11 Маусым 2017, 13:24
Министрлік конференция аясында ҚР энергетика министрлігі, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі және United Green компаниясы арасында ынтымақтастық және «Бурное солар» күн электр станциясын кеңейту бойынша жобаны қолдау туралы келісімге қол қойылды.
Келісім 2015 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпір барысында пайдалануға берілген «Бурное Солар» электр станциясының қуаттылығын 2018 жылы 50-ден 100 мегаваттқа дейін ұлғайтуды көздейді. Сонда электр станциясы посткеңестік кеңістіктегі ең қуатты болады.
«Бүгін біз аса маңызды келісімге қол қойдық. Бұл - айтулы жоба. Аталған жоба жеке сектор мен мемлекеттің ынтымақтастығының жарқын мысалы болады деп үміттенеміз», - деп атап өтті келісімге қол қойғаннан кейін ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің өкілі Нандита Паршад Қазақстан күн және жел энергиясының үлкен ресурстық әлеуетіне ие екенін атап өтті.
«Қазақстанның Энергетика министрлігінің болашақ жобалар бойынша таяу жылдарға өршіл жоспары барын көріп отырмыз. Менің командам осында жұмыс істеуге дайын. Мұнда, ЭКСПО-да жақсы жобалар табамыз деген үміттемін», - деді Н. Паршад.
Бұдан өзге, Министрлік конференция аясында «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК мен Iter Термоядролық энергия жөніндегі халықаралық ұйымы арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Iter бас директоры Бернард Биго келісімге қол қоюдың өзінің ұйымы үшін маңыздылығын атап өтті.
«Ұйымның басқа да қатысушылары сияқты, мен үшін де тұрақты энергия – болашақ әлемнің бір бөлігі екеніне күмәнім жоқ. Iter жобасы қазіргі уақытта 35 елді қамтиды. Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығымен ынтымақтастыққа өте ризамыз. Бұл жақында құрылған ядролық зерттеулер жөніндегі операциялық орталықпен жұмыс істеуге бірегей мүмкіндік», - деді ол.
«ҚР ҰЯО» бас директоры Эрлан Батырбеков қол қойылған келісім ҚР ҰЯО мен Iter ұйымы арасындағы ынтымақтастықтың алғашқы қадамы екенін атап өтті.
«Iter қондырғысы алғашқы термоядролық қондырғы болады, ол басқарылатын термоядролық синтезді коммерциялық пайдалануды көрсетеді. Өзіміздің тараптан екі күн бұрын іске қосқан бірегей қондырғыны ұсынамыз», - деді Э. Батырбеков.
Сондай-ақ, ол Қазақстанның Iter ұйымына қатысуы елімізге болашақ энергетикасындағы бірегей жетістіктерге қолжетімді елдердің ондығына кіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Анықтама:
Бурное Солар-1 жаңғыртылатын энергия көздері бойынша жаңа заңнамаға сәйкес келетін Қазақстандағы алғашқы күн электр станциясы, және еліміздегі жаңғыртылатын энергия көздерінің алғашқы жеке генераторы болып табылады. Оны 2015 жылы «Самұрық Қазына - Юнайтед Грин» ЖШС бірлескен қазақстандық-британдық кәсіпорны салған.
Iter – халықаралық эксперименттік термоядролық реактор жобасы. Iter-дің міндеті термоядролық реакторды коммерциялық пайдалану мүмкіндігін көрсету және осы жолда кездесуі мүмкін физикалық және технологиялық проблемаларды шешуді көздейді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу