Егістік даласынан фермаға дейін: Digital Qazaqstan аясында АӨК-тің негізгі бағыттары цифрландырылуда

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Digital Qazaqstan 2026 стратегиясы аясында агроөнеркәсіп кешенінде цифрландырудың алты бағыты жүзеге асырылуда. Аталған бағыттар негізінде Digital Agro бірыңғай платформасын құру көзделген. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Министрдің мәліметінше Digital  Қазақстан стратегиясын жүзеге асыру жоспарында жеке бағыт – «Агроөнеркәсіп кешенді цифрландыру» көзделген.

Бұл бағыт 6 іс-шараны қамтиды:

  • мемлекеттік қолдаудың бірыңғай цифрлық терезесін дамыту;

  • мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығындағы қадағалау жүйелерін дамыту;

  • жер ресурстарын басқару жүйесін дамыту;

  • фермерлерді цифрлық құралдарды қолдануға ынталандыру шаралары кіреді.

Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінің барлық салаларының функционалы мен деректерін біріктіретін бірыңғай салалық «Digital Аgrо Платформасы» құрылатын болады.

«Мемлекеттік қолдау мен қызметтердің бірыңғай цифрлық терезесі бағытында – Gosagro цифрлық субсидиялау жүйесі жұмыс істейді. Бүгінде жүйені 209 мыңнан астам пайдаланушы қолданады.  Мемлекеттік жүйе өтінім берушілер үшін тегін, бұған дейін өтінім берудің құны 11 айлық есептік көрсеткіш болған. Сонымен қатар ашықтықты арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында жүйеде электрондық кезек, күту парағы және форматтық-логикалық бақылау қарастырылған. Өтінім берушінің жауапкершілігін арттыру үшін қарсы міндеттемелер тетігі енгізілді. Екінші бағыт – мал шаруашылығындағы жеткізу тізбегін қадағалау. Бұл бағыттағы барлық процестер интеграцияланған үш негізгі жүйе арқылы жүзеге асырылады. АЖС жүйесі жануарлардың туған және тіркелген сәтінен бастап, орын және иесінің ауысуы, ветеринариялық іс-шаралар, сою және есептен шығаруға дейінгі – бүкіл өмірлік циклі бойынша бірыңғай мемлекеттік есепке алуды қамтамасыз етеді. Ал асыл тұқымды мал басы – Республикалық мал шаруашылығы жүйесі яғни Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі арқылы тіркеліп, жүргізіледі», — деді министр.

Бұдан бөлек, жануарлар иелеріне арналған «Төрт түлік» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Жалпы, мал шаруашылығындағы цифрландыру жұмыстары толық қадағалауды қамтамасыз етуге, мал басының бірыңғай есебін жүргізуге және фермерлер мен ветеринариялық мамандардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған.  Үшінші бағыт – өсімдік шаруашылығындағы қадағалау.  Қазіргі уақытта өсімдік шаруашылығында қадағалау ақпараттық жүйесі құрылуда. Жүйеде егістің жоспарын цифрландыру, өнімді цифрлық есепке алу, өнім партияларының есебі, тұқым материалын бақылау және ғарыштық мониторинг қарастырылған. Өсімдік шаруашылығын бақылаудың ақпараттық жүйесін дамыту нәтижесінде өнімнің цифрлық есебі жүргізіліп, тұқым пайдалану, өндірушіден элеваторға дейінгі астық партиялары бақыланатын болады. Төртінші бағыт – жер ресурстарын цифрлық басқару. 

Бүгінде жердің цифрлық картасы 100% қалыптастырылды, агрохимиялық талдау 80%, геоботаникалық зерттеу 47%, топырақ зерттеуі 41%-ға орындалды. Осы бағыттар бойынша 2029 жылға қарай 100%-ға жеткізу көзделген. Ведомство басшысының сөзінше қазір ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануды мониторингтеу үшін ЖерИнСпектр ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. ЖерИнСпектр ғарыштық мониторинг нәтижесінде заң бұзушылықты анықтаудан бастап, оны уәкілетті қызметкердің растауына дейінгі толық бақылау циклін қамтамасыз етеді. Осылайша, бұл жер қорын тиімді пайдалануды арттыруға мүмкіндік береді. Бесінші бағыт – салада цифрлық технологияларды қолданудан тиімділік алу – яғни Смарт ферма. Бүгінде 650-ден астам кәсіпорын цифрлық технологияларды пайдаланады, 200-ден астам шаруашылық «смарт-ферма» санатына жатады, 112 сүт фермасында автоматтандырылған мониторинг және 30-дан астам бордақылау алаңында автоматтандырылған бақылау қолданылады. Іс жүзінде автоматтандырылған сауу, бұзауларды автоматты азықтандыру, отын мен навигацияны бақылау жүйелері, агродрондар, ақылды суару жүйелері және метеостансалар қолданылады. 

«Келесі міндет – шаруаларды цифрлық технологияларды қолдануға ынталандыратын мемлекеттік қолдау шараларын қалыптастыру. Алтыншы бағыт – бірыңғай Digital Agro Platform.  Digital  Қазақстан стратегиясының алдыңғы бағыттарын іске асыру нәтижесінде Smart Data Agro салалық деректер шоғыры қалыптастырылады. Онда барлық салалық жүйелердің ақпараты шоғырландырылады. Үлкен көлемдегі деректер негізінде жедел басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін цифрлық талдау жүйесі құрылатын болады», — деді министр.

Жалпы, жүзеге асырылып жатқан шаралар  өндірістік шығындарды азайтуға, тиімді технологиялық шешімдерді енгізуге және соның есебінен саладағы жалпы өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

#АӨК #Цифрландыру #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу