БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Қазақстанды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Өңірлік экологиялық саммит алаңында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) әкімшісінің орынбасары Хаолян Шумен кездесті.

Серік Жұманғарин БҰҰДБ Қазақстанның орнықты дамуды, институционалдық реформаларды және өңірлік саясатты ілгерілетудегі негізгі әріптесінің бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Қазіргі уақытта біз өңірлік дамуға, "жасыл" трансформацияға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған БҰҰДБ-ның 2021–2025 жылдарға арналған Елдік бағдарламасын бірлесіп іске асырдық», — деп атап өтті ол.

Бағдарлама шеңберінде Абай және Ұлытау облыстарының Өңірлік даму бағдарламаларын, сондай-ақ жергілікті деңгейде Орнықты даму мақсаттарын іске асыруды институционалдық қолдауды қамтитын «Орнықты даму: Жаңа өңірлердегі жергілікті деңгейдегі теңсіздік проблемасын шешу» жобасы іске асырылуда.

«БҰҰДБ-мен ынтымақтастық біздің ұлттық басымдықтарымызды-экономиканы әртараптандыру, өңірлерді дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды құралы. Біз бағдарлама өңірлер үшін барынша тиімді нақты және өлшенетін нәтижелерге бағдарланады деп күтеміз», —  деп атап өтті вице-премьер.

БҰҰ жобаларының практикалық бағытын күшейту үшін қазақстандық тарап өңірлік жобалар үшін сыртқы қаржыландыруды жұмылдыру жөніндегі құрамдас бөлікті кеңейтуді, бүкіл ел бойынша табысты тәжірибелерді масштабтауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірлік деңгейде жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылды жандандыруды ұсынды.

Өз тарапынан Хаолян Шу Қазақстанды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Ол Отбасының цифрлық картасын дамыту, экологиялық ресурстарды бағалау тәсілдерін жетілдіру және дәрілік заттарды сатып алу жүйесін реформалау сияқты бірқатар бағыт бойынша табысты ынтымақтастықты атап өтті. Бұл ретте Отбасының цифрлық картасы Қазақстанның мемлекеттік органдарымен әріптестікте БҰҰ Даму Бағдарламасының қолдауымен іске асырылып жатқаны және әлеуметтік саясатты цифрлық трансформациялаудың флагмандық жобасының бірі екендігі атап өтілді.

«"СК-Фармация" ЖШС-мен ынтымақтастық шеңберінде 2,4 мың дәрі-дәрмек атауының ішінен біз 20 бірегей препаратты сатып алуға қатысып, олардың бағасын орта есеппен 50%-ға төмендетуге қол жеткіздік. 2018 жылдан бері бұл шамамен $43 млн үнемдеуге мүмкіндік берді», — деді ол.

Мемлекеттік басқаруды цифрландыруға да ерекше назар аударылды. БҰҰДБ өкілінің айтуынша, маңызды міндет — әртүрлі ақпараттық жүйелерді шешім қабылдауды қолдаудың бірыңғай жүйесіне біріктіру.

«Дерек көп, бірақ оларды бірыңғай аналитикалық платформаға біріктіру басқару шешімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Пилоттық жобаны сәтті жүзеге асырған жағдайда, бұл тәсіл көптеп таратылуы мүмкін», — деп атап өтті Хаолян Шу.

Ол сондай-ақ БҰҰДБ-ның бастамаларды одан әрі бірлесіп дамытуға дайын екендігін атап өтті: «Бұл бастамаларыңызды біз бірлесіп шешуге дайынбыз. Ынтымақтастықты жалғастыруға сенеміз».

Кездесу барысында қазақстандық тарап өңірлік саясаттың басымдықтарын да атап өтті. Атап айтқанда, өңірлік стандарттар жүйесіне (ӨСЖ) негізделген жаңа бюджеттік модель өңірлер ішінде әлеуметтік, көліктік  инфрақұрылымды дамытудағы теңгерімсіздікті қысқартуға бағытталғаны атап өтілді. ӨСЖ-нің негізгі мақсаты — елді мекендердегі өмір сүру жағдайын теңестіру, әсіресе ауылдық жерде жұмыспен қамтуды арттыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.

#Инвестициялар #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық #Экология #Өңірлік саясат

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу