Елімізде 11,7 млн ​​шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

Аяқталған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6%-ға артты. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

Үкіметте 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды. Аталған мәселелер бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндама жасады.

Ә.Қуантыровтың айтуынша, биылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысына сәйкес Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,7%-ды құрады. Оның ішінде нақты сектор – 3,7%-ға, ал қызмет көрсету саласы – 5,1%-ға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс көрсетті. 

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,1%-ды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 59%-ға, саудада – 37,5%-ға, білім беруде – 24%-ға, ауыл шаруашылығында – 13%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 8,2%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 4,3%-ға өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Түркістан, Павлодар және Абай облыстарында байқалды.

Алдын ала жасалған қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-тамыз айларында сыртқы сауда тауар айналымы 4,2%-ға өсіп, $91,1 млрд-ты құрады. Экспорт $51,2 млрд-ты құрап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты $16,2 млрд-қа жетті. Тауарлар импорты $39,8 млрд-ты құрады. Жалпы, оң сауда балансы $11,4 млрд-қа тең.

Өңдеу өнеркәсібінде оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,2%-ға өсті. Көрсеткіштің өсімі 14 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсімді Алматы қаласы және Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда облыстары көрсетті. 

Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 27,3%-ға, оның ішінде автомобиль жасаудың – 40,8%-ға және электр жабдықтарын жасаудың – 30,6%-ға өсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ өсім келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 3,3%, химия өнеркәсібі – 1,5%, металл бұйымдары – 4,2%, сусындар өндірісі – 3,2%, пластмасса бұйымдары – 6,8%, жеңіл өнеркәсібі – 14,6%. 

Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,4%-ға жоғарылады. Бұл ретте мұнай өндіру – 8,4%-ға, газ өндіру – 6,1%-ға, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 13,9%-ға өсті. Металл кендерін өндіру – 1,2%-ға, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 1,7%-ға, көмір өндіру – 5,7%-ға төмендеді. 

«Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6%-ға ұлғайды. 19 өңірде оң өсім тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсімі Маңғыстау, Жетісу, Абай және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды. Биылғы қаңтар-қыркүйекте 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында, сондай-ақ Ұлытау, Қызылорда және Абай облыстарында тіркелді», — деп атап өтті Ә. Қуантыров.

Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 9,9%-ға төмендеді. Көрсеткіштің күрт төмендеуі ауа райының қолайсыздығына байланысты дәнді дақылдарды жинау көлемінің азаю салдарынан орын алды. 

5 өңірде 7 экономикалық көрсеткіштің барлығы бойынша оң өсім – Абай, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды. Экономикалық өсуді қамтамасыз ету мақсатында Министрлік тарапынан келесі шаралар ұсынылады:

  • Егінді жинау, тасымалдау және сақтаудағы ықтимал проблемаларды шешуде жедел көмек көрсету; 
  • Отандық кәсіпорындардың көлік-логистикалық инфрақұрылымға қол жеткізуі есебінен; отандық өнім экспортын белсенді ілгерілету;
  • Осы жылға белгіленген инвестициялық жобаларды тиісті мерзімдерде аяқтау және оларды алдағы кезеңдерге өзектендіру; 
  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының маусымдық өсуіне жол бермеу және Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырудың тиімділігін бақылау; 
  • Жұмыспен қамтуды қолдау мемлекеттік шараларының тиімді іске асырылуын бақылау, тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту.

ҚРҰБ төрағасының орынбасары Б. Шолпанқұловтың баяндауынша, қыркүйек айында жылдық инфляция көрсеткішінің баяулау үрдісі жалғасты. Инфляциялық үдерістердің жалпы позитивті динамикасын ескере отырып, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін 0,5%-дық тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар қыркүйек айының қорытындысына сәйкес, Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі төмендеді және 49 мәнінде теріс аймаққа өтті. Құрылыс саласында индекстің едәуір төмендегені байқалып, көрсеткіш 48,5 мәніне дейін төмендеді.

Бизнес-климат индексі біраз төмендегенімен, көрсеткіш оң қалпында қалды. Ағымдағы бизнес жағдайды бағалау көрсеткіші жақсарды. Алайда, болашақ бизнес жағдайға қатысты оптимизм төмендеді.

«Жылдық инфляция жеті ай қатарынан төмендеп келеді. Оның бүгінгі деңгейі – 11,8%-ды құрады. Жылдық инфляция қатаң ақша-несие саясаты жағдайлары мен 2022 жылғы жоғары базаның аяқталуы, жаһандық инфляциялық қысым мен өндіріс шығындарының төмендеуі аясында баяулады. Инфляция құрылымында барлық компоненттің өсу қарқыны баяулап келеді. Айлық инфляция да 0,6%-ға дейін бәсеңдеді. Алайда, айлық инфляцияның өсу қарқыны әлі де орташа мәннен айтарлықтай жоғары қалыптасып отыр», — деп атап өтті Б. Шолпанқұлов.

Азық-түлік инфляциясы 11,4%-ға дейін төмендеді. Себебі нан, жарма, сүт өнімдері, ет пен қант бағасының өсу қарқыны да тежелді. Ауыл шаруашылығы салаларында да тамақ өнімдерін өндірушілердің бағаны төмендеткені сезілді. Жеміс-жидек пен көкөніс маусымдық кезеңге байланысты арзандады. Бірақ оның арзандау қарқыны әдеттегіден төмен. Нәтижесінде, азық-түлік тауарларының айлық инфляциясы өткен жылдармен салыстырғанда жоғары қалыптасып отыр.

Азық-түлікке жатпайтын инфляция да қыркүйекте баяулап, 12,1% мәнді көрсетті. Өткен жылғы жоғары базаның ықпалы аяқталғандықтан, жеке пайдалануға арналған тауарлар, тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары мен дәрі-дәрмек бағасының жылдық өсімі баяулап келеді.

Бұл ретте жанармайдың шекті бөлшек сауда бағасының өсімі және кейіннен реттелмейтін отын түрлеріне баға шарықтап, жанар-жағармайдың азық-түлікке жатпайтын инфляциядағы үлесі арта түсті.

Қыркүйекте киім-кешек пен аяқ киімнің, дәрі-дәрмек пен қатты отынның бағасы өсті. Есесіне, тұрмыстық бұйымдардың бағасы төмендегені байқалып отыр.

Ақылы қызметтердің инфляциясы шілде-тамыз аралығында жеделдегеннен кейін өткен жылғы жоғары базаның шығуы есебінен қыркүйекте 11,9%-ға дейін баяулады.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында іске асырылатын тұрғын үй коммуналдық қызметтер тарифінің өсімі қыркүйекте – 0,4%-ға, жылдық мәнде – 13,6%-ға дейін баяулады.

Реттелмейтін қызметтердің бағасы өсу үрдісін сақтап қалды. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты білім беру қызметтерінде де баға тез өсті. Бұдан басқа, жалдау ақысының, көлік пен амбулаториялық қызметтердің құны да өсе түскені байқалды.

Қыркүйекте теңге бағамы 3,4%-ға әлсіреп, 1 доллар үшін 474,99 теңгеге дейін барды. Теңгенің әлсіреуіне бірқатар сыртқы және ішкі факторлар ықпал етті.

Біріншіден, АҚШ доллары жаһандық деңгейде нығайды. АҚШ долларының индексі дамыған елдердің валюта қоржынына қатысты қыркүйекте 2,5%-ға күшейді.

Екіншіден, бюджет қаражатын игеру және жобаларды іске асыру циклінің өсуіне байланысты импорттаушылардың маусымдық сұранысы артты.

«Квазимемлекеттік секторда экспорттық валюталық түсімді міндетті сату нормасының тоқтатылуы да, АҚШ Федералды резервтік жүйесінің қатаң монетарлық саясаты аясында базалық мөлшерлеменің төмендеуі де теңгенің әлсіреуіне әсер етті. Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету шеңберінде валюта сату теңгеге қолдау көрсетті. Қыркүйекте $1 млрд 155 млн валюта сатылды. Жыл басынан бері мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына бейрезиденттердің капитал ағыны $299 млн-ды құрады. Қыркүйекте Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына $200 млн-ға валюта сатып алынды. Ұлттық банк еркін бағам белгілеу режимін ұстанады және валюталық интервенциялар жүргізген жоқ», — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Жалпы халықаралық резервтер қыркүйектің соңында $89,7 млрд-ды құрады.

Жыл басынан бері Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері $31,9 млрд-қа дейін, яғни 9%-ға төмендеді. Бұл Ұлттық банктің валюталық шоттарындағы екінші деңгейлі банктер қаражатының азаюына және мемлекеттік борышты төлеуге байланысты болды.

Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері $57,8 млрд-қа дейін 3,7%-ға, яғни $2,1 млрд-қа өсті. Негізгі өсім жыл басынан бері 4% немесе $2,2 млрд-ты құраған инвестициялық табыс есебінен артып отыр. 

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер 3,3 трлн теңгені құрады. Оларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордың валюталық активтері $6 млрд-қа сатылды. Қорға түскен түсімдер 3,4 трлн теңгені құрады.

Зейнетақы активтері оң динамиканы көрсетіп келеді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері жыл басынан бері 17,2 трлн теңгеге дейін, яғни 17,7%-ға ұлғайды. Инвестициялық табыс көлемі жыл басынан бері 1,4 трлн теңгені құрады. Зейнетақы жарналары 1,5 трлн теңге, ал, жарнаны мерзімінен бұрын алу сомасы 196,1 млрд теңге болды.

Жалпы сыртқы және ішкі нарықтарда инфляциялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты. Ұлттық банк макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, инфляцияны төмендету үшін қажетті шараларды қабылдауды жалғастыра береді.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өз баяндамасында биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке түскен кірістердің сомасы 13,8 трлн теңгені құрады немесе жоспар 97%-ға орындалғанын айтты. Республикалық бюджетке 9,2 трлн теңгеге жуық қаражат түсті. Жоспар 89,3%-ға орындалды.

Оның айтуынша, салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасып отыр.

Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы ірі 292 салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 23%-ға азаюымен байланысты.

Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері:

  • тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі;
  • Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 6%-ға азаюы болып отыр.

Сонымен қатар шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 11%-ға төмендеуімен байланысты болды.

Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 13%-ға төмендеуі әсер етті.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 116,8%-ға атқарылды және 4,7 трлн теңгені құрады. Жоспар 669 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 622 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалып отыр.

«Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,3%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,5%-ға орындалды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 16 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 70 млрд теңгені құраса, оның ішінде үнемдеу – 16 млрд теңге. Игерілмегені – 54 млрд теңге», — деді Е.Жамаубаев.

Вице-премьердің мәлімдеуінше, игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінде қалыптасқан. Конкурстық рәсімдерді ұзақ мерзімде өткізу; шарттарды, қосымша келісімдерді жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу; шот-фактуралар мен атқарылған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбау және басқалар игерілмеудің негізгі себептері болып отыр.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 9 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 49 млрд теңге. Осы жылы өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қазанға 1 трлн 112 млрд теңге бөлінген. Оның 98,5%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 17 млрд теңге, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 16 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу: Астана қаласы, Маңғыстау, Атырау және Қарағанды облыстарында қалыптасты.

Осы жылдың 9 айында камералдық бақылаумен 10 трлн теңгеге 353 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Тексеру қорытындыларына сәйкес 47 129 рәсім бойынша құқық бұзушылықтар анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит нысандары кемшіліктерді жою туралы хабарламалардың 93%-ын орындады. 1 709 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен шамамен 1,2 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. Шамамен 194 млрд теңге сомасына қаржылық заң бұзушылықтар анықталды.

Тауарлар жеткізу, қызметтер көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтемақылар және есепке алу бойынша қалпына келтіру жолымен 158 млрд теңгеге құқық бұзушылықтар жойылды. Аудит нысандары қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 724 ұсыным берілді.

Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 658 нысанды сату көзделген. Есепті кезеңде 307 млрд теңге сомасына 372 нысан сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 33 нысан сатуға қойылды. 64-і қайта ұйымдастыруға және таратуға жіберілді. 189 нысан – сату алдындағы дайындықта тұр.

#Ерұлан Жамаубаев #Экономика #ҚР Ұлттық экономика министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу