Елімізде 542 шақырым жылу желісі жөнделді 

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов жылыту маусымының өту барысы туралы баяндама жасады.

Электр стансаларында жөндеу кестесіне сәйкес 8 энергия блогы, 51 қазандық, 38 турбина жөнделді. 2 энергия блогында, 4 қазандықта және 7 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталу кезеңінде.

Электр желілерінде 20,7 мың шақырым электр беру желілері, 384 қосалқы станса және 4 054 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы стансалар жөнделді. Сондай-ақ 542 шақырым жылу желілері жөнделді.

Жылыту кезеңіне дайындық және алдағы жылыту маусымында тұтынушыларды энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін Энергетика министрлігі тарапынан:

  • электр энергиясының шекті тарифтері түзетілді;
  • электр қуаты нарығында шекті тариф ұлғайтылды;
  • қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті ұлғайтылды.

«2024 жылы қабылданған шаралар жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды өткен жылдың деңгейінен 44%-ға артық, 327 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді», — деді энергетика вице-министрі Е. Ақкенженов.

Энергия көздерінің отын қоймаларында 5,6 млн тонна көмір және 97 мың тонна мазут жинақталған, бұл нормативке сәйкес келеді. 

Сонымен қатар вице-министрдің айтуынша, Министрлік өңірлер бойынша бірқатар ағымдағы мәселелерді бақылауда ұстап отыр.

Қарағанды облысында Саран қаласының Орталық қазандығында екі қазандықта іске қосу-реттеу жұмыстары жалғасуда. Қазандық 102 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. 17 жергілікті қазандықта 23 қазандық ауыстырылды және қосымша орнатылды. Тозған қосалқы жабдықтар (сорғылар) ауыстырылды, көмірдің жинақталуы қамтамасыз етілді, от жағушы штаты толық жасақталды. Аталған іс-шаралар қыс мезгілінде сенімді жұмысты қамтамасыз етеді.

Шығыс Қазақстан облысында Риддер ЖЭО-да 3 қазандық жұмыс істейді (№2, 3, 6). № 1 қазандық резервте тұр. Қараша айының соңына дейін тағы 2 қазандықта (№4, 5) жөндеу жумыстары аяқталады. Жылыту кезеңінде жұмыста 4 қазандық болуы тиіс.

Түркістан облысында Кентау қаласындағы ЖЭО-да 6 қазандықта жөндеу және реконструкциялау жұмыстары аяқталды (№5, 6, 8, 9, 10, 11). Желтоқсан айының ортасына дейін №7, 12 қазандықтардың дайындығы қамтамасыз етілуі тиіс. Қыста жалпы 5 қазандық жұмысқа дайын болуы тиіс.

«Жылыту маусымының тұрақты өтуі Энергетика министрлігінің бақылауында», — деп Е. Ақкенженов сөзін тәмамдады.

#Энергетика #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу