«Болашақ» бағдарламасына — 30 жыл

Астанада «Болашақ» халықаралық стипендиясының 30 жылдығына арналған форум өтті. 

Бағдарламаға қатысушыларға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысы атынан жолданған хатты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова оқыды.

«Бұл – Қазақстанның әр түкпіріндегі дарынды жастарға  жол ашқан теңдессіз бағдарламаның мерейлі белесі. Осы бірегей жоба мемлекетімізде озық ойлы әрі білікті кадрлар резервін қалыптастыруға зор септігін тигізді. «Болашақ» бағдарламасының мыңдаған түлегі бүгінде түрлі саладағы оң өзгерістің жаршысы болып, еліміздің игілігі үшін табысты еңбек етіп жүр. Қазір Қазақстанды өркендете түсу үшін тың серпіліс қажет. Біздің алдымызда ел экономикасының құрылымын қайта түзу, саяси жүйені одан әрі жаңғырту және шын мәнінде әділетті әрі инклюзивті қоғам қалыптастыру сияқты ауқымды міндеттер тұр. Осы орайда білім беру саласына инвестиция салу және азаматтардың өз әлеуетін толық пайдалануына мүмкіндік жасау өте маңызды. Мемлекет адал азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңірген дарынды, еңбекқор, талапты жастарды әрдайым қолдайды», — делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Еске сала кетейік, осыдан 30 жыл бұрын қазақстандықтарға үздік шетелдік жоғары оқу орындарында тәлім алуға мүмкіндік беретін халықаралық стипендия тағайындау туралы шешім қабылданған болатын.

Сол кезден бері елге қажетті салалар бойынша 12 мыңнан аса маман дайындалды. Қазірде 2 мыңға жуық отандасымыз әлемнің алдыңғы қатарлы ЖОО мен ғылыми орталықтарында білім алып жатыр.Бағдарлама түлектері шетелде алған тәжірибелерінің орасан екенін ерекше атап өтуде. Әрқайсысы ел дамуына үлес қосуға ниетті екендіктерін білдірді.

«Мемлекет ғылымның дамуына жағдай жасауда, заманауи ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының қалыптасуына қаржы бөліп, халықаралық әріптестікті қарқынды дамытып жатыр. Талантты да талапты жастарымыз бұл істе бізді қолдайды деп сенемін», — деді Тамара Дүйсенова.

#Білім беру #Тамара Дүйсенова

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу