Дезинфекциялық құралдар мен минералды тыңайтқыштарға деген сұраныс химия өнеркәсібі өндірісінің өсуіне себеп болды — Б. Атамқұлов

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өнеркәсіптегі жағдай туралы баяндама жасады. Осы жылдың 2 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі секторларында 106,1% жиынтық көрсеткішпен оң үрдіс байқалады.

«Машина жасау саласында 121,2% өсім болды. Автокөлік құралдары, трейлерлер және ашық тіркемелер, машиналар мен жабдықтар өндірісі, өзге де көлік құралдары, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар, электр жабдықтарын жасау, жөндеу және орнату көлемі артты», — деді министр Б. Атамқұлов.

Сондай-ақ, оның айтуынша, түсті металлургияда да оң динамика сақталып, өсім 5,4% болды. Оған тазартылған алтын, тазартылған күміс, құйма алтын, түйіршіктердегі күміс, катодты мыстың және басқа да көрсеткіштердің өсімі есебінен қол жеткізілді. 

Қара металлургияда нақты көлем индексі 100,1% құрады. Шойын, ферро-силико-марганец өндірісі өсті.

Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 9,2% артты. Шығарылатын өнім көлемі «Химфарм» акционерлік қоғамында 3 есе және «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасында» 27% ұлғайды. Саладағы өсім негізінен халықтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға деген сұранысының артуы есебінен болды.

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 3,5% өсті. Оған киімнің және былғары өнімдердің ұлғаюы әсер етті.

Дезинфекциялық құралдар мен минералдық тыңайтқыштарға сұраныстың артуы химия өнеркәсібінің өндіріс көлемін арттырды. Өсім 14,1% құрады.

Құрылыс материалдары өндірісі 122,9% болды. Оған портланд-цемент, гипс өндірісінің артуы есебінен қол жеткізілді.

Сонымен қатар Б. Атамқұловтың айтуынша, транзиттік контейнерлік тасымалда оң динамика сақталды. Көрсеткіш 156,5 мың жиырма фунттық баламаны құрады. Өсім 79% болды. Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 0,55 млрд тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 96,5% құрады.

«Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларында 109,7% болды. 15 өңірде оң көрсеткіш тіркелді», — деді ҚР ИИДМ министрі. 

Сондай-ақ тұрғын үй құрылысында биылғы екі айда 1 893 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Яғни, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 112,8% құрады. 

Республика бойынша барлығы 15 807 баспана пайдалануға берілді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш барлық өңірде артты.

Жалпы биыл елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу