14 Қаңтар 2019, 18:32

PrimeMinister.kz ресми ресурсының алаңында өткен сұхбатта «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев мүлікті меншіктенушілер бірлестіктерін (ММБ) құру және E-Shanyraq бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу туралы айтып берді.
Н. Жиенбаев елімізде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласында алдағы уақытта болатын реформа туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, ПИК-ті ММБ-мен (мүлікті меншіктенушілер бірлестіктері) алмастыру туралы заң бүгінде Парламентте және Комитеттерде талқылануда.
Егер пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК) қазіргі түсінік бойынша пәтерлер аясында үйді басқаратын (үйдің кіреберістерін жинау/тазалау) болса, онда коммерциялық емес ұйымның жаңа формасы — мүлікті меншіктенушілер бірлестіктері (ММБ) — әрбір үйді басқарудың дербес тәсілін қарастырады.
«Сізде үй бар, сіз үлескерлік меншікке иесіз. Сіздің мүлкіңіз – тек пәтер емес, бұл – шатырдың бір бөлігі, жертөленің, үйдің бір бөлігі. Қазіргі таңда кейбір жертөлелер мен шатырларды ПИК пайдаланады, жалға беріледі, ұялы антенналар орнатылады, ақшалай пайда көзі болып тұр. Дегенмен, тұрғындар бұдан еш пайда көріп отырған жоқ. Кей жағдайларда суға немесе электр көзіне артығымен төлейді. Көптеген бұзушылықтар орын алуда. Олар бұл өздерінің ортақ мүлкі екенін көрген кезде, оған барлығы иелік ететін болады. Басқарушы компания түскен ақша есебінен қосымша қызмет көрсететін болады, қандай да бір игілікті жағдайлар жасап, балалар алаңдарын салып, күрделі жөндеуге қосымша жарна салады. Бұл оларға неғұрлым тиімді әрі ауқымды түрде басқаруға жол ашады», — деді Н. Жиенбаев.
Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында 14,5 мыңға жуық ПИК және басқарушы компания тіркелген. «ТКШ қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының пікірінше, бұл — тым көп.
«Басқарушы компаниялар экономиканың нақты секторы аясында кәсіби деңгейге шығуы үшін, олар сенімге кіре білуі керек. Бұндай компаниялар ең көбі 300-500 шамасында болуы тиіс. Олар сапалы қызметтер ұсынса, халық оларға сенетін болады. Бүкіл әлемде осындай жағдай қабылданған. ММБ – үйді басқарудың өте жақсы құралы. Адамдар тек пәтерге емес, жалпы үйге жауапты екендерін түсінуі керек», — деді Н. Жиенбаев.
Сонымен қатар, ол бүгінгі ПИК-тер өзгертілуі керек екенін атап өтті.
«Олардың ең табыстылары мен мықтылары осы жұмысты әлдеқашан қолға алды деп ойлаймын. Мен бұл жағдайды бақылауға алдым. Қарағандыда ПИК-тің басқарушы компанияға түрленуі секілді тамаша мысалдар бар. Қазіргі күні оның басқаруында 100-ден астам үй бар. Тұрғындардың барлығы бақытты деуге болады, жұмысқа көңілдері толады, ешқандай шағымдары жоқ. Ілгерілеу бар. Біз жаңа шынайылықтарға, цифрлық алаңға бейімделуіміз керек. Цифрландыру жүріп жатыр, жаңа технологиялар енгізілуде», — деді Н. Жиенбаев.
E-Shanyraq тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай ақпараттық жүйесін іске қосу туралы айта отырып, Н. Жиенбаев бүгінгі таңда жүйенің пилоттық режимде жұмыс істеп тұрғанын айтты. Оған 5 мың көппәтерлі тұрғын үйлер қосылған, цифрлық паспорттар басталған, алайда халық әзірге бұл жүйемен жұмыс істемейді.

Басқарма төрағасының айтуынша, алдағы бір-бір жарым айда халыққа мобильдік қосымшалар қолжетімді болады. Қазірдің өзінде тұрғындардың, табиғи монополиялар субъектілерінің, жергілікті атқарушы органдардың жеке кабинеттері ашылған, есептеу құралдарынан деректер беріледі, талдау жасалып, үлкен деректер жинақталуда. Олар келешекте елімізде өндіріс пен энергия ресурстарын тұтынудың теңгеріміне қол жеткізуде құнды материалдар болады.
Мобильді қосымшаның жеке кабинеттерінде пайдаланушылар үйлердің, басқарушы компаниялардың электронды паспорттарын көріп, дауыс беріп, өздерінің ағымдағы шоттарын бақылай алады, сондай-ақ қызметтердің ақыларын төлеп, тарифтерді таңдай алады.
Нұрсұлтан Жиенбаевтың айтуынша, қазақстандықтар үшін аталған жүйеден келетін ең үлкен пайда — айқындық. Бұл — қызметтер құнын есептеу, мемлекеттік органдармен, басқарушы компаниялармен өзара тиімді іс-қимыл орнату. Бұл интеллектуалды жүйе — мәліметтерді өзгерту мүмкін емес. Егер кімде-кім өзінің міндеттерін дұрыс орындамаса, басқарма төрағасының айтуынша, ол жазылып отырады. Алдағы уақытта ТКШ секторының жосықсыз қатысушыларының тізімі жасалуы мүмкін.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу