Е. Тоғжанов медициналық бұйымдар мен жабдықтар шығаратын өндірістік кәсіпорындарды аралады

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» ЖШС, «Болашақ 2019» ЖШС жұмысымен және Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылыс барысымен танысты.

Жұмыс сапары «Қазақстан Аселсан Инжиниринг» ЖШС-ны аралаудан басталды, онда ҚР Үкіметінің тапсырысы бойынша отандық ӨЖЖ аппараттары жасалуда. Кәсіпорында 31 тамызға дейін 750 ӨЖЖ аппаратын, 20 қыркүйекке дейін қосымша 750 бірлік ӨЖЖ аппаратын жасап шығару жоспарланған. Бұл аппараттар жергілікті медициналық персоналды оқытумен қоса, еліміздің 297 ауруханасында орнатылады. Кепілді сервистік қызмет көрсету 37 айға дейін болады.

Сонымен қатар «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС базасында дене қызуын қашықтан өлшеуге арналған отандық тепловизорларды өндіру мүмкіндігі қарастырылуда.

Сондай-ақ Е. Тоғжанов «Болашақ 2019» ЖШС-де болды, мұнда айына 2 млн-ға дейін маска шығаратын өндірістік қуаты бар медициналық маска өндірісі жолға қойылған.

Е. Тоғжанов өндірістік кәсіпорындардың жұмысына оң баға беріп, үкімет отандық өндірушілерді жан-жақты қолдайтынын атап өтті.

Бұған қоса ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құрылысы барысымен және онкология бойынша жобалық кеңсенің жұмысымен танысты. Бұл орталық болашақта азаматтарға қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау және емдеу бойынша жоғары білікті және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Вице-Премьер бұл орталықтың ұлттық деңгейде онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін құруда, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, оның ішінде барлық өңірлік онкологиялық орталықтар мен алты жоғары технологиялық радиациялық онкологиялық орталықтарды үйлестіруші болатынын атап өтті. Сондай-ақ кадрларды, дәрігерлер мен техникалық персоналды (медициналық техниктер) даярлау міндеті қойылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу