ЕХӘҚМ жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша Отбасының цифрлық картасын пилоттық режимде іске қосты

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру мақсатында ведомство жүргізіп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

ЕХӘҚМ Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын іске асырудың нақты алгоритмін әзірлегеді. Мәселен, Отбасының цифрлық картасын енгізу жөніндегі тапсырманы іске асыру аясында мыналар көзделген: 

- 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша ОЦК-ны пилоттық режимде іске қосу;

- осы жылдың желтоқсан айында ҚР Әлеуметтік кодексі жобасының аясында ОЦК енгізу және «Дербес деректер туралы» және «Ақпараттандыру туралы» ҚР заңдарына өзгерістер енгізу;

- 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік кепілдіктер беру;

- 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ОЦК арқылы денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктер беру;

- 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлерін қамту.

«Ең төменгі жалақыны 70 мың теңгеге дейін арттыру жөніндегі тапсырманы орындау аясында осы жылғы қыркүйекте “2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” заң жобасына өзгерістер енгізу, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалатын әлеуметтік төлемдерді есептеу алгоритмдерін түзету көзделіп отыр», — деді Тамара Дүйсенова.

Оның мөлшерін кезең-кезеңмен арттыруға мүмкіндік беретін ЕТЖ анықтаудың жаңа әдістемесін енгізу мақсатында келесі жылдың наурыз айында ҚР ЕХӘҚМ Дүниежүзілік банкпен бірлесіп зерттеулер жүргізуді және жаңа тәсілдер әзірлеуді жоспарлап отыр. Ал 2023 жылғы желтоқсанда ҚР Еңбек кодексіне және «Ең төменгі әлеуметтік стандарттар туралы» заңға ЕТЖ және оны арттыру тетіктерін белгілеу бөлігінде тиісті өзгерістер енгізілетін болады. 

Келесі жылы 100 мың жасты түрлі жұмыспен қамту шараларымен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманы іске асыру аясында осы жылдың қазан айында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының тетіктерін қайта қаралатын болады.

Сонымен қатар осы айдың өзінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жастар кәсіпкерлігіне жылдық 2,5%-бен жеңілдікпен микрокредит берудің жаңа тетігін енгізу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру қажеттілігі бойынша есептерді ұсынатын болады.

Жұмыстан айырылу бойынша МӘСҚ-тен төленетін төлем мөлшерін биыл желтоқсанда орташа айлық табыстың 45%-на дейін арттыру бойынша тапсырманы орындау мақсатында ҚР Әлеуметтік кодексі жобасы аясында әлеуметтік сақтандыру жүйесінің параметрлерін өзгерту көзделген. Жаңа мөлшердегі төлемдер 2023 жылғы 1 қаңтардан басталады.

Қазақстан экономикасына бір уақытта 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік бизнесмендер үшін инвестициялық визаны, сондай-ақ тапшы кәсіптері бар шетелдіктер үшін визаларды енгізу жөніндегі тапсырманы іске асыру аясында биылғы қыркүйекте ҚР Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына, ал 2023 жылғы маусымда «Халықтың көші-қоны туралы» заңға өзгерістер енгізілетін болады.

Бұдан басқа осы жылғы желтоқсанда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» ұлттық жобасы аясында қандастардың қоныс аударуын ынталандырудың және ішкі көші-қонды реттеудің арнайы бағдарламаларын әзірлеу аяқталады. 

Бала күтімі бойынша төлем кезеңін бір жарым жасқа дейін ұлғайту жөніндегі тапсырманы іске асыру үшін биылғы қыркүйектен қазанға дейін жұмыс істемейтін аналар үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру қажеттілігі бойынша есептеулер ұсынылады және жұмыс істейтін ата-аналар үшін МӘСҚ-тен төленетін әлеуметтік төлемдерді есептеу алгоритмі түзетіледі. Биыл желтоқсанда ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы аясында балалы отбасыларды қолдау жүйесінің параметрлерін өзгерту және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау және төлеу бойынша ақпараттық жүйелерді дайындау көзделген.

Базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% көлеміне дейін, ал ең жоғары мөлшерін 120%-ға дейін кезең-кезеңмен арттыру және әйелдер үшін зейнетақы жасын белгілеу жөніндегі тапсырмаларды орындау мақсатында осы жылғы қазаннан бастап, 2023 жылдан 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде БЖЗҚ-дан тағайындалатын зейнетақы төлемдерін есептеу алгоритмі түзетілетін болады. Осы жылдың желтоқсанында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы аясында зейнетақы жүйесінің параметрлерін өзгерту және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы тағайындау және төлеу бойынша ақпараттық жүйелерді дайындау көзделген.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу