Бюджеттің алғашқы жарты жылдағы кірісі 11 трлн теңгеден асып жығылды

Үкімет отырысында қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік бюджеттің атқарылуы, Арнаулы мемлекеттік қорға түсетін түсімдер, мемлекеттік қарызды басқару, салықтық әкімшілендіру нәтижелері, жекешелендіру бағдарламасын іске асыру және автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту барысы туралы баяндады.

Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, мемлекеттік бюджеттің кірістері шамамен 11 трлн. теңгені немесе жоспарға қатысты 106,4%-ды құрады. Республикалық бюджет 31 млрд. теңгеден аса артығымен орындалып, 100,5% атқарылды. Бұл импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кедендік баж және корпоративтік табыс салығы түсімдерінің есебінен қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджеттер де сенімді өсім көрсетті: кірістер 117% немесе 656,6 млрд. теңгеге атқарылды. Жоспардың артығымен орындалуы жеке табыс салығы, корпоративтік табыс салығы және әлеуметтік салық есебінен қалыптасты.

Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда кірістердің өсу қарқыны мемлекеттік бюджет бойынша 118,8%, оның ішінде республикалық бюджет бойынша 122% және жергілікті бюджет бойынша 114,3% құрады.

Сонымен қатар, салықтық, кедендік әкімшілендірудің арқасында 492 млрд. теңге қосымша түсімдер қамтамасыз етілді.

Министр жыл басынан бері қосылған құн салығын қайтару көлемі өткен жылдың деңгейінен 12%-ға артық орындалып, 768 млрд. теңгені құрағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – жай ғана цифрлардың өсуі емес, экономикаға өтімділіктің нақты ағыны, экспорттаушыларды, өндірушілерді және аграрийлерді қолдау. Мұндай серпінге, қосымша құн салығын қайтарудың жеңілдетілуімен және экспорттаушылардың өтінімдерін басымдық бере отырып қараумен қол жеткізілді. 2025 жылы өтемақылар/дың жалпы көлемі, шамамен 2 трлн. теңге деңгейінде болжануда.

Мемлекеттік бюджет шығыстары 92%, республикалық бюджет 91,5%, жергілікті бюджет 96,3% атқарылды. Республикалық бюджеттің негізгі шығыстары келесі салаларға бағытталды: әлеуметтік блокқа – 4,3 трлн теңге, өңірлерді қолдауға – 3,6 трлн теңге, нақты секторға – 800 млрд теңге бөлінді. Барлық негізгі әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалды, соның ішінде: зейнетақы мен жәрдемақы – 3,2 трлн. теңге, өңірлерге субвенциялар – 2,9 трлн. теңге, міндетті медициналық сақтандыру қорына бағытталған нысаналы жарна сомасы – 794 млрд теңгені құрады. Ал осы кезеңде жергілікті бюджеттер әлеуметтік сала мен негізгі қызметтердің басымдық бере отырып қаржыландырылды. Жалпы сома 8 трлн. теңгені құрады.

Әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда Арнаулы мемлекеттік қор үлкен рөлге ие. Оған  Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 434,3 млрд. теңге түсті. Бүгінгі таңда, бұл сомадан 318,1 млрд теңгеге 406 әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылды. олардың арасында 230 сумен жабдықтау және су бұру желісіндегі, 162 денсаулық сақтау саласындағы, 10 білім саласындағы, 4 спорт саласындағы жобалар бар.

Мәди Такиев сондай-ақ, мемлекеттік қарыз 1 шілдедегі жағдай бойынша жыл басынан бері 40 млрд. теңгеге ұлғайып, 31,9 трлн. теңгені немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 21,1%-ды құрағанын хабарлады. Негізгі өсу факторы – республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру және бұдан бұрын тартылған қарыздарды игеру.

Бұл ретте, жалпы ішкі өнімнің өсімі қарқынының арқасында, мемлекеттік қарыздың жалпы ішкі өнімге қатынасы төмендеуі жалғасуда, мәселен, 2020 жылғы 29,2%-дан 2024 жылы 23,5%-ға дейін азайды. Осылайша, 2030 жылға дейінгі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқару тұжырымдамасында белгіленген жалпы ішкі өнімге 32% көлеміндегі мемлекеттік қарыз лимиті сақталып отыр.

Министр жыл басында қолданысқа енген «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңның алғашқы нәтижелеріне бөлек тоқталды. Мұндағы Негізгі нәтижелерді өткен жылмен салыстыратын болсақ, біріншіден, шарттар сомасының көлемі 2 есеге өскен, екіншіден, берілген шағымдар үш есе азайған, үшіншіден, отандық тауар өндірушілерден сатып алу сомасы 2,5 есеге, жасалған келісімшарттар саны 43%-ға өскен, төртіншіден, сатып алу мерзімдері 3-6 есеге қысқарған. Мысалы, сатып алу жарияланғаннан бастап, шарт жасалғанға дейін 7-8 жұмыс күні ішінде сатып алу жүргізілген нақты кейстер бар. Осылайша, жаңа Заң ресми кедергілерді жойды, бәсекелестікті арттырып, бизнестің сатып алуға қолжетімділігін қамтамасыз етті.

Автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту үздіксіз логистика мен сыртқы сауда ағынының негізгі көзі болып табылады. Бүгінгі таңда, Қапланбек, Атамекен, Көлжат және Алакөл сияқты төрт пункт пайдалануға берілді. Жылдың соңына дейін қалған 5 пункт кезең-кезеңімен іске қосылатын болады. Осылайша, жаңғырту еліміздің сыртқы шекарасындағы тиісті пунктерді 100% қамтиды. Бүгінгі таңда, өткізу қабілеті орта есеппен 25%, оның ішінде Қытаймен шекарада – 37% ұлғайды. Пунктердегі өту уақыты 9 сағаттан 3 сағатқа дейін қысқарды. CargoRuqsat электронды кезек іске қосылып, 55 мың жүргізуші мен 145 мың көлік құралы тіркелді. Жаңғырту аяқталғаннан кейін, барлық өткізу пункттері бизнес пен азаматтардың жылдам, қауіпсіз және ашық өтуін қамтамасыз ететін, сыртқы шекараны басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесіне қосылатын болады.

Сөз соңында Мәди Такиев жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары туралы айтты. Ол 638 объектіні қамтыды. Бүгінгі таңда 396 объект немесе 73% бәсекелес ортаға беріліп, түсімдер 922 млрд. теңгені құрады. Қазіргі таңда 153 объект – сатылым алдындағы дайындықта, 20 объект – сатылымда, 69 объект - таратылу немесе жойылу үстінде. Сонымен қатар, Ұлттық жекешелендіру офисімен бірлесе отырып, Кешенді жоспарға қосу үшін 475 объект әзірленді.

#Бюджет #ҚР Қаржы министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу