Елімізде 106 жаңа өндіріс орны ашылып, құрылыс жұмыстарының көлемі 7,8 трлн теңгеге жетті

Елімізде биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 8,6%-ға өсіп, оң динамика көрсетіп келеді. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, өндіріс көрсеткіші машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, резеңке және пластмасса бұйымдар өндірісінде, жеңіл өнеркәсіпте және басқа да салаларда өскен. Аталған өсім жаңадан іске қосылған өндіріс орындарының есебінен қамтамасыз етіліп отыр.

«Бүгінде жалпы құны, 642 млрд теңгеден асатын 106 жоба іске қосылып, шамамен 8 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Осы жобалардың нәтижесінде елімізде бұрын өндірілмеген жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды. Олардың қатарында натрий сульфаты, тамшылатып суару жүйелері, ламинат, кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар және басқа да өнімдер бар», — деп түсіндірді вице-министр. 

Жалпы биыл құны 1,7 трлн теңгені құрайтын, 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Металлургияда, өндіріс көлемі тоқсан 8,2%. Дегенмен, кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету нәтижесінде көрсеткіш 0,9%-ға өсті.

Атап айтқанда, отандық өндірушілердің металлургиялық кәсіпорындарға мыс, мырыш және құрамында алтыны бар шикізат жеткізу көлемі артты. Сондай-ақ мырыш концентратын жеткізу қайта жанданды.

Бұдан бөлек, қажетті шикізатты шетелден жеткізу туралы келісімдер жасалды. Шикізатты өзара жеткізу мәселесі де пысықталуда. Сонымен қатар өңдеу тарифтерін есептеудің жаңа әдістемесін енгізу арқылы мыс концентратын еліміз ішінде өңдеу көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.

«Бұл отандық өңдеудің экономикалық тиімділігін арттыруға, мыс концентратын шетелге шығаруды төмендетуге және оны елімізде терең өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы салада жоспарланған көрсеткіш қолданыстағы өндірістік қуаттарды ұлғайту және жаңа жобаларды іске қосу арқылы қамтамасыз етіледі. Машина жасау саласы 22,8% деңгейінде, өсім көрсетті. Осы салада көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және темір жол техникасын, сондай-ақ тұрмыстық техниканы өндіру көлемі артты. Тоғыз айда шамамен 144 мың автокөлік құралы өндірілді. Оның ішінде 136 мыңнан астамы – жеңіл автомобильдер, 1,8 мыңға жуығы – автобустар, 5,8 мыңға жуығы – жүк және арнайы техника», — деді спикер. 

Көрсеткіштердің өсуі ішкі сұраныстың артуы және бұрын іске қосылған жобалардың жоспарлы өндірістік қуатына шығуымен байланысты. Салаға салықтық және кедендік жеңілдіктер де қосымша қолдау көрсетіп келеді. Атап айтқанда, тұрмыстық техниканы өткізу кезінде қосылған құн салығынан босату шарасы келесі жылдың соңына дейін қолданылады. Осыған байланысты, өндірістегі отандық үлесті арттыру, және Samsung сияқты ірі халықаралық компанияларды тарту үшін осы жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылады.

Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдар, киім және былғары өнімдер өндірісі артып, саладағы өсім 62,4%-ды құрады.

Химия өнеркәсібінде полипропилен, аммофос, каустикалық сода өндірісі артып* 23,4% өсім байқалуда.

Құрылыс материалдар өндірісінде құрылыс ерітінділері, цемент және бетон конструкциялар көлемі өсіп, саладағы өсім 5,9%.

Құрылыс саласында 9 айдың қорытындысы бойынша, жұмыс көлемі шамамен 7,8 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,5%-ға артты.

«Өңірлердің басым бөлігінде оң динамика байқалуда. Ұлытау және Атырау облыстары мен Шымкент қаласы ең жоғары өсімді көрсетіп отыр. Теріс көрсеткіштер Жетісу, Қарағанды мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелді. Сонымен қатар есепті кезеңде 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», — деп толықтырды Қуандық Қажкенов. 

Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 12,9 млн  шаршы метр үй пайдалануға берілген болатын. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда көлем 2,7%-ға артты.

Өсім, 17 өңірде байқалуда. Ең жоғары көрсеткіш Алматы, Маңғыстау мен Павлодар облыстарында тіркелді. Атырау, Ақмола  және Қарағанды облыстарындағы көрсеткіш төмендеп отыр.

«Министрлік локализация деңгейін арттыру, кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын толық пайдалану және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы өз жетекшілік ететін салаларда тұрақты өсу қарқынын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады», — деп түйіндеді сөзін вице-министр.

#Президенттің тапсырмасы #Құрылыс #Үкімет отырысы #ӘЭД #Өнеркәсіп

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу