Биылғы шілде айында Ұлттық қордың инвестициялық табысы оң қалыптасып, $590 млн құрады — Е. Досаев

Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты карантиндік шектеулер есебінен көрсетілетін қызметтер секторында 52,7-ден 51,1-ге дейін қысқару салдарынан 0,8 пунктке 50,8-ге дейін төмендеді. Бұл ретте 2019 жылғы тамыздан бастап алғаш рет барлық қосалқы индекстер оң аймақта тұр. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев хабарлады.

Коронавирустық аурулардың жаңа жағдайларының өсуі және вакцинация қарқыны әлемдік экономиканы, сондай-ақ Қазақстан экономикасын қалпына келтірудің маңызды факторлары болып қалуда. Дамушы елдердегі вакцинацияның әлсіз қарқынына және аурудың өсуіне байланысты Халықаралық валюта қоры биылғы 27 шілдеде ішкі жалпы өнім болжамын 6,3%-ке дейін 0,4 пайыздық тармаққа төмендету жағына қайта қарады. Дамыған елдерде вакцинацияның жоғары қарқыны мен сақталып отырған ынталандырулар есебінен Халықаралық валюта қоры 2021 жылы 5,6%-ке дейін 0,5 пайыздық тармаққа күрт өсуді күтуде. Әлемдік ішкі жалпы өнім болжамы 2021 жылы 6% деңгейінде сақталды.

Дамушы елдердің өсу перспективаларының нашарлауына байланысты 2022 жылдың соңына қарай олардың экономикаларын қалпына келтіру күтіледі. Дегенмен, Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының өсуі жөніндегі болжамды 3,2% деңгейінде сақтады.

Іскерлік белсенділік қарқынының баяулауына қарамастан, әлемдегі проинфляциялық қысым сақталып отыр. Бұл үрдіс жеткізу мерзімін ұзартумен бірге кейінге қалдырылған сұранысты іске асыру аясында сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігін күшейтеді. PMI delivery индексі әлемдегі жеткізу мерзімдерінің ұзаруын көрсете отырып, барлық елдерде өзінің тепе-тең 50 тармақ мәнінен төмен болып отыр, бұл шығындар инфляциясын күшейтеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының ФАО мәліметтері бойынша шілдеде азық-түлік тауарларының әлемдік бағасы қатарынан екі ай бойы төмендеп, 123 тармақ белгісіне жетті. Бұл ретте ФАО азық-түлік бағалары индексінің жылдық өсімі 29,1%-ті құрап, жоғары деңгейде сақталуда.

Болжамдар бойынша дамыған елдерде инфляция 2021 жылдың соңына қарай тұрақтанады, дамушы елдерде 2022 жылдың соңына дейін нысаналы деңгейден жоғары мөлшерде сақталады, бұған азық-түлік, шикізат тарапынан проинфляциялық қысым және валюта бағамдарының әлсіреуі ықпал етеді.

«Қазақстандағы инфляция биылғы маусымда 7,9%-ке дейін күрт көтерілгеннен кейін өсуді жалғастырып, шілдеде 2017 жылдан бері ең жоғары мән – 8,4%-ке жетті. Азық-түлік нарықтарында теңгерімсіздіктердің жиі орын алуы, шикізатқа әлемдік бағаның өсуді жалғастыруы және негізгі сауда серіктестері болып табылатын елдерде, әсіресе Ресейде инфляциялық аяның жоғары болуы аясында инфляцияның жеделдеуі орнықты сипатқа ие болуда», — деді Е. Досаев.

Көкөністердің жекелеген түрлері бағасының жазғы айларға тән емес күрт қымбаттауы нәтижесінде биылғы шілдеде 10,6%-тен 11%-ке дейін ұлғайған азық-түлік инфляциясы жылдық бағаның өсуіне бұрынғысынша көп үлес қосты. Ет пен өсімдік майының қымбаттауы да қосымша қысым көрсетуді жалғастыруда.

Азық-түлікке жатпайтын инфляция ұзақ уақыт пайдаланылатын тауарлар және жанар-жағар май бағасының өсу қарқынының жеделдеуіне байланысты 6,9%-тен 7,2%-ке дейін өсті. Ақылы қызметтер инфляциясы коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсуі және жекелеген нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында 5,6%-тен 6,1%-ке дейін жеделдеді.

Азық-түлік, жанар-жағар май бағаларының айтарлықтай өсуін, электр энергиясы бағасының көтерілуін, фискалдық ынталандырудың барынша күшеюін және инфляциялық күтулердің жоғарылауын ескере отырып, Ұлттық Банктің алдын-ала бағалауы бойынша инфляция 2021 жылдың соңына таман 6-7% дәлізінде күтіледі. Биылғы тамыз-қыркүйекке жоспарланған алдағы болжамды раунд шеңберінде жаңартылған болжамдар берілетін болады.

Инфляциялық процестердің айтарлықтай жеделдеуі жағдайында, жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты шеңберінде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық Банк биылғы 26 шілдеде базалық ставканы 9,25%-ке дейін 25 базистік тармаққа арттыру туралы шешім қабылдады. 

Биылғы шілдеде теңге бағамы мұнай бағасының өсуі аясында бір АҚШ доллары үшін 424,45 теңгеге дейін 0,7%-ке нығайды. Шілде айындағы құбылмалылыққа қарамастан, мұнай бағасын белгілеу $76,33 дейін 1,6%-ке өсті. 

ОПЕК+ тамыздан бастап мұнай өндіруді ай сайын ұлғайту туралы уағдаластыққа келісуі, сондай-ақ АҚШ-тағы қорлардың төмендеуі және отынға сұраныстың өсуі туралы деректер мұнай бағасын қалыптастыруға ықпал еткен негізгі факторларға жатады. Трансферттер бөлу үшін Ұлттық қор активтерін конвертациялау, квазимемлекеттік сектордың $480 млн сомасына сатуы және экспорттаушылардың салық төлемдері кезеңінде биржалық нарықта валюталық түсімді конвертациялауы теңгеге қосымша қолдау көрсетті.

Іскерлік белсенділіктің қалпына келуі аясында тұтыну тауарлары импортының жоғары өсу қарқыны шетел валютасына шамадан тыс сұраныс тудыруды және теңгенің нығаюына шектеуші әсер етуді жалғастыруда.

«Биылғы тамыздың басынан бастап коронавирустың дельта-штаммымен аурудың өсуі аясында жаһандық экономиканың перспективалары бойынша белгісіздікке байланысты мұнай нарығында қысым күшейе түсті. 10 тамызда мұнай бағасы $70,15/баррельге дейін 8,1%-ке төмендеді, ал теңгенің биржалық бағамы ай басынан бастап 0,3%-ке әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 425,83 теңге деңгейінде қалыптасты», — деді ҚР Ұлттық банкінің басшысы.

Осылайша, сыртқы нарықтардағы тұрақсыз жағдай сақталуда. Мұнайдың құбылмалылығы және тәуекел-сентименттің өзгеруі теңгенің айырбастау бағамына қысым көрсетуін жалғастыруда.

Ұлттық қордың активтері бір айда $450 млн төмендеп, биылғы шілденің соңында $56,9 млрд құрады. Биылғы шілдеде 477 млрд теңгеге трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін $1,11 млрд валюталық активтер сатылды. 

Биылғы шілдеде Ұлттық қорға келіп түскен түсімдер 40 млрд теңге, оның ішінде шетел валютасында $65 млн болды. Осы жылғы шілдеде Ұлттық қордың инвестициялық кірісі оң қалыптасты және $590 млн болды. Қаржы нарықтарындағы құбылмалылыққа қарамастан, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі республикалық бюджетке трансферттердің үштен бірін өтеп, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі $1,3 млрд салыстырғанда осы жылдың басынан бері $2 млрд немесе 3,5% болды.

Алтын-валюта резервтері айдың басынан бері аздап төмендеп, биылғы шілдеде $35 млрд болды. Алтын портфелі негізінен алтын құнының айлық өсуі нәтижесінде көптеген елдерде коронавирустың дельта-штаммының тез таралуына байланысты әлемдік экономика перспективаларының белгісіздігі жағдайында $960 млн өсті.

Еркін айырбасталатын валютадағы активтер негізінен екінші деңгейдегі банктердің корреспонденттік шоттары мен шетел валютасындағы депозиттерінің $655 млн төмендеуі және $126 млн мемлекеттік борышты төлеу есебінен өзгерді. Жалпы алғанда, жалпы халықаралық резервтер бір айда $500 млн азайып, $91,9 млрд құрады. 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері биыл шілдеде 42 млрд теңгеге немесе 12,8 трлн теңгеге дейін 0,3%-ке ұлғайды. Азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу қарқыны 5,3 есе баяулады.

31 шілдеде азаматтардың орындалған өтінімдерінің саны 1 685 млрд теңге сомасына 403 мың өтінімді құрады, оның 98,2%-і тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталды. 

Осы жылдың басынан бері зейнетақы жарналарының инвестициялық табысы 821 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде инфляция 5,3% кезінде 6,5%, 12 айда инфляция 8,4% кезінде 10,6% деңгейіндегі кірістілік қамтамасыз етілді. 

Банк жүйесіндегі депозиттер 2021 жылдың басынан бастап 25,1 трлн теңгеге дейін 13,8%-ке, оның ішінде заңды тұлғалардың салымдары 12,9 трлн теңгеге дейін 14,5%-ке, жеке тұлғалардың салымдары 12,2 трлн теңгеге дейін 13%-ке ұлғайды. Ұлттық валютадағы депозиттер негізінен жеке салымдар есебінен 14,3%-ке немесе 15,8 трлн теңгеге дейін 2,0 трлн теңгеге, шетел валютасындағы депозиттер негізінен заңды тұлғалардың салымдары есебінен 12,8%-ке немесе 9,3 трлн теңгеге дейін 1,1 трлн теңгеге өсті.

Нәтижесінде депозиттерді долларландыру деңгейі 2021 жылғы маусымда 37,0%-ке жетті. 

Экономиканы қалпына келтіру үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда.

1. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша биылғы жылғы 6 тамыздағы жағдай бойынша 1,4 трлн теңгеге өтінім келіп түсті, 726 млрд теңгеге 1020 қарыз берілді.

2. Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша биылғы жылғы 6 тамызда 1 трлн теңгеден астам, оның ішінде револьверлік кредиттеу есебінен 390 млрд теңгеден астам берілді.

3. «7-20-25» бағдарламасы бойынша биылғы жылғы 5 тамызда 811 млрд теңгеге өтінім келіп түсті, 354 млрд теңгеге 29,5 мың қарыз берілді.

«Қолма-қол ақшасыз транзакциялар халық тарапынан барынша сұранысқа ие болуда. Осы жылғы 6 айда олардың көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29,8 трлн теңгеге дейін 2,3 есе өсті. Халық онлайн төлемдерді белсенді түрде пайдалануын жалғастыруда – биылғы жылдың басынан бастап қолма-қол ақшасыз транзакциялардың 83%-і онлайн банкинг арқылы жасалды», — деді Е. Досаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық төлем жүйесін құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 

Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелерімен ұлттық төлем жүйесінде теңгедегі транзакцияларды өңдеу үшін алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді. Union Pay халықаралық төлем жүйесімен уағдаластыққа қол жеткізу бойынша жұмыс басталды.

Лездік төлемдер жүйесін құру шеңберінде сервистерді бұдан әрі тестілеуге және екінші деңгейдегі банктермен интеграциялауға арналған платформа әзірленді.

Ұлттық төлем жүйесі лездік төлемдер құнын 2 еседен аса төмендетуге, 2025 жылға дейін қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үлесін 57%-тен 65%-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу