Бұзылған жол учаскелері мен құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда — Марат Қарабаев

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқыны салдарын жою және олардың алдын алу мәселелері қаралды. Өз кезегінде көлік министрі Марат Қарабаев су тасқыны кезінде көлік саласында қабылданған шаралар туралы баяндады.

Көлік министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл елімізде орын алған ауқымды су тасқыны кезінде «Air Astana», «SCAT» және «FlyArystan» әуекомпаниялары 11 сәуірден бастап 20 сәуірге дейін Атырау қаласынан Астана, Алматы, Шымкент және Ақтау бағыттары бойынша жалпы сыйымдылығы 14 217 орынды құрайтын қосымша 76 рейс орындаған.

Сондай-ақ әуетасымалдаушылар тарапынан 100 тоннадан астам гуманитарлық жүк тасымалданып, пойыздардың үздіксіз және қауіпсіз жол жүрісін қамтамасыз ету үшін шайып кетуге қарсы 45 пойыз қалыптастырылған. Сонымен қатар 83 су қоймасы мен бөгеттерге тұрақты мониторинг ұйымдастырылды.

«Халықты эвакуациялау кезеңінде 30 мыңға жуық жолаушы тасымалданды. Жүк тасымалдары бойынша, 1,1 мың ауыр техника жеткізу үшін теміржол платформасының 700 бірлігі бөлінді. Зардап шеккен өңірлерге 10 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді. Су тасқыны салдарын жою үшін бұзылған жол учаскелері мен құрылыстарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда», — деп мәлімдеді министр. 

Оның айтуынша, су тасқыны салдарынан республикалық жолдардың 122 учаскесінде жол жиектері мен жол қабаты шайылып, шығын 8,5 млрд теңгені құраған. Қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру толық көлемде көзделген.

Бүгінгі таңда, республикалық бюджет есебінен 102 учаскеде жұмыстар толығымен аяқталды. Қалған 20 учаскеде жұмыстар Қазақстан даму банкінің қаражаты есебінен жүргізілуде. Аталған учаскелер құрылыс жұмыстары мерзімінің соңына дейін аяқталады.

Жергілікті жолдар бойынша 10 өңірде жол жиегінің шайылуы, 414 учаскеде жол қабаты мен құрылыстардың бұзылуы анықталды. 

«Жергілікті бюджет есебінен 233 учаскеде қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталды. Қалған 181 учаскеде жұмыстар жүргізілуде және олар жыл соңына дейін толығымен аяқталады», — деді спикер. 

Сонымен қатар Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша 88 учаскені қалпына келтіру үшін Үкіметтің төтенше резервінен 29 млрд теңге қаржы бөлінді. Жұмыстар құрылыс мерзімінің соңына дейін аяқталады.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімдігі 26 учаскені қалпына келтіруге Үкімет резервінен 1 млрд теңге қаражат бөлу үшін тиісті есептер дайындады. 

Қазіргі таңда, Министрлік қаулы жобасының келісу рәсімдерін жүргізуде.

«Су тасқынының салдарын жою үшін барлық қажетті шаралар қабылданып, Министрліктің тұрақты бақылауында», — деп қорытындылады сөзін Марат Қарабаев. 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу