық пункттер бар. Әрбір мектептегі медициналық пункттің жұмысын сол аумаққа қызмет көрсететін медициналық санитариялық-алғашқы көмек (МСАК) ұйымдары үйлестіріп отыр. Соңғы жылдары мектептердегі медициналық пункттердің жабдықталуы 15,3%-ға, мектеп медбикелер саны 9,2%-ға өсті. ДДСҰ ұйымының қолдауымен елімізде денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер (ДНЫЕМ) жобасы жүзеге асырылуда. Биылғы жылы олардың саны 3,7%-ға артып, 2 627-ні құрады.

«Жыл сайын МСАК ұйымдарының мамандары білім беру орындарында мектеп оқушыларын профилактикалық тексеруден өткізеді. 2025 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша жылдық жоспардағы балалардың 52%-ы тексерілді, қалған оқушылар жыл соңына дейін тексеріледі. Тексеру қорытындылары бойынша балалардың 11%-ында аурулар бірінші рет анықталды, оның ішінде кариес, темір тапшылығы анемиясы, миопия бар. Олардың 30%-ы динамикалық бақылауға алынды. 

Биыл ғылыми-техникалық бағдарлама аясында үздік халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, мектеп оқушыларының денсаулығын нығайту бойынша аурулардың алдын алуға, көмек көрсетуге және оңалтуға бағытталған зерттеу жүргізілуде.

Бұдан басқа, министрліктің бастамасымен «Салауатты жаз – 2025» бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында шалғай ауылдық елді мекендерден 200 мыңнан астам бала медициналдық тексеруден өтті», — деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Сондай-ақ жылдың басынан бері «Болашаққа сау тіспен» жобасы іске қосылған. Бүгінгі күні 7 өңірде стоматологиялық кабинеттер жаңа оқу жылында ашылуға дайын. Министр осы ретте әкімдіктер стоматологиялық кабинеттердің ашылуын жеделдету үшін қаржы бөлу, медициналық жабдықтар сатып алу, рұқсат беру құжатын (лицензия) алу жұмыстарын ұйымдастыруды жеделдетуі қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар саламатты өмір салтын қолдайтын технологияларды (ДНЫЕМ) енгізу, мектептегі медицина қызметкерлерін оқыту, медициналық пункттерді жабдықтау үшін тиісті шараларды жабдықтауы қажет.

«Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау мақсатында биылғы жылы 312 мектеп пен мектеп асханасына тексеру жүргізілді. Анықталған кемшіліктер бойынша 117 адам жалпы сомасы 31 млн теңгеден астам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 90 қызметкер жұмыстан шеттетілді, сотқа 8 материал жіберілді. Жалпы өткен оқу жылмен салыстырғанда ағымдағы оқу жылында санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы жоқ мектептердің саны 1,4 есе азайды. Жыл сайын мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілуде, бүгінгі таңда 2 мыңға жуық мектеп мониторингпен қамтылды», — деді министр.

Одан бөлек «Келешек мектептері» жобасы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға 95 өтініш қаралып, бүгінгі таңда объектілердің сәйкестігі туралы 88 қорытынды берілген.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балалар объектілерінде мемлекеттік бақылауды күшейту бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеп шығарған. Онда мектептердегі қызмет көрсететін барлық субъектілерді (мектеп, асхана, медициналық пункті) бір мезгілде тексеру, тексеру алдында алдын ала хабарлауды алып тастау, объектілерге бару арқылы мониторинг жүргізу көзделген. Заңнамаға тиісті түзетулер Парламент депутатарының қарауында жатыр.

«2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында жаңа Тамақтану стандарты енгізіледі. Стандарт дұрыс тамақтануға қойылатын заманауи халықаралық талаптарды ескере отырып әзірленген және қантты тұтынуды 3,6 есеге дейін, тұзды 5 есеге дейін азайтуды, сондай-ақ көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерін тұтынуды арттыруды көздейді. Стандартта сондай-ақ шағын жинақты мектептерде, буфеттерде тамақтануды ұйымдастыруға және арнайы диеталық қажеттіліктері бар балалардың тамақтануына қойылатын талаптар қамтылған. Тамақтану стандартын жүзеге асыру аясында бірнеше нұсқада мектепте тамақтануға арналған үлгілік стандартты ас мәзірі әзірленді, алғаш рет ыстық тағам әзірлеуге мүмкіндігі жоқ шағын жинақты мектептерге арналған мәзір жасалды», — деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында.

Мектеп оқушыларының тамақтану стандартын енгізу, профилактикалық тексерулер жүргізу, вакцинацияны ұйымдастыру және балаларға шұғыл көмек көрсету бойынша 2 мыңнан астам мектептегі медицина қызметкерлері оқытылған. Ведомство басшысы жаңа Тамақтану стандартын жүзеге асыру үшін әкімдерден мектепте тамақтануға қойылатын жоғары талаптарды ескеруді сұрап отыр. Білім беру объектілерінде санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз етуді Денсаулық сақтау министрлігі тұрақты бақылауға алған және бұл жұмыс мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе жүзеге асырылады.

#Білім беру #Денсаулық сақтау #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу