Азаматтық авиация академиясы базасында авиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы құрылды

Алматы қаласында Азаматтық авиация академиясы базасында авиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы құрылды, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

«Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы ретінде бекітілді. Аталған оқу орталығы авиациялық қауіпсіздік саласында ұлттық және аймақтық дайындық бағдарламаларын жүзеге асыратын болады», - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Оқу орталығын құру ИКАО-ның қауіпсіздік жөніндегі ”ISD-Security” бағдарламасын жүзеге асыруға, сондай-ақ ҚР аумағында және орталық азия аумағының өзге де мемлекеттерінде әуе тасымалының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Бұл әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік қызметі мен авиакомпанияларға мамандар даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асырумен айналысатын бұрынғы кеңестік одақ кеңістігіндегі үшінші орталық (Киев пен Мәскеуден кейін).

Орталық базасында «жүк қауіпсіздігі», «дағдарыстық менеджмент», «авиациялық қауіпсіздік саласындағы бақылау-қадағалау қызметін жүзеге асырушы ұлттық инспекторлар» бағдарламалары бойынша қысқа мерзімдік (5 күн) және екіапталық оқу курстары ұйымдастырылатын болады. Дәріс оқу үшін Қазақстанның және ИКАО-ның сертификатқа ие білікті мамандары шақырылады.

Орталық Азия өңірінің Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді елдерімен қатар, өзге де елдерінің авиакомпаниялары мен әуежайларынан 3 000 нан астам мамандар оқу курстарынан өтеді деп күтілуде.

Оқу орталығының ресми түрде ашылуы ИКАО-ның Еуропа мен Солтүстік Атлантика бойынша өңірлік директоры Луис Фонсека де Альмейдтің қатысуымен 2013 жылғы 3 қыркүйекке жоспарланған.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу