E-Shanyraq барлық тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын «ақылды» етуге мүмкіндік береді — Н. Жиенбаев

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев E-Shanyraq зияткерлік ақпараттық жүйесін әзірлеу туралы айтып берді.

Нұрсұлтан Жиенбаевтың айтуынша, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті және «ТКШ ҚазОрталығы» E-Shanyraq зияткерлік ақпараттық жүйесін әзірлеу бойынша ауқымды жұмыстарды бастады.

Үйлердің тұрғындары, басқарушы компаниялар, әкімдіктер, мемлекеттік органдар, коммуналдық кәсіпорындар жүйенің пайдаланушылары болады.

Нұрсұлтан Жиенбаев бұл жүйені әзірлеу алдында Сингапур, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Австралия, Финляндия, Ресей секілді елдердің инфрақұрылымын және тұрғын үй кешенін цифрландыру бойынша әлемдік тәжірибесі мұқият зерделенгенін атап өтті. Соның нәтижесінде жүйеге ең озық халықаралық технологиялар қосылған.

Қазіргі таңда жүйенің өзіндік тұжырымдамасы әзірленді, оны іске асыру бойынша негізгі ойыншылардың консорциумы анықталды. Наурыз айында «Зерде» холдингінің қолдауымен қазақстандық әзірлеушілер бас қосатын бірінші салалық хакатон өткізу жоспарланып отыр. Оларға осы жүйені құруға атсалысуға мүмкіндік беріледі.

ТКШ ҚазОрталығы басқарма төрағасының айтуынша, E-Shanyraq жүйесі сектордың барлық қатысушылары үшін, соның ішінде бірінші кезекте үйлердің тұрғындары үшін бизнес процестерінің ашықтығын арттыруға жол ашады. Алдағы уақытта бұл әлеуетті инвесторлардың Қазақстанның инфрақұрылымдық-тұрғын үй кешеніне қызығушылығын арттырады.

«Тұрғындар үшін бұл табиғи монополиялар объектісімен, басқарушы компаниялармен байланыстың бірыңғай терезесі болады. Олар мониторинг жүргізіп, күрделі жөндеуге жұмсалатын барлық эксплуатациялық жиындардың, қорлардың ашықтығын көріп, басқарушы компаниялардың үдерістерін қадағалай алады. Бұдан өзге, олар өз пікірлерін осында қалдыра алады. Бұл жүйе республиканың барлық тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын «ақылды» етуге жол ашады. Бұл тек «ақылды» үй, «ақылды» қала, «ақылды» ел ғана емес, бұл – жаһандық жоба», — деді Нұрсұлтан Жиенбаев.

Үйлерді аталған жүйемен қамтамасыз ету туралы сұраққа Нұрсұлтан Жиенбаев:

«Біз барлық үйлерді, барлық қалаларды қамтимыз. Қазір ауылда қандай өнімдерді қосымша ұсына алуға болатынын қарау туралы тапсырма бар. Біз оларды ауылдық өңірлерге бейімдей аламыз», — деді ол.

Брифинг барысында E-Shanyraq жүйесі толықтай тегін болатыны да айтылды.

«Біз қазір осы жүйені әзірлеуге және оны одан әрі қаржыландыруға қаражат сала алатын инвесторлармен белсенді жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта біз оны қалай ақтап алатынымызды талқылаймыз», — деп түсіндірді Нұрсұлтан Жиенбаев.

БАҚ өкілдерінің аталған жүйе қашан іске қосылады деген сұрақтарына жауап бере отырып, Нұрсұлтан Жиенбаев E-Shanyraq-ты енгізуге әзірлеудің белсенді кезеңі үш айдан кейін басталатынын айтты. Одан кейін жүйе тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, толықтырылады. Осы жылдың соңына қарай толыққанды жұмысы басталады.

Келешекте E-Shanyraq негізінде талдамалық ақпарат көзі ретінде үлкен деректерді (Big Data) пайдалану арқылы республикалық ситуациялық орталықты ашу көзделген. Ол мемлекетке сектордың қажеттіліктері мен мәселелерін анықтауға, желілердің апаттық жағдайына, тұрғын-үй қорының тозу мәселесіне және коммуналдық кәсіпорындардың жағдайына уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, E-Shanyraq жүйесінде туындаған сұрақтарға жауап беруге арналған Call-center қызмет көрсететін болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу