Еліміз бойынша жосықсыз қоқыстардың 86%-ы жойылды — С. Брекешев

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев экология және қоршаған ортаны қорғау туралы баяндама жасады.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жер бетінде климаттың өзгеру мәселесі әлемдік қауымдастық алдында тұрған жаһандық сын-қатерлер қатарында. Қазақстан үшін климаттың өзгеруіне қарсы күрес басым бағыт болып отыр, себебі бүгінгі күні жаһандық жылынудан туындаған әсер айтарлықтай байқалады.

2016 жылы климаттың өзгеруімен күресу үшін Париж келісіміне қол қойылды. Оның мақсаты — жаһандық температураның өсуін индустрияға дейінгі деңгейден Цельсий бойынша 1,5 градус шегінде сақтау.

«Қазақстан 2030 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқартуға ниетті. 2019 жылы парниктік газдардың ұлттық шығарындылары 1990 жылғы деңгейден 2,4%-ға төмен», — деді С. Брекешев.

Әлемде климаттың өзгеруі бойынша келесідей негізгі трендтер байқалуда. Мәселен, ірі қаржы институттары таза жасыл технологиялардың пайдасына көмірмен байланысты жобалардан толығымен бас тартты. Көміртектік бейтараптық мақсаттары және сәйкесінше көмірден бас тарту туралы мәлімдеген елдердің саны жыл сайын өсіп келеді.

Сонымен қатар 2026 жылдан бастап Еуропалық одақ көміртекті көп қажет ететін өнімдер импортына шекті көміртегі салығын енгізуді жоспарлап отыр. Қазақстанның Жалпы ішкі өнімінің көміртегі жоғары сыйымдылығын ескере отырып, аталған салық біздің экономикаға айтарлықтай әсерін тигізеді.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысы мәлімдеген көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі бағытты іске асыру мақсатында көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегия жобасы әзірленді.

Екі сценарий жасалды: базалық және көміртектік бейтараптық. Алдын ала есептемелерге сәйкес, көміртегі бейтараптылығы сценарийін іске асыру шығарындыларды 2060 жылға қарай 98%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Стратегияны әзірлеу жұмысы жалғасып жатыр.

«Сондай-ақ біз Париж келісімінің мақсатына жету үшін ұлттық деңгейде анықталған салымдарды (ҰДАС) жаңарту бойынша жұмысты аяқтадық. Барлық негізгі сектор үшін парниктік газдар шығарындыларын азайту іс-шараларын қамтитын Шаралар жол картасы әзірленді. Құжат мемлекеттік органдарда келісу сатысында. Климаттың өзгеруі мен көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу мәселелері шешімін экологиялық проблемаларды шешу арқылы таба аламыз», — деді ведомство басшысы.

Қазақстандағы негізгі экологиялық проблемалар атмосфералық ауаның ластануы, жер үсті сулары және қалдықтармен жұмыс істеу жүйесінің нашарлығы болып отыр. Атмосфералық ауа мониторингіне сәйкес, 45 өнеркәсіптік қаланың ішінде 10-ы атмосфералық ауа ластануының жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар — Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары.

Жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы, көмірді пайдалану жоғары ластанудың себебі болып табылады.

Қалдықтармен жұмыс істеу саласында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмеуі, оларды өңдеу деңгейінің төмендігі және стихиялық үйінділер проблемалары өзекті болып тұр.

«Жалпы, экологиялық ахуалды жақсарту үшін екі жылда келесідей жұмыстар атқарылды: жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілді. Жағымсыз салдарды азайту үшін ұлттық заңнамамызға климаттың өзгеруіне бейімделу нормалары енгізілгенін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ өңірлердің экологиялық мәселелерін кешенді шешу жөніндегі жол карталары бекітілді. Министрлік пен кәсіпорындар арасында шығарындыларды 20-дан 30%-ға дейін төмендетуді көздейтін Меморандумдар мен Жол карталарына қол қойылды», — деді ведомство басшысы.

Жол карталарының 9 ай бойынша орындалуына жүргізілген талдау осы жылы қарастырылған 95 іс-шараның 59-ы немесе 62%-ы орындалғанын көрсетті.

Атап айтқанда, Атырау облысы мұнай өңдеу зауытында «Тухлая балка» тоған-булануын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Маңғыстау облысында «Қошқар Ата» қалдық қоймасын жою бойынша қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 16 кәсіпорынмен шығарындыларын орта есеппен 33%-ға төмендету көзделген. Бұған 565 млрд теңге жеке инвестициялар бағытталады. Алайда аталған жұмыстан басқа жеке секторды да, сол сияқты шаруашылық жүргізуші субъектілерді де газдандыру немесе баламалы энергия көздеріне ауыстыру, қоғамдық көлікті газға немесе электр көлігіне ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізу қажет.

Экология министрі ірі ластағыштар шығарындыларын азайту бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды. Мәселен, «АрселорМиттал Теміртау» болат департаменті отынды газға ауыстыру, электр сүзгілерін қайта құру есебінен шығарындыларды 30%-ға төмендетуді жоспарап отыр. «Қазақмыс Смэлтинг» Жезқазған және Балқаш мыс қорыту зауыттары озық технологияларды қолдана отырып, жаңа күкірт қышқылы цехтарын салуды жоспарлауда. «Казцинк» Өскемен металлургия комбинаты күкірт қышқылы зауытының жылу алмастырғыштарын ауыстыруды көздеп отыр. Бұл шығарындыларды 21%ға қысқартуға мүмкіндік береді.

«Елдегі экологиялық жағдайды жақсартудың нақты мүмкіндігі өнеркәсіпте ең үздік қол жетімді технологияларды енгізу болып табылады. Біз 89 ірі компанияға аудит жүргіздік. Қорытынды бойынша, әртүрлі сала кәсіпорындарының ең үздік қол жетімді техникаларға (ОҚТ) көшу деңгейі әр қилы екені белгілі болды», — деді министр.

Соңғы 10 жыл ішінде ең үздік қолжетімді техникаларды енгізуге инвестиция жұмсаған жеке салалар, осы технологияларды енгізудің жоғары деңгейін көрсетті. Алайда электр энергетика саласы артта қалып отыр. Енгізу деңгейі 34%-ды құрайды. Бұл жабдықтың жоғары тозуына байланысты.

Серікқали Брекешев қалдықтармен жұмыс істеу мәселесіне де тоқталды. Түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемін айтарлықтай қысқарту үшін заңнамалық деңгейде «Waste to Energy» тетігі енгізілді. Қоқыс жағатын зауыттар салу үшін 6 қала анықталды. Алғашқы аукциондық сауда-саттық өткізілді. Инвестор анықталды. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Жеке инвестициялар 292 млрд теңгені құрайды. Өз кезегінде мемлекет қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді.

Бүгінгі күні 7,3 мың үйіндіден 86%ы жойылды. Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының көрсеткіштері республикалық орташа деңгейден төмен.

Рейдтік іс-шаралар өткізілді. 17 мыңға жуық құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, 25 млн теңге сомасына айыппұл салынды.

Қазақстанда 3 мыңнан астам қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, олардың тек 20%-ы ғана нормаларға сәйкес. Бұл мәселе Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында өте өзекті болып тұр.

Жалпы, қоқыс шығаратын ұйымдардың қызметін реттеу және бақылау мақсатында жаңа Экокодексте хабарлама жасау тәртібін енгізу көзделген. Олар көлікке GPS-датчиктерін орнатуға және көліктің қозғалысы туралы толық ақпаратты беруге міндетті. Оған қоса, қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін айыппұлдар жоғарлады.

Орман қорында 2 млрд астам ағаш отырғызу жұмыстары жалғасып жатыр. 5 жылға арналған кешенді жоспарлар бекітілді. Орман молықтыруды бақылау мен мониторингілеуге арналған интерактивті карта жасалды. Атап айтқанда, бүгінгі таңда жоспарланған 129 млн ағаштың 89 млн ағашы отырғызылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арал теңізінің құрғаған түбіне жалпы көлемі 1,1 млн гектар жерге сексеуіл отырғызуды нақты іске асыру басталды. Биыл сексеуіл егу 100 мың га алқапта, келесі 4 жылда жыл сайын 250 мың га алқапта жүргізіледі. Өзбекстан Республикасының оң тәжірибесін қолдана отырып, алғаш рет сексеуілді аэро егуді жүргізуді жоспарланғанын атап өту қажет. Ынтымақтастық жөніндегі тиісті Жол картасына қол қойылды. 

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында келесі шараларды қабылдау қажет:

Бірінші. Мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктер «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының шаралары мен көрсеткіштерін және өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі Жол карталарын уақтылы іске асыруды қамтамасыз ету.

Екінші. Әкімдіктер стихиялық қоқыс үйінділерін толығымен жоюды қамтамасыз етуі керек, полигондарды экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келтіру, сондай-ақ қоғамдық көлікті газға немесе электр көлігіне ауыстыру жөніндегі жұмысты жалғастыру.

Үшінші. Энергетика министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, неғұрлым ластанған 10 қалада жеке сектор мен шаруашылық жүргізуші субъектілерді газға немесе баламалы энергия көздеріне қосу мәселесін пысықтау.

Әрі қарай. Тиісті мемлекеттік органдар автокөліктерге техникалық байқау жүргізуді күшейтуі тиіс және жанар-жағармай материалдар сапасына бақылауды қамтамасыз ету керек.

Алауларда жағылатын газ көлемі 2006 жылмен салыстырғанда 8 есеге азайды — М. Мырзағалиев

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Министрліктің экология мен қоршаған ортаны қорғауды жақсарту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы баяндады. Мәселен, 2060 жылға қарай республика көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі және Париж келісімі шеңберінде алынған міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Бұл міндеттемелер 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15% қысқартуды талап етеді.

Сондай-ақ Президент өз Жолдауында он ластанған қаланы газдандыру және баламалы энергия көздеріне көшіруді тапсырды. Министрлік осы тапсырмаларды орындау бойынша мынадай шаралар қабылдап жатыр:

  • алауларда газ жағуға тыйым салу;
  • елімізді одан әрі газдандыру;
  • жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын газға көшіру және ластаушы заттардың көлемін азайту мақсатында көмір станциаларында ең озық қолжетімді технологияларды енгізу;
  • жаңартылатын энергия көздерін дамыту.

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Министрлік заңнамалық базаны жетілдіру бойынша ауқымды жұмыс атқарды. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекспен ілеспе және табиғи газдарды алауларда жағуға тыйым салынған. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың Шикі газды өңдеуді дамыту бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі міндеті заңнамалық түрде белгіленген. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде алауларда жағылатын газ көлемі 2006 жылмен салыстырғанда сегіз есеге азайды. 2006 жылы бұл көрсеткіш 3,1 млрдкуб метрді құраса, 2020 жылы 390 млн.куб метрге тең болды.

«Өңірлерді газдандыру жайлы өмірді қамтамасыз етумен қатар, экологиялық жағдайды да жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда елді газдандыру үлесі 54,3% құрайды. Нәтижесінде 10,2 млн адам газға қол жеткізді», — деді М. Мырзағалиев.

«Нұр-Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасына сәйкес, 2025 жылға дейін елді газдандыру үлесі 60% құрайды. Соның арқасында 11,7 млн адам газға қол жеткізеді.

Жергілікті атқарушы органдар бүгінгі таңда «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры жобасының шеңберінде газ тарату желілерінің құрылысын жүргізуде. Құрылыстың аяқталуы Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларында көмірді пайдаланып келген 70 мыңға жуық үйді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Ақмола облысында 13 жоба іске асырылып, нәтижесінде 16 мың үй газға қол жеткізе алады.

Петропавл, Көкшетау, Өскемен, Семей, Павлодар қалалары бүгінгі таңда газдандырылмаған. Сонымен қатар аталған қалаларды газбен қамтамасыз етудін келесідей жолдары бар. Атап айтсақ:

  • «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын жалғастыру;
  • Ресей Федерациясынан магистральдық газ құбырларын тарту.

«Биыл жыл соңына дейін «Газпром» мен «ҚазТрансГаз» еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыру бойынша есептеу жүргізіп, тиімді нұсқасы әзірленеді», — деді ведомство басшысы.

Экологиялық жағдайды жақсартудағы тағы бір маңызды мәселе жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын газға көшіру болып табылады. Сондай-ақ таза генерациялау көздерін пайдалана отырып, жаңа станцияларды салу қажет. 2022 жылы Нұр-Сұлтан қаласының бірінші және екінші Жылу электр орталықтарын газға ауыстыру жобалары аяқталады. Ал Алматы қаласында орналасқан үш жылу электр орталықтарын газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы қуаты 1300 МВт құрайды. Аяқтау мерзімі 2026 жылға дейін.

Сонымен қатар еліміздің онтүстігінде 2150 МВт болатын бу-газ қондырғыларын салу мәселесі пысықталуда. Қарағанды облысының Теміртау қаласында ArcelorMittal Temirtau станцияларын газға ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Орта мерзімді перспективада еліміздегі тау-кен саласындағы ірі кәсіпорындарды көмірден газға көшіру жоспарланған.

Экологияны жақсарту құралдарының бірі – жаңартылатын энергия көздері. Қазіргі уақытта республикада белгіленген қуаты 1975 МВт болатын 126 жаңартылатын энергия көздерінің объектісі жұмыс істейді. 2021 жылы жаңартылатын энергия көздерінің объектілері шамамен 4 млрд кВт.сағ энергия өндіреді деп болжануда.  Бұл жалпы электр энергиясын өндіру көлемінің 3,5% құрайды. 4 жыл ішінде 62 жаңартылатын энергия көздері жобасын және қуаты 1 ГВт болатын ірі ауқымды жаңартылатын энергия көздері жобаларын пайдалануға беру жоспарлануда. Аталған жобаларды іске асыру шеңберінде шамамен 1 трлн теңге инвестиция тартылады. Қосымша 6 млрд кВт сағ жасыл энергия өндіріледі.

2025 жылға қарай Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6% құрап, ал 2030 жылға 15% кем болмайды. Жоғарыда көрсетілген жоспарларды іске асыру электр энергиясын генерациялау құрылымында мынадай өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:

  • біріншіден, көмір өндіру үлесі 70%-дан 40,3%-ға дейін төмендейді;
  • екіншіден, газ генерациясы 20%-дан 38%-ға дейін ұлғаяды;
  • үшіншіден, жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3%-дан 15%-ға дейін артады.

Осылайша, Париж келісімі шеңберінде мақсаттарға қол жеткізу бойынша міндеттемелер орындалып, 2060 жылға қарай одан әрі декарбонизациялау және көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің негізі қаланады.

Электр тартымды автомобильдерді сатып алуды ынталандыру үшін Қазақстанда электромобильдердің иелері көлік салығын төлеуден босатылды — Қ. Өскенбаев

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев автокөлік құралдары мен өнеркәсіп кәсіпорындарының шығарындыларын азайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2060 (жылға дейін Көміртегі бейтараптылығы доктринасы жобасында көзделген Париж келісімі міндеттемелерін орындау жұмысына белсенді түрде тартылды.

«Ластаушы заттардың едәуір бөлігі өнеркәсіпке, атап айтқанда, тау-кен металлургия кешені секторына тиесілі. Министрлік 122 ірі және орта кәсіпорынмен бірлесіп атмосфераға тасталатын экологиялық шығарынды көлемін азайту бойынша шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, тау-кен металлургия өнеркәсібінің, сондай-ақ құрылыс және химия саласының жұмыс істеп тұрған. 18 кәсіпорны елдің бірінші санаттағы 50 ірі ластауыштар тізіміне кіреді. Осы кәсіпорындармен нақты индикаторларды қамтитын шығарындыларды азайту туралы тиісті меморандумдарға қол қойылды және іске асырыла бастады», — деді Қ. Өскенбаев.

«Қазмырыш» ЖШС-да күкiрт қышқылы зауытында газ-ауа қоспасын залалсыздандыру және аулау жүйесі жабдықтарын жаңарту арқылы шығарындылар көлемі 53,3 тоннаға төмендетілді. «Алюминий Қазақстан» кәсіпорнында шығарындыларды азайту стратегиясы қабылданды. Эмиссияларды 10 мың тоннаға төмендету индекаторымен 34 млрд теңге инвестициялау жоспарлануда. Нәтижесінде 2030 жылға қарай Еуропалық нормативтер деңгейіне дейінгі көрсеткіштерге қол жеткізіледі.

Бұдан басқа «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында мазут, сұйытылған газ бен қатты отынды табиғи газға ауыстыру, шаң тазалау жабдықтары мен тазартатын құрылыстарды  жаңарту, сондай-ақ электр сүзгілерін салу жұмыстары басталды.

Жалпы АрселорМиттал Теміртау экологиялық ахуалды жақсарту шараларына $830 млн астам қаржыны инвестициялауды жоспарлап отыр.

Жаңа кәсіпорындарға келсек, 2025 жылға қарай 72 ірі кәсіпорын, оның ішінде 66 металлургия, 3 химия және 3 цемент зауытын салу жоспарлануда. Ол кәсіпорындар бойынша кешенді экологиялық сараптама жүргізіледі. Ең озық, қолжетімді технологияларды қолданып және белгіленген барлық экологиялық талаптарды сақтай отырып, олардың құрылысы қамтамасыз етіледі.

Экологиялық таза көлік өндірісін дамытуға келсек, отандық кәсіпорындарда - Саран және Алматы қалаларында YUTONG және Golden Dragon электр автобустары және Қостанай қаласында JAC iEV7s электромобилі өндіріле бастады. Бұдан басқа, 2022 жылдан бастап Hyundai Ioniq электромобильдері, сондай-ақ 2023 жылдан бастап KIA EV6 өндірісі басталады.

Электромобильдер мен электр автобустары инфрақұрылымын құру үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Павлодар қалаларында 110 электр зарядтау станциялары орнатылды. Электр тартымды автомобильдерді сатып алуды ынталандыру үшін Қазақстанда электромобильдердің иелері көлік салығын төлеуден босатылды.

Көлік саласында зиянды шығарындылар әсерін азайту және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында министрлік келесі шараларды қабылдады.

  • 2018 жылдан бастап Евро-5 экологиялық стандарқа ауыстырылды.  
  • жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, 2030 жылға дейін барлық қалалық жолаушылар көлігін экологиялық таза жанармайға ауыстыруға қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр.  
  • Автокөлік құралдарының нормативтік техникалық жай-күйін және зиянды заттар шығарындылары нормаларын сақтау мақсатында Техникалық тексеру орталықтарының және көлік иелерінің техникалық тексеруден жалған өткені үшін жауапкершілігін күшейту жұмысы жүргізілуде.

2025 жылға дейін барлық техникалық нормативтер халықаралық стандартқа сай болады. Қабылданған шаралар 2030 жылға дейін жүк көлігінің кемінде 30% және жеңіл көліктердің шамамен 70% экологиялық таза жанармайға ауыстыруға мүмкіндік береді. 

Ескірген кәріздік–тазарту құрылыстарынан ластаушы заттар шығарындыларын азайту үшін Министрлік еліміздің 53 қаласында кәріздік–тазарту құрылысын салу және жаңарту жобаларын дайындаумен және іске асырумен айналысып жатыр. Барлық 53 жобаны іске асырудың алдын ала құны шамамен 516 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар кәріздік–тазарту құрылысы мен реконструкциясы «Өзгеру жолы: барлығына лайықты өмір!» атты Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына қосылды.

2022 жылы 11 жобаны бастау жоспарланған. 2023 жылы 12 жоба, 2024 жылы 13 жоба, 2025 жылы 17 жоба қамтылады.   

«Аталған шараларды іске асыру елдегі экологиялық жағдайда жағымды әсер етеді және министрлік жетекшілік ететін салаларда жасыл технологияларды тереңдетуге демеу болады. 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі стратегиялық міндетті іске асыруға ықпал етеді», — деді Қ. Өскенбаев.

Елімізде 7618-ден астам шаруашылық күн панельдерін пайдаланады — А. Сапаров

2030 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 15 трлн теңгені құрайды. Мұндай болжамдармен ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров бөлісті. Оның айтуынша, бұл қоршаған ортада өзгерістер тудырып, су ресурстарының қолжетімділігіне және жердің тозуына әсер етуі мүмкін.

«Бүгінгі күні бүкіл парниктік газ шығарындыларының 9,1%-ы ауыл шаруашылығына тиесілі, оның ішінде мал шаруашылығының үлесі 62%-ды құрайды. Аталған тәуекелдерді барынша азайтудың басты факторы «жасыл» технологиялар және ресурстарды тиімді басқаруды қамтитын орнықты өндіріс болып табылады», — деді ол.

Мәселен, Агроөнеркәсіптік кешеннің ұлттық жобасы мен Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасы шеңберінде парниктік газдар шығарындыларын азайту мақсатында мынадай шаралар көзделген:

  • Мал шаруашылығында метан шығарындыларын азайту үшін көң мен құс саңғырығын өңдейтін жабдық құнының 25%-ын инвестициялық субсидиялау жүзеге асырылады;
  • Өсімдік шаруашылығында суды көп қажет ететін дақылдар (күріш, мақта) алқаптарын қысқарту мақсатында егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жалғастырылады.

Сондай-ақ, заманауи цифрлық технологияларды енгізу, ғарыштық мониторинг пен Жерді қашықтықтан зондтау нәтижелерін пайдалану шаралары қабылданып жатыр.

Агротехнологияларды сақтау мақсатында тұқымдар мен отырғызылатын материалдардың қазіргі заманғы сұрыптарын, сондай-ақ тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғаудың биологиялық құралдарын сатып алу бойынша қолдау көрсетіледі. Бұл ретте, Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы шеңберінде органикалық тыңайтқыштарды сатып алу кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің шығындарын өтеу көзделетін болады. Саланы техникалық жарақтандыру үшін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды, жеңілдікті лизингті субсидиялау, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы машинасын жасауды дамыту бағдарламаларын ауқымды іске асыру жалғасатын болады.

Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ гидромелиорациялық қызметтің материалдық-техникалық базасын жақсарту және қызмет аймағын кеңейту арқылы суармалы егіншілікті дамыту бойынша шаралар қабылдануда. Бұл ретте, қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алу құнының 50%-ына дейінгі инвестициялық субсидиялау көзделген.

Қазіргі уақытта елімізде мал қалдықтарын өңдеу қондырғыларын пайдаланатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің бірқатар сәтті мысалдары бар, олар – 9 құс фабрикасы, 7 шошқа шаруашылығы, 8 тауарлық сүт фермасы. Бұл ретте, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету есебінен 2030 жылға қарай қалдықтарды өңдеу қондырғыларын пайдаланатын құс фабрикаларының санын 20 бірлікке дейін, шошқа шаруашылықтарын 15-ке дейін, тауарлық сүт фермаларын 40-қа дейін ұлғайту жоспарлануда.​

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тарапынан парниктік газ шығарындыларын азайту мақсатында жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға қызығушылық байқалады. Мысалы, облыстар әкімдіктерінің мәліметінше, 7618-ден астам шаруашылық күн панельдерін, 33 шаруашылық жел генераторларын пайдаланады. Бұл ретте, инвестициялық субсидиялау шараларын іске асыру есебінен 2030 жылға қарай күн панельдерін пайдаланатын шаруашылықтар санын 27 000 бірлікке дейін, ал жел генераторларын пайдаланатын шаруашылықтарды 50-ге дейін ұлғайту жоспарлануда.

Жаңартылатын энергия көздерін қолдану жайылымдарды суландыруға арналған инфрақұрылым құрып ғана қоймай, шаруашылықты сумен қамтамасыз етеді, отын мен электр энергиясын үнемдеу есебінен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, Дүниежүзілік банктің мал шаруашылығын орнықты дамыту бағдарламасын іске асыру басталды, ол етті мал шаруашылығы секторында жасыл өсу қағидаттарын қолдануды көздейді. Бағдарлама сиыр етін өндіру кезінде парниктік газ шығарындыларын, оның ішінде интестиналдық ферменттеу, көңді жинау, сақтау және пайдалану, азық өндіру сияқты көздердің шығарындыларын азайтуды көздейді.

2020 жылы Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсарту бойынша экология министрлігімен бірлесе 33 іс-шараларды қамтитын Жол картасы бекітілді. Бүгінгі таңда тұрақты сипаттағы 26 іс-шаралар орындалу сатысында, 3 іс-шара толық орындалды. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мәлім етті.

Жүргізілген талдаудың нәтижесінде ауаның ластануына елеулі әсер ететін келесі факторлар анықталып отыр:

1)   Өндіріс кәсіпорындарының шығарындылары;

2)   Автокөлік құралдарының түтіні;

3)   Кәріз жүйесінің күкіртсутек шығарындылары.

Осыған орай осы бағыттар бойынша өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылдануда. Оның ішінде Ақтөбе ферроқорытпа зауытының цехтарын жаңғырту және қайта жаңарту жобасын іске асыру басталды және Ақтөбе хром қосындылары зауыты шаңды және газды тазартатын қондырғыны қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуде. 

Сонымен қатар, бүгінде автокөлік құралдарын газ отынына ауыстыру үшін тиісті инфрақұрылым құрылды, қазірде облыста тіркелген автокөліктердің 26% газбен жұмыс істейді. Бюджеттік ұйымдардың барлық көлік құралдары және қоғамдық көліктердің 60%-дан астамы газ отынына ауыстырылды. 

«Қаланың кәріз жүйесінен күкіртсутек шығарындыларын жою үшін негізгі 11 канализациялық сорғы станциясында соңғы екі жылда көмір сүзгі жүйелері орнатылды, 6 канализациялық сорғы станцияларында күкіртсіздендіру катализаторлары қолданылуда. Нәтижесінде, «Қазгидромет» кәсіпорнының мәліметіне сәйкес, ауаның ластану деңгейінің жоғары фактісі соңғы 5 жылда 18 есеге азайған», — деді облыс әкімі. 

Қатты тұрмыстық қалдықтарды жою өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде облыс орталығында қайталама шикізатты қабылдайтын 5 пункт және қалдықтарды сұрыптайтын кешен жұмыс істейді. Қатты тұрмыстық қалдықтардың бөлек жиналуын енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асыру үшін «Оператор РОП» ЖШС-мен жүргізілген жұмыс нәтижесінде 2021 жылы қалдықтарды бөлек жинауға арналған 681 контейнер және 6 бірлік арнайы техника алынды.

Сонымен қатар, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытының құрылысы пысықталуда, ол үшін жер учаскесі мен электр қуатына қосылатын нүкте анықталды. 

Ағымдағы жылдың соңына дейін 3 аудан орталықтарында экологиялық талаптарға сәйкес келетін қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы аяқталады, тағы 2 ауданда полигон құрылысының жобалары дайындалуда. «Қазақстан Ғарыш Сапары» мекемесімен анықталған  444 стихиялық қоқыстың 388 жойылды, қалған 56 бойынша жақын арада шаралар қабылданатын болады.

«Жасыл желектер отырғызу бойынша. Жоспарға сәйкес алдағы 5 жыл ішінде «мемлекеттік орман қоры жерлеріне 30 744 га алқапқа 60,2 млн түп ағаш отырғызу бекітілді. Қазіргі таңда 1181 га алқапқа 2,1 млн түп ағаш отырғызылды, яғни осы жылға бекітілген жоспар толығымен орындалды», — деді О. Оразалин.

Сонымен қатар, 2020-2021 жылдары 687 млн теңгеге орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда орман тәлімбақтарының көлемі 2,5 есеге артып отыр. 

Жоспар бойынша ағымдағы жылы облыстың елді мекендерінде 52 441 көшет отырғызылып, 240 га алқапта жасыл аймақтар құрылды.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбетің мәлімтінше, облыста 4 мыңға жуық кәсіпорын бар. Олар жыл сайын атмосфераға 600 мың тоннаға жуық ластаушы заттар шығарады. Оның ішінде шығарындылардың 90%-ы бірінші санаттағы 17 ірі өнеркәсіптік кәсіпорынға тиесілі.

«Атмосфералық ауа сапасын жақсарту бойынша. Биыл 6 айда шығарындылар көлемі 303 мың тоннаны құрады. Оның 80%-ы – «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы мен «Қазақмыс Холдинг» кәсіпорындарының эмиссиясы», — деді Ж. Қасымбек.

Облыс әкімдігі Экология министрлігімен экологиялық проблемаларды кешенді шешудің 2020-2024 жылдарға арналған Жол картасын бекітті. Жол картасының орындалу барысы Экология министрлігімен бірлесіп, барлық өнеркәсіп кәсіпорындарымен жүйелі түрде қарастырылуда.

Теміртау қаласы бойынша биылғы 6 айда шығарындылар көлемі 122 мың тоннаны құрады. Оның 89%-ы «Арселор Миттал Теміртау» үлесіне тиесілі. «Арселор Миттал Теміртау» бойынша шығарындыларды 65 мың тоннаға немесе 2025 жылға қарай 30%-ға төмендету бойынша жалпы сомасы 140 млрд теңгеге 22 табиғат қорғау іс-шаралары көзделген.

Жезқазған қаласы бойынша: «Қазақмыс Холдинг» шығарындылары көлемі осы жылдың бірінші жартыжылдығында 28,2 мың тоннаны құрады. Өткен жылдың осыған сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 30,1 мың тоннаны құраған болатын. 2025 жылға қарай шығарындыларды 20 мың тоннаға немесе 8,5%-ға азайту жоспарланып отыр.

Балқаш қаласының кәсіпорындарында 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында шығарындылар көлемі 28 мың тоннаны құрады. Өткен жылдың осыған сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 36,6 мың тоннаны құраған болатын.

«АрселорМиттал Теміртау», Энергетика министрлігі және «ҚазТрансГаз» арасында жылына 300 млн куб метр көлемінде табиғи газ жеткізу туралы Меморандумға қол қойылды. «АрселорМиттал Теміртаудың» газдандыру жобасын іске асыруды аяқтауы қоршаған атмосфераға шығарындыларды 28,8%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. «Қазақмыс корпорациясының» металлургия зауыты үшін газ құбырына қосылу нүктесі берілді. Жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында шамамен 4 мың үйді қосу мүмкіндігімен газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде. Бұл аймақтың экологиясын жақсартуға айтарлықтай әсер етеді.

Биыл ғарыштық мониторингпен 1360 рұқсат етілмеген қоқыс орындары анықталды. Оның 1339-ы жойылды.

Маңызды бағыттардың бірі – көгалдандыру. Биыл мемлекеттік орман қоры аумағында орман дақылдарының 1,7 млн дана көшеті 445 гектар алқапқа отырғызылды. Сондай-ақ 5 жылға 22 500 гектар алқапқа 100 млн дана көшетті отырғызу жоспарланып отыр.

Жаңа экологиялық кодекстің енгізілуіне байланысты қаржыландыру сомасы 54 млрд теңгені құрайтын 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-ботқа жазылыңыз

Жазылу