Қазақстанда «Инновациялық жобаларға арналған Еgov-ты» іске қосу жоспарлануда

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің отырысында өңірлерді инновациялық дамыту және ұлттық инновациялық жүйенің «Бірыңғай терезесін» құру мәселелері қаралды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өңірлердің технологиялық белсенділігін және экономиканы дамытудағы IT-сектордың үлесін арттыру үшін күш-жігерді облыстық инновациялық алаңдар мен бизнес-инкубаторларды қажетті деңгейде қолдауға шоғырландыру жоспарланып отырғанын баяндады. Бұл, әдетте жұмыс орындарын жалға алу, оқыту және кеңес беру қызметтеріне қатысты.

Премьер-Министр бұл бағытты, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлетін қаражаты есебінен қаржыландыру қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, әкімдіктер инновацияларды дамыту және оларды өңірлік экономикаға енгізу үшін жағдай жасауы тиіс.

Сонымен қатар отырыста ұлттық инновациялық жүйенің «Бірыңғай терезе» жобасын іске асыру жөніндегі жоспар қаралды, бұл тақырыптық жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары жиналатын Еgov үлгісі бойынша цифрлық платформаны іске қосуды көздейді. Оған қоса, жүйе сала қатысушыларына мониторинг жүргізу, қызметтерге тапсырыс беру, шарттар жасасу және т. б. қызметтер бойынша бір-бірімен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді: мониторинг жүргізу, қызметтерге тапсырыс беру, шарттар жасасу және т. б.

Премьер-Министр бұл тәсілдерді қолдап, жобаны 2023 жылдың жазында пилоттық режимде іске қосуды тапсырды.

«Бүкіл жеке сектор бір алаңда нарықты толықтай көре отырып, инновацияға сұраныс жасауға және тиісті тапсырыстар беруге мүмкіндік алуы керек. Екінші жағынан, инноваторлар өз идеяларын жүзеге асырудың тиімді тетігіне ие болады», — деді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу