Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша 49 инфекция бойынша аурушаңдық төмендеді — Денсаулық сақтау министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева баяндады.

Л. Ақтаева коронавирус инфекциясын қоспағанда, инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай жалпы Қазақстан Республикасы бойынша тұрақты екенін атап өтті. 

64 инфекциялық ауру бойынша мониторинг жүргізілуде, 5 айдың қорытындысы бойынша 49 инфекция бойынша сырқаттанушылық төмендеген. 

Биыл адамдардың оба, тырысқақ, іш сүзегі, құтыру, туляремия, дифтерия, сіреспе, қызамық және басқа да жұқпалы аурулармен сырқаттануы тіркелген жоқ. 

Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сальмонеллезбен, қызылшамен, іріңді менингитпен, серозды менингитпен, туберкулезбен сырқаттанушылықтың төмендегені байқалды.

А жіті вирустық гепатитпен (1,8 есе), ботулизммен (3 есе), скарлатинамен сырқаттанушылықтың 4,3 есе өсуі байқалды. 

Сонымен қатар Қазақстан аумағында аса қауіпті инфекциялар — оба, туляремия, геморрагиялық қызбалар (КҚГҚ, БСГҚ), күйдіргі және басқа да зооноздық инфекциялардың белсенді табиғи ошақтары бар.

Оба және басқа да табиғи-ошақтық инфекциялардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Осы жылдың 5 айында обаға қарсы күрес ұйымдары зертханалық зерттей отырып 223,1 мың шаршы км-ді және 4 млн эктопаразиттер мен кеміргіштерді тексерді, обаның 14 қоздырғышы бөлінді, бұл қоздырғыштың циркуляциясын көрсетеді.

Обаға қарсы күрес станциялары 21 елді мекеннің айналасында қорғаныш аймағын құрды, кенттік дератизация, кенттік дезинсекция жүргізді, обаға қарсы 50 мыңнан астам адам егілді. 

2020 жылғы 12 маусымдағы жағдай бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызба ауруының 3 жағдайы расталды, оның ішінде 2 жағдай Түркістан облысы тұрғындарының арасында және Жамбыл облысында 1 жағдай тіркелген.

КҚГҚ алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет КҚГҚ бойынша қолайсыз 313 елді мекеннің айналасында санитариялық-қорғаныш аймағын құрды. 

Жергілікті атқарушы органдар КҚГҚ бойынша қолайсыз аймақта кенеге қарсы 5,8 бас малды, 1001 елді мекенде 362 мың мал қорасын өңдеді, ауданы 19,8 ш. км буферлік аймақ құрды.

2020 жылдың 5 айында 1 411 647 адам егілді, ҚР бойынша вакцинациямен қамту егуге жататындар санының 92%-ын құрады.

«Вакцинациялаумен жеткіліксіз қамту төтенше жағдай кезінде жоспарлы профилактикалық егулер жүргізудің тоқтатылуына байланысты. Қазіргі уақытта жоспарлы вакцинация қайта басталды, оның ішінде төтенше жағдай кезінде екпе алмаған балалар егілуде», — деді министрдің м. а.

2020 жылдың І тоқсанында республикада профилактикалық егулерден 1 423 бас тарту есепке алынды, 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өскені байқалды. Бұл ретте бас тартқан адамдар арасында егілгендер саны 725-тен 309-ға дейін 2 есе төмендеді.

Бас тарту себептері бойынша ең үлкен үлес салмақ жеке сенім бойынша бас тартуға келеді және ол жалпы бас тарту санының 52,9%-ын құрайды, діни пайымдаулар бойынша – 29%, вакцинаға сенімсіздік – 11,2%, БАҚ-тағы теріс ақпарат бойынша – 6,4%. Бас тартқандар арасында 309 адам егілді.

2020 жылдың 5 айында 2019 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда қызылшамен сырқаттанушылықтың 2,8 есе төмендеуіне қол жеткізілді.

«Қызылшамен сырқаттанушылықты төмендету мақсатында 9-10 айлық балаларға қосымша вакцинация жүргізілді. 260 мыңнан астам бала егілді. Бұл осы жас тобындағы сырқаттанушылықты 2,5 есе төмендетуге мүмкіндік берді. Бұдан басқа ауырған ересектер арасында 55%-дан астамы 20-29 жас аралығындағы топ екенін ескере отырып, осы жас тобына қызылшаға қарсы қосымша вакцинация жүргізілді, 1 759 459 адам егілді», — деді Л. Ақтаева. 

Қазақстан Республикасында менингитпен сырқаттанушылық деңгейінің төмендеуінің оң серпіні байқалады.

 Қазақстан Республикасында менингококк инфекциясымен сырқаттанушылықтың орташа көп жылдық деңгейінің көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 2,1-ді құрайды, бұл ретте қазіргі уақытта Қазақстанда сырқаттанушылық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 0,15-ті құрайды, бұл шекті деңгейден 14 есе төмен. Сонымен бірге Шымкент қаласында ауру санының 2-ден 6 жағдайға дейін ұлғайғаны байқалады. 

Сонымен қатар Л. Ақтаева Қазақстанда коронавируспен ауырған 23 960 науқас тіркелгенін, оның ішінде 16 351-і симптоммен және 7 609-ы симптомсыз екенін атап өтті. 

13 716 науқас емін жалғастыруда. 10 139 науқас сауығып шықты, 105 науқас қайтыс болды.

Наурыз айынан бастап ел бойынша барлығы КВИ-ға 1 271 471 тест жүргізілді.

 «Бұл ретте, Қазақстанда 1 КВИ жағдайына 78 тесттен келеді, бұл Ресей, АҚШ, Италия, Канада, Австриядағы тестілеу деңгейінен жоғары, 100 мың тұрғынға шаққанда тест саны 6824-ті құрайды», — деді Л. Ақтаева.

Қазіргі уақытта тестілеу эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша, профилактикалық мақсатта және эпидқадағалау шеңберінде жүргізіледі. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес зертханалық тексеруге:

• Науқастар мен вирус тасымалдаушылар;

• ЖРВИ, тұмау, пневмониямен ауыратын науқастар;

• Науқастармен байланыста болған адамдар;

• Стационарлар мен медициналық-әлеуметтік мекемелерге жатқызылған адамдар; 

• Медицина қызметкерлері; 

• Әскерге шақырылушылар;

• ҚР аумағына келетін адамдар жатады.


COVID-19-ға ПТР-тестілеу үшін 56 зертхана жұмыс істейді, тестілеу қуаты тәулігіне 28 000-ға дейін жеткізілді.

 Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысымен айқындалған тестілеуге жататын халықты тестілеумен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында бюджет есебінен қуатты тәулігіне 30 000 тестке дейін, ал мемлекеттік және жеке сектор зертханалар қуаты есебімен жалпы ел бойынша тәулікке 35 мыңға дейін арттыру жоспарлануда.

Соңғы аптада (8-14 маусым аралығында) республикада 5 485 жағдай тіркелді. 

Өткен аптамен (1-7 маусым аралығында) салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе өскен (2908-ден 5485-ке дейін).

Ауру жағдайларының жалпы санының 44%-ы (2422 жағдай) байланыста болған адамдар арасында тіркелген, 36%-ы (1989 жағдай) кәсіптік тексеру жүргізу кезінде анықталды, 19%-ы (1035 жағдай) ЖРВИ-мен ауырған пациенттер арасында, әкелінген жағдай – 1 % (39 жағдай).

Бұл ретте, ауру симптомдары бар жағдайлардың саны 1,3 есе өскен (1 551-ден 1 950 жағдайға дейін) және ауру жұқтырудың жалпы санының 35,5%-ын құрады, ал симптомсыз жағдай 2,6 есе өскен (1 357-ден 3 535-ке дейін) немесе ауру жағдайларының жалпы санының 65%-ын құрады.

Осы аптаның 3 күнінде (15-17 маусым аралығында) жағдай қолайсыз болып сипатталады, мысалы, осы аптаның 3 күнінде 3007 жағдай тіркелді (1068 симптоммен және 1939 симптомсыз), ал өткен аптаның осындай кезеңінде (8-10 маусым) – 1871 жағдай тіркелген, өсім 1,6 есе.

Бұл ретте 15 өңірде аурудың 1,2 еседен 6 есеге дейін өскені байқалады (Шымкент қаласы мен Маңғыстау облысын қоспағанда).

Жағдайды объективті бағалау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды бағалаудың қосымша өлшемшарттарын енгізді. 

Біріншіден, эпидемиологиялық жағдайдың динамикасы назарға алынады. 

«Бұл жерде біз бұрын пайдаланылған “өсу қарқыны” деген көрсеткіштен арыламыз, себебі жалпы ауру жағдайларының саны белсенді ауыратын науқастардың санынан өзгеше болған жағдайда, бұл көрсеткіш эпидемияның даму қарқынын толық көлемде көрсетпейді. Біз жағдайды бағалау үшін R – репродуктивті сан көрсеткішін қолданамыз, яғни бір коронавирус инфекциясымен ауыратын науқас орташа есеппен ауру жұқтыратын байланыста болған адамдардың саны», — деді министрдің м. а.

Екіншіден, шектеу шаралары міндеттерінің бірі — науқастар ағынына шамасы келмейтін кезде денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу. Сондықтан екінші өлшемшарт коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға арналған бос емес төсек қорының көрсеткіші болып табылады.

Сондай-ақ, біз қосымша көрсеткіштерді де ескереміз. Бұл өлім-жітім – КВИ-ден болатын өлім-жітім көрсеткішінің өсуі, ауыр және өте ауыр дәрежедегі науқастардың үлесі (өсімі).

«Егер R көрсеткіші 1,3-тен асатын болса, не ол 1,15-тен 1,3-ке дейінгі диапазонда болса, бұл ретте бос емес төсектер 70%-дан артық болса, не бос емес төсектердің пайызы репродуктивтік санға қарамастан 90%-дан жоғары болса, карантиндік және шектеу шараларын күшейту қажет», — деді Л. Ақтаева.

Өлшемшарттардың оң динамикасы болмаған жағдайда – шектеу шараларын қолданыстағы деңгейде сақтау ұсынылады.

Шектеу шараларын жеңілдету үшін өлшемшарт – бос емес төсектер санының 50%-дан кем және R көрсеткішінің 1-ден кем болуы.

Тек 3 өңірде ғана (Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары) шектеу шаралары бұрынғы көлемде қалдырылуы мүмкін. Бүгінгі күні қосымша қатаңдату шаралары барлық 17 өңірде енгізілді.

КВИ сырқаттанушылығының өсуін ескере отырып, кеше 18 маусымдағы ВАК шешімімен Нұр-Сұлтан және Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз қалаларында алдағы демалыс күндері карантинді күшейтудің қосымша шаралары қабылданды, атап айтқанда 20-21 маусымда:

• сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, базарлардың қызметі тоқтатылады;

• қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысы әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, ашық ауада көше форматында ғана рұқсат етіледі;

• қоғамдық көліктің жұмысы шектеледі;

• қоғамдық орындардың: саябақтар, скверлер, жағалаулар, жағажайлар, аквапарктердің жұмысы тоқтатылады;

• фитнес орталықтарының қызметі тоқтатылады; 

• 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі;

• аумақтық жағынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар, Екібастұз қалаларына жақын орналасқан туристік аймақтарға кіру жабылады. 

Сондай-ақ өңірлердің 50 мыңнан астам халқы бар елді мекендерінде: 

• қоғамдық орындардың: саябақтар, скверлер, жағалаулар, аквапарктердің жұмысы тоқтатылды;

• туристік аймақтарда тұратын адамдарға әлеуметтік қашықтықты сақтау ұсынылады; 

• 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектелді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу