«Экспо-2017» М. Әуезов атындағы ОҚМУ-ға жаңғыртылатын энергия саласындағы жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді — Ж. Мырхалықов

«Экспо-2017» көрмесін өткізудің арқасында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жаңғыртылатын энергия көздері саласындағы бірқатар перспективалы жобаларды іске асыру үшін халықаралық серіктестерді тапты. Бұл туралы ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында ЖОО ректоры Жұмахан Мырхалықов хабарлады.

М. Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры ЭКСПО-2017 көрмесінде ЖОО бірқатар ғылыми жобаларды ұсынғанын айтты, олардың ішінде: жаңғыртылатын энергия көздерінен жоғары байытылған метан алу мақсатында биогазды микробарботаждық тазарту технологиясы мен процесін модельдеу, сондай-ақ экологиялық таза жылуоқшаулағыш материал өндірісі. Жалпы, ЖОО-ның барлық ұсынған жобалары мен әзірлемелері бойынша коммерцияландыру және одан әрі ілгерілету бойынша шешімдер қабылданды.  

Жобаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін М. Әуезов  атындағы ОҚМУ мен «Жаңғыртылатын энергия көздерін пайдалану проблемалары жөніндегі комитет» Ресей Ғылыми және Инженерлік Қоғамдық Бірлестіктері Одағы арасында Меморандумға қол қойылды, сондай-ақ М. Әуезов атындағы ОҚМУ базасында РесейҒИБО жаңғыртылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану проблемалары жөніндегі Комитеттің Қазақстандық бөлімі құрылды.  

ЖЭК Комитеті жұмысы аясында автономды электр станциялары және жергілікті құрылғылар жасау бойынша бірлескен жобалар әзірлеу жүзеге асырылады, олар Оңтүстік Қазақстанның шалғай агроөнеркәсіп құрылымдарында пайдалануда өзекті болып табылады, бұдан өзге экология, парникті газдарды азайту бойынша жобалар жоспарланған.  

Бұдан өзге, ЭКСПО барысында университет Германиялық Күн институтының (Аахен) Термалды күн жүйелері департаментімен шағын елді мекендер мен төтенше жағдайға тап болған халыққа тіршілікті қамтамасыз етудің кешенді мобильді құрылғысының бірлескен әзірлемесі туралы Меморандум жасасты. Келешекте аталған жоба базасында Шымкент қаласында жергілікті тіршілікті қамтамасыз етудің отандық құрылғыларын өндіру мүмкіндігі бар.  

Сондай-ақ, университет ЭКСПО-2017 көрмесіне еріктілерді даярлау мәселесіне жауапкершілікпен қарады. Студенттер ағылшын тілі деңгейін жоғарылатудың интенсивті курстарынан, сондай-ақ жалпы Қазақстанның экономикасы мен мәдениеті бойынша бағдарламалардан өтті. Барлығы 500 ерікті даярланды, олардың 200-і көрменің жұмысына қатысса, қалғандары ОҚО-ның өндірістік кәсіпорындарына орналастырылды.   

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу