Елімізде халықаралық 5 теміржол және 8 автомобиль көлік дәлізі жұмыс істейді — Көлік министрлігі

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің және шешуші бағыттар бойынша өзге де – цифрлық даму, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, су ресурстары, еңбек, оқу-ағарту, ғылым, спорт, денсаулық сақтау министрлерінің баяндамалары тыңдалады. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Елімізде халықаралық 5 теміржол және 8 автомобиль көлік дәлізі жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша транзиттік тасымал 34,6 млн тоннаға жетті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға артық. Аталған көрсеткішті 2029 жылға қарай 67 млн тоннаға, ал 2035 жылға қарай 100 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту – негізгі басымдықтардың бірі. 2024 жылы ондағы нақты тасымал көлемі 4,5 млн тоннаны құрады, яғни 2023 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 62%-ға артты. Бұл ретте, тасымалдау рәсімдерін жеңілдету мақсатында маршрут цифрландырылып, ол онлайн шарттар жасасуға, жүктің бүкіл бағыт бойымен қозғалысын бақылауға және Қытайдағы бірыңғай сату терезесін (DTС) қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Қытай – Орталық Азия және ТХКБ бағыты бойынша жүк транзитін электронды кедендік рәсімдеу жобасы іске қосылды. Контейнерлік тасымалдарға келетін болсақ, қазіргі деңгейі 7%-дан аспайды. Контейнерлік тасымалдардың өсуін ынталандыру үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп арнайы бағдарлама әзірленетін болады», — деді ол.

Оның айтуынша, ұзындығы 120 шақырымдық «Тургунди – Герат» теміржол желісін салу жобасын жүзеге асыру жоспарлануда екен. Бүгінгі күні қаржыландыру құрылымы әзірленіп, инвестиция тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны жүзеге асыру Ауғанстанға жүк экспортын және транзитін қамтамасыз етіп, әрі қарай Пәкістан мен Үндістан нарықтарына шығуға мүмкіндік береді. Мерзімі – 2026–2027 жылдар.

Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырым теміржол инфрақұрылымын модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Биыл 911 шақырым теміржол желісінің құрылысы аяқталады, олар – «Достық – Мойынты» екінші жолдары және Алматы айналма желісі. «Мойынты – Қызылжар», «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» сияқты басқа да негізгі бағыттар бойынша қарқынды құрылыс жұмыстары жалғасуда. Аталған жобаларды аяқтау 2026 және 2027 жылдарға жоспарланған.

«Еліміздің транзиттік әлеуетін ескере отырып, автомобиль жолдарын дамыту тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдар өңірлік көлік байланысын дамыту мақсатында өздерінің жоспарларын қарастыруы қажет. Осындай өзекті жобалардың бірі – "Бейнеу – Сексеуіл" автомобиль жолының құрылысы. Жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген. Осы жылдың қараша айының соңына дейін мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жоспарлануда. Қазақстан шекарасы бойында 55 автомобильдік өткізу пункті бар, оның 14-і – сыртқы және 41-і – Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі кедендік шекарасында орналасқан, олардың ішінде 4 пункт бойынша жұмыстар аяқталды. Қалғандары бойынша жұмыстар 2026–2027 жылдары жүргізілетін болады. Жұмыстар аясында негізгі 14 өткізу пунктінің маңында кедендік және сервистік қызметтер көрсететін аймақтарды дамыту көзделген», — деді Мақсат Қалиақпаров.

Министрдің сөзінше, тарифтік саясат қайта қаралатын болады. Қазіргі таңда бағаға мемлекеттік реттеу теміржол тасымалы мен әуежай қызметі салаларында қолданылады. Автомобиль тасымалдары толықтай бәсекелестік ортада жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, магистральдық теміржол желісі қызметтеріне жаңа тарифтік жүйе енгізу және әуежай қызмет көрсету тарифтерін мемлекеттік реттеуден босату жоспарланған.

«Мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдету және транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында "Smart Cargo" бірыңғай терезесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Аталған терезе барлық сервистерді бір платформаға біріктіреді. Автомобиль жолдары саласында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында "e-Joldar" жүйесі әзірленуде. Жүйеде жасанды интеллектіні қолдану жолдарды салу және жөндеу кезіндегі бақылау процестерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Карго тасымалдарын дамыту бойынша "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ ұлттық жүк әуе тасымалдаушысын құру мәселесін пысықтап жатыр. Аэрохабтарды дамыту жұмысы бұған дейін басталған болатын, алайда жүк тасымалдаушысын құрумен қатар, бұл жұмыс айрықша маңызға ие болмақ. Елдің алты әуежайында арнайы экономикалық аймақтар енгізіліп, инфрақұрылымды жаңғырту шаралары мен кедендік рәсімдерді жеңілдету жұмыстары жүзеге асырылуда», — деді көлік вице-министрі.

Пилотсыз көлік құралдары – ғылым мен техниканы дамытудың жоғары перспективалы бағыттарының бірі. Алайда пилотсыз көлік құралдарын пайдалану бойынша құқықтық шеңбер осы уақытқа дейін нақты айқындалмаған. Пилотсыз құралдардың қызметін одан әрі нысаналы реттеудің негізін қалыптастыру мақсатында министрлік қолданыстағы заңнамалық актілерге түзетулер әзірледі. Осы кезеңде негізгі ұғымдар мен уәкілетті органдардың құзыреттері көзделген. Түзетулер алдын ала барлық мемлекеттік органдармен келісілді. Осы жылдың аяғына дейін қабылдайтын боламыз. Бұл ретте, пилотсыз көліктерді қолдану тиісті инфрақұрылымның болуын талап етеді. Осыған байланысты пилотсыз көліктер арқылы жүк тасымалын ұйымдастыру үшін «smart» жолдарды салу мүмкіндігі қарастырылуда. Қазіргі уақытта пилотсыз тасымалдарды Қазақстан – Қытай шекарасында қолдану бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

#Көлік #Логистика #Президенттің тапсырмасы #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу