2019 жылы республикалық бюджет кірістері 7 трлн 81 млрд теңгені құрайтын болады - ҚР ҰЭМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылға арналған республикалық бюджет нақтыланды. Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов негізгі макрокөрсеткіштер және бюджет параметрлерінің болжамы туралы баяндады, ал қаржы министрінің бірінші орынбасары Б. Шолпанқұлов 2019 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджеттің жобасымен таныстырды.

Р. Дәленовтың айтуынша, 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылағанда еліміздің Әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін сақтау ұсынылады. Бұл - 3,8 % деңгейіндегі ЖІӨ өсімі, 89 млн тонна көлеміндегі мұнай өндіру. 

«Әлемдік мұнайдың бағалары жоғары құбылмалылығын көрсетеді. Осыны ескере отырып мұнайдың болжамды бағасы барреліне $55 доллар деңгейінде сақталды. Жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 4,0-6,0% шегінде сақталған», — деді ұлттық экономика министрі.

Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы параметрлерінің сақталу факторлары келесідей: сыртқы нарықтар бойынша болжамның сақталуы, а.ж. 9 айдағы көрсеткіштер динамикасы, сондай-ақ ағымдағы жылғы наурыз айында енгізілген түзетулер.

Р. Дәленов айтқандай, республикалық бюджет кірістерін  12,0 млрд теңге салықтық түсімдерді және 83,0 млрд теңге салықтық емес түсімдер есебінен 95 млрд теңгеге арттыру ұсынылады. 

Салықтық емес түсімдер  девиденттердің түсуінің 50 млрд теңгеге,  66 млрд теңгеге дейін өсуі, 33 млрд теңгеге нақты түсімдер есебінен 83 млрд теңгеге артады. 

«Жалпы, республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есептемегенде) 2019 жылы 7 трлн 81 млрд теңгені құрайды», — деді ұлттық экономика министрі.

         Түсімдер түрлері бойынша кірістердің құрылымы өзгермейді. Ең үлкен үлесті қосылған құн салығы (2,8 трлн теңге), корпоративтік табыс салығы (2 трлн теңге), халықаралық саудаға салынатын салықтар (1,5 трлн теңге) құрайды.

Республикалық бюджеттің тапшылығы бұрын бекітілген 1 трлн 365 млрд теңге деңгейінде сақталған. Жалпы ішкі өнімге қатысты бұл 2,1% құрайды.

Мұнай емес тапшылық, яғни мұнай кірістерін қоспағанда, жалпы ішкі өнімге қатысты 8,5% немесе 5,5 трлн теңгені құрайды. Мұнай емес тапшылықтың параметрлері бекітілген фискалдық ережелерге сәйкес келеді.

Р. Дәленов нақтылағандай, түсімдердің жалпы көлемі 95 млрд теңгеге өседі және 10,7 трлн теңгені құрайды. Трансферттердің түсімдері, оның ішінде Ұлттық қордан трансферттер өспейді.

«Шығыстар 95 млрд теңгеге артады, бұл кірістердің өсуімен сәйкес келеді. Республикалық бюджеттің шығыстар көлемі 12 трлн теңгеден асады. Осылайша, түсімдер 10,7 трлн теңгені, шығыстар 12 трлн теңгені, тапшылық 1,4 трлн теңгені құрайды», — деп қосты ұлттық экономика министрі.

Өз кезегінде, бірінші қаржы вице-министрі Б. Шолпанқұлов бюджетті нақтылауды ағымдағы жылдың сәуірінде түзетулер енгізілген елдің 2019 жылға арналған Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштерін сақтай отырып жүргізу ұсынылатыны айтты. 

Нақтылау жобасында ағымдағы жылдың бюджетін атқару шеңберінде Үкімет алдына қойылған бірқатар міндеттерді шешу көзделген.

Бірінші міндет. Әлеуметтік салада шұғыл қаржыландыру мәселелерін шешу.

Б. Шолпақұлов жеткізгендей, бұл мақсаттарға 84,8 млрд теңге көзделген, оның ішінде: 36,9 млрд теңге алушылар контингентінің ұлғаюына байланысты атаулы әлеуметтік көмек төлемлеріне, 23,3 млрд теңге медициналық көмек көрсетуге және денсаулық сақтау объектілерінің құрылысын жалғастыруға, 2,7 млрд теңге мәдениет пен спортты дамытуға бөлінді.

Екінші міндет. Кейінгі жылдары экономиканың өсу қарқынын арттыру үшін қосымша көздердің негізін қалау.

Бірінші қаржы вице-министрінің айтуынша, осы міндет шеңберінде нақтыланған бюджет жобасында 136,8 млрд теңге көзделген, оның 36,7 млрд теңгесі - жолаушылар вагондары паркін, санитарлық техниканы және машина жасау саласының жобаларын жаңартуды қаржыландыру үшін өңдеу өнеркәсібін қолдауға, 21,1 млрд теңгесі әуе паркін дамытуға және мамандандырылған әуе кемелерімен толықтыруға, 17,1 млрд теңгесі салымшыларға тұрғын үй қарыздарын беру және салымдар бойынша сыйақылар төлеу үшін, 8 млрд теңгесі Павлодар және Ақтөбе облыстарының сұранысқа ие суармалы жерлерінің гидромелиоративтік жүйелерін реконструкциялауға, 7,2 млрд теңгесі Жамбыл облысы халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асыруға бөлінді.

Үшінші міндет. 4 тоқсанға шұғыл міндеттерге арналған Үкімет резервінің қолайлы деңгейін қамтамасыз ету.

Көрсетілген міндеттерді қаржылық қамтамасыз етуді шығыстарды қайта бөлу және 94,9 млрд теңге мөлшерінде ағымдағы жылдың 9 айының қорытындылары бойынша бюджет түсімдерін түзету жолымен жүзеге асыру ұсынылады.

«Осы өзгерістерді ескере отырып, 2019 жылға арналған республикалық бюджеттің негізгі параметрлері былайша қалыптасты: түсімдер – 10 663,5 млрд теңге; шығыстар – 12 028,1 млрд теңге; бюджет тапшылығы – 1 364,6 млрд теңге немесе жалпы ішкі өнімге 2,1 %», — деп түйіндеді Б.Шолпанқұлов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу