Бүгінде Қазақстанда жалпы егін жинау алаңының 21%-дан астамы жиналды — ҚР АШМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020 жылғы егін жинау жұмыстарының барысы қаралды. Егін жинау науқанының басталуы туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, өңірлердегі ахуал туралы Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Статистикалық деректер бойынша биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,7 млн гектарды құрады (бұл 2019 жылмен салыстырғанда 439,2 мың гектарға көп). Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алаңы 15,8 млн гектарды, майлы дақылдар 2,9 млн гектарды, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп 457,4 мың гектарды, мақта 125,8 мың гектарды, қант қызылшасы 20,9 мың гектарды, азықтық дақылдар 3,3 млн гектарды құрады.

Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, биыл елімізде егін жинау жұмыстары уақытылы басталды, егін жинау науқанының қарқыны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Мәселен, бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 3,3 млн гектар дәнді және бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы жиналатын алаңының 21,2%-ы жиналды, өткен жылы осындай кезеңде 2,1 млн гектар немесе 14% жиналған болатын.

«Орташа өнімділік гектарына 13,5 центнерді құрап, 4,5 млн тонна астық бастырылды. Өздеріңіз білетіндей, биылғы жазғы маусымда өткен жылғы секілді өте қуаң (құрғақ) ауа-райы орын алды. Төтенше жағдай мен карантин режиміне қарамастан, егіс науқаны оңтайлы мерзімде жүргізілді. Ылғалды жабу және топырақты егіс алдында өңдеу бойынша сапалы және уақытылы жүргізілген іс-шаралар топырақтың өнімді ылғалын сақтап қалуға мүмкіндік берді», — деді С. Омаров.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының қолайсыз ауа райы жағдайларына төзімділігін арттыруға мемлекеттің тұқым шаруашылығын қолдау бойынша қабылдаған шаралары әсер етті. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда тұқым шаруашылығын субсидиялау 49%-ға артты. Субсидиялау тетігі жетілдірілді, оған сәйкес шетелдік селекцияның сұранысқа ие тұқымдарын сатып алуға жұмсалған шығындар субсидияланады, сондай-ақ элиталық тұқым шаруашылықтарына кейіннен көбейту үшін бірегей тұқым сатып алуға қолдау көрсетіледі.

 «Тұқым тазалайтын техника мен селекциялық техниканың барлық түрлерін инвестициялық субсидиялау енгізілді, бұл отандық тұқым шаруашылығын дамытуға жәрдемдесетін болады. Мәселен, егіс науқанын жүргізу кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде себілген элиталық тұқымдардың үлесі 2 есеге жуық өсті. Бұл ретте сапасы төмен тұқымдардың үлесі 2,8 есе төмендеді», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

Бүгінгі таңда өсімдіктерді қорғау және егістерді тыңайту бойынша қажетті іс-шаралар кешені жүргізілді. Осы жылы тыңайтқыш сатып алуды субсидиялауға 26,1 млрд теңге бөлінді. Бұл шамамен 522 мың тонна минералды тыңайтқыш немесе ғылыми негізделген норманың 20%-ын сатып алуды субсидиялауға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы еңбеккерлері 493 мың тонна тыңайтқыш сатып алды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға жоғары. Бұл ретте тиеп-жөнелтудің жалғасып жатқанын және белгілі көлемдердің күзгі жер жырту кезінде енгізілетінін атап кеткен жөн. Сатып алынған тыңайтқыш көлемінің 292 мың тоннасы немесе 60%-ы – отандық тыңайтқыштар», — деді С. Омаров.

Жалпы, соңғы 5 жылда тыңайтқыш енгізу деңгейі ғылыми қажеттіліктің 10,1%-нан 22%-на дейін 2 есе артты. Бұл ретте, тыңайтқыш енгізу ауыл шаруашылығы өнімінің сапасы мен түсімділігіне тікелей әсер ететінін ескере отырып, облыс әкімдерінен минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін арттыру жұмысын күшейтуді сұраймыз. Сондай-ақ, егістерді зиянкестер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу шаралары уақтылы қабылданды. Үйірлі және саяқ зиянкестердің таралу ошақтарын уақтылы оқшаулау олардың әлемде байқалып отырған ауыр зардаптарын болдырмауға мүмкіндік берді. Биологиялық тиімділік 80-92%-ды құрады. Бұл ретте, соңғы жылдары аса қауіпті зиянкестер бойынша өңдеу алаңдарының 2,3 есе, дәнді дақылдар аурулары бойынша өңдеу 1,8 есе төмендегені байқалады.

«Биыл пестицидтерді субсидиялауға 37 млрд теңге көзделді, бұл көлем 2019 жылға қарағанда 9,6 млрд теңгеге көп. Бүгінгі күні шамамен 17 млн гектар немесе жалпы егіс алаңының 75%-ы өңделді», — деді С. Омаров.

Егін жинау жұмыстары басталатын уақытқа ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер барлық қажетті техниканы дайын етті. Жалпы егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін республикада 145 мың трактор, 75 мың трактор тіркемесі, 38 мың астық жинайтын комбайн, 15 мың дестелегіш, 39 мың жүк автомобилі бар.

Жұмыстың ұзақ тоқтап қалуын болдырмау мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жөндеу бригадаларын қалыптастырды. Сервистік компаниялармен көшпелі сервисті күшейту, сондай-ақ қоймаларды қажетті қосалқы бөлшектермен толтыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді.

«Егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 395 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді. Шілдедегі көлемді өңірлер толық алды. Тамыз айындағы көлемнің 55%-ына ақы төленді, 26%-ы тиеп-жөнелтілді», — деді С. Омаров.

Өздеріңізге белгілі, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде коронавирус пандемиясына байланысты қазіргі жағдайда бірінші кезектегі мақсаттардың бірі болып табылады. Қабылданған шаралар, осы жылы ауа-райының қолайсыз болуына қарамастан, бірлесіп астық өндіру көлемін өткен жылғы деңгейде күтуге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының болжанып отырған көлемі еліміздің ішкі сұранысын толығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Бұған қоса Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында осы жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырды, соның арқасында Азық-түлік келісімшарт корпорациясына 517 мың тонна мөлшерінде астық жеткізу көлемі туралы келісімшарт жасалды.

Бұл ретте, Азық-түлік келісімшарт корпорациясының резервтік қорында 456,4 мың тонна астық бар. Көрсетілген астық көлемі, қажет болған жағдайда, ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа бағытталатын болады.

«Республиканың жалпы астық сақтау сыйымдылығы 27,5 млн тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 15,5 млн тоннаны құрайды. Сақтау сыйымдылығының көрсетілген көлемі өткен жылдардан қалған қалдық астықты есепке алғанда, болжанып отырған түсімді сақтау үшін жеткілікті», — деді С. Омаров.

Сонымен қатар, әкімдіктер элеваторлардың 2020 жылғы егінді қабылдауға деген дайындығына, сондай-ақ карантиндік шараларды ықтимал күшейту мүмкіндігін ескере отырып, танаптардан астықтың элеваторларға үздіксіз тасымалдануына тұрақты мониторинг жүргізіп отыруы қажет.

«Жиналған өнімнің (18 млн тонна) 3,5 млн тоннасы азық-түліктік мақсатқа, 4,2 млн тоннасы жемшөпке, 2,1 млн тоннасы тұқымдық мақсатқа, 700 мың тоннасы өнеркәсіптік өңдеуге бағытталатын болады. Болжанып отырған түсім белгілі бір көлемдерді экспортқа жөнелтуге де мүмкіндік беретін болады. Бұл ретте биыл экспорттық стратегияның өткен жылдардан өзгешелігі болмайды және дәстүрлі нарықтарда басым орындардың сақталуымен сипатталады. 2020/2021 маркетингтік жылға арналған экспорттық әлеует ұнды қоса есептегенде 7,5-8 млн тоннаны құрайды», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

С. Омаров атап өткендей, қазіргі уақытта бірінші кезектегі міндет өсірілген егінді шығынсыз жинап алу болып табылады, бұл ретте Қазгидромет болжамына сәйкес қыркүйек айында республиканың солтүстік-шығыс бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болатынын ескеру қажет.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев 2020 жылғы күзгі дала жұмыстарын жүргізу мақсатында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп «2020 жылғы дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды МӨЗ-ге бекіту кестесін» әзірледі, оның шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қажеттілік 395 мың тонна көлемінде бекітілді. Осы жылдың 21 тамызындағы жағдай бойынша 26,9% орындалды. Жоспарланған 395 мың тоннаның 106,2 мың тоннасы тиеп-жөнелтілді, оның ішінде:

  • шілдеде 92,7%, жоспарланған 74,6 мың тоннаның 69,2 мың тоннасы тиеп-жөнелтілді;
  • тамызда 25,9%, жоспарланған 142,7 мың тоннаның 37 мың тоннасы тиеп-жөнелтілді;
  • бекітілген кесте бойынша қыркүйек айында 140,8 мың тонна, қазан айында 36,8 мың тонна тиеп-жөнелту жоспарлануда.

Тиеп-жөнелту төлемге сәйкес жүргізілуде.

2020 жылдың күзгі-дала жұмыстарын жүргізу үшін дизел отынының ұсынылатын бағасы қосымша құн салығын қоса алғанда зауытта тоннасына 178 000 теңгені құрайды немесе литріне 147 теңге (FCA шартымен – тиеп-жөнелту станциясы).

2020 жылдың күзгі-дала жұмыстарын жүргізу үшін дизел отынының ұсынылатын бағасы қосымша құн салығын қоса алғанда зауытта тоннасына 178 000 теңгені құрайды немесе литріне 147 теңге. Жеткізу мен сақтауды ескере отырып, АШТӨ үшін болжамды бағасы МӨЗ-ден қашықтығына байланысты литріне 155-169 теңге болуы мүмкін. Жанармай құю станциясының бағасы литріне 178-ден 193 теңгеге дейін.

«Ауыл шаруашылығы қажеттігі үшін дизель отынының арзандатылған құны жанар-жағар май нарығының қатысушыларымен келісім бойынша анықталады», — деді Н. Ноғаев. 

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев биыл Ақмола облысында ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабының көлемі 5 млн гектарды құрағанын, оның ішінде: дәнді және бұршақ дәнді дақылдар – 4,4 млн га (2019 жылғы деңгейден 17,4 мың га артық), майлы дақылдар – 210 мың гектардан астам, картоп – шамамен 16 мың га (87 га артық) және көкөністер – 3,5 мың га (өткен жылғы деңгейден 55 га артық), мал азығы – 181 мың га екенін атап өтті. 

Егін жинауға 8 мыңнан астам астық жинау комбайны қатысады, оның ішінде қазіргі заманғы жоғары өнімді техника — 3,5 мыңнан астам, сондай-ақ 2,5 мың дестелегіш (2020 жылы 67 астық жинау комбайны, 219 трактор, 41 егін егу кешені сатып алынды).

«Бүгінгі таңда дәнді және бұршақ дәнді дақылдарының 654 мың гектары орылды (егістік алқабынан 14,8%), шығымдылығы гектарынан 9,4 центнерді құрайды. Жаңа астықты қабылдау үшін 4,2 млн тонна жалпы сақтау сыйымдылығымен 65 астық қабылдау кәсіпорны дайын. Жалпы, ауыл шаруашылығы құрылымдарының астық сақтау қоймаларын ескере отырып, 6,6 млн тоннадан астам астықты сақтау үшін мүмкіндік бар», — деді Е. Маржықпаев.

Күзгі-дала жұмыстарын жүргізу үшін 73 мың тонна кепіл берілген дизель отыны бөлінді. 

Өз кезегінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов дәнді дақылдар жинайтын алқап облыс бойынша 4 млн 051 мың гектарды құрайтынын атап өтті. Майлы дақылдар 640,5 мың гектар, бұл өткен жылғыдан 130,4 мың гектарға артық. Соңғы 4 жылда әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдар алқабы 289 мың гектарға ұлғайтылды. 10 тамыздан бастап шаруашылықтар егін жинауға кірісті, бүгінгі күні 591,4 мың гектар дәнді дақыл бастырылды немесе 14,7%.

«Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржыландыру айтарлықтай өсті. Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 29,3 млрд теңге алынды. “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамы арқылы 22,5 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылғыдан 8,9 млрд теңгеге артық. Оның ішінде 3,2 млрд теңге қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы бойынша алынды», — деді А. Мұхамбетов.

Егін жинау жұмыстарына қолда бар барлық комбайн паркі — 9,1 мың бірлігі қатысуда. Облыс тауар өндірушілерінің техникалық жарақтандырылуын ұлғайтуға «АгромашХолдинг КZ» акционерлік қоғамы айтарлықтай қолдау көрсетуде. 2019-2020 жылдары кәсіпорын 445 «Есіл» комбайнын жасап шығарды. Тауар өндірушілер жанар-жағар маймен қамтамасыз етілген, бөлінген көлемдері жеткілікті.

«Өнімді сақтау сыйымдылығы 8,2 млн тоннаға арналған. Соңғы 3 жылда облыста қосымша 950 мың тонна өнімді сақтау сыйымдылықтары енгізілді, жиынтық өнімділігі тәулігіне 53 мың тонна астық болатын 44 кептіру агрегаты сатып алынды. Бұл қуаттылықтар өсірілген өнімді уақытылы өңдеу, кептіру және сақтау үшін жеткілікті. Жалпы, барлық жұмыстар штаттық режимде жүргізілуде», — деді Қостанай облысының әкімі.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов қазіргі уақытта астықтың 14,7% жиналғанын атап өтті. Шығымдылық — гектардан 14 центнер. 22,5 мыңнан астам гектар алқаптан майлы дақылдар жинап алынды. Шығымдылығы — гектардан 9 центнер. Облыс бойынша бастыруда орташа тәуліктік өнімділік 160-170 мың га немесе жалпы ауданның 4-4,5%-нен артық болады.

«Егін жинау жұмыстары 4,2 млн гектар алқабында жүргізілетін болады. Импорт алмастыру аясында қарақұмық алқабы 2,5 есеге (1,7 - 4,2 мың га), асбұршақ алқабы 41-ден 54 мың га-ға ұлғайды», — деді Қ. Ақсақалов.

 Өңір диқандары 100 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Жыл соңына дейін тағы 30 мың тонна енгізіледі.

Жыл басынан 35 млрд теңгеге 1 480 бірлік жаңа техника алынды. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда, техника саны бойынша 20 пайызға, ал ақшаға шаққанда 1,5 есе көп.

«Облысқа 75 мың тонна арзандатылған дизель бөлінді. Жанар-жағармай бойынша проблема жоқ. Астық сақтау қоймаларының сыйымдылығы 6 млн 600 мың тонна. Бұл өңірдің қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Жалпы, қажетті іс-шаралардың барлығы уақытында және толық атқарылды, бұл орақ науқанын белгіленген мерзімде өткізуге мүмкіндік береді», — деді Қ. Ақсақалов. 

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек дәнді дақылдарды жинау көлемі 896 мың гектарды құрағанын атап өтті. Оның ішінде бидай 682,8 мың гектар, картоп 15,4 мың гектар, көкөніс 3 мың гектар және майлы дақылдар 23,2 мың гектарды құрайды.

«Бүгінде дәнді дақыл егістіктері алқабының 67%-ы жақсы, 27,5%-ы – қанағаттанарлық, 3%-ы – нашар (27,3 мың га) және 2,5%-ы (21,3 мың га) тамыз айының басында бұршақ ұруына байланысты жарамсыз жағдайда. Астық негізінен 1,1% (9,6 мың га) сүтті, 34,2% (306,6 мың га) сүтті балауыз, 54,5% (488,8 мың га) – балауыз және 10,2% (91,1 мың га) толық пісу фазасында», — деді Ж. Қасымбек .

Биылғы 25 тамыздағы жағдай бойынша 72,9 мың гектар алқап бастырылды (8,1%). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға артық. Орташа түсімділігі гектарына 10 центнерден 72,6 мың тонна астық жиналды. Егін ору жұмыстарына 2 345 астық ору комбайны қатысуда.

Күзгі дала жұмыстарына бөлінген жеңілдетілген дизель отыны кестеге сәйкес тасылуда. Жалпы, облыс бойынша астықтың қажетті көлемін сақтауға қамба жеткілікті. Ылғалды астықты кептіруге қолда бар кептіргіштер дайындық санатына қойылды. Егін орағы күнделікті бақылауда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу