ҚР-ның банк жүйесі бойынша жұмыс істемейтін қарыздар үлесі 13% дейін төмендеді - Ұлттық банк

Банк жүйесі бойынша жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі 2015 жылдың 1 шілдесінде максималды 33,7%-дан 13%-ға төмендеді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі. 

Мемлекет басшысының банктердің несие портфельдеріндегі проблемалық несиелердің деңгейін 2015 жылы 15%-ға дейін және 2016 жылғы 1 қаңтарда 10%-ға дейін төмендету бойынша тапсырмасын іске асыру шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп салық заңнамасына, Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізді. Сондай-ақ, банктерде мерзімі өткен қарыздарды төмендету жөніндегі бірыңғай саясат жүзеге асырылып, онда банктер үшін мерзімі өткен қарыздарды басқарудың бірыңғай тәсілдері, құралдары мен шаралары белгіленді.

Естеріңзге салсақ, 2008 жылдың соңында жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі банк жүйесі бойынша небәрі 5,2% немесе 476 млрд. теңге болды. Бір жылдан кейін бұл көрсеткіш 21,2%-ға дейін өсіп, 2 трлн. теңгені құрады. 2013 жылдың соңында банк жүйесі бойынша жұмыс істемейтін қарыздардың деңгейі 31,2% немесе 4,2 трлн. теңге болды. Бес жылдық кезеңде проблемалық берешектің өсуі 3,7 трлн. теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздардың ең көп үлесі 33,7% (4,9 трлн. теңге) болды.

«Аталған мәселенің мониторингін және үйлестірілуін қамтамасыз ету үшін мерзімі өткен қарыздарды төмендету қызметін бағалау мен бақылау жөніндегі комиссия құрылды. Ұлттық Банк бұл комиссияның отырыстарын он күн сайын өткізіп жатыр. Екінші деңгейлі банк өкілдері екінші деңгейдегі банктер кепілдерді есептен шығару болмаса кешіру, қайта құрылымдау, сот тәртібімен және соттан тыс тәртіппен өндіріп алу, қабылдау, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін иеленетін банктердің еншілес ұйымдарына, коллекторлық ұйымдарға қарыздарды беру жолымен жұмыс істемейтін қарыздарды төмендету жөніндегі іс-шаралардың орындалуы туралы есеп беріп жатыр», - делінген хабарламада.

Сонымен бірге «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ жұмыс істемейтін қарыздарды төмендету міндеттемесіне негізделген қаржыландыру тетігін іске асырды.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу