10 Қараша 2026, 11:57

Жылыту маусымы штаттық режимде өтуде. Барлық тұтынушы жылу және электр энергиясымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Технологиялық бұзушылықтар нормативтік мерзімдерде жойылуда. 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары аясында Жүйелік оператор бекіткен кестеге сәйкес, биыл электр стансаларында 9 энергия блогын, 55 қазандықты және 51 турбинаны жөндеу жоспарланған.
Бүгінгі таңда 8 энергия блогын, 49 қазандықты және 37 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды. Тұтастай алғанда, еліміздің энергия көздерінде қажетті жабдықтар құрамы қамтамасыз етілген. Қалған барлық жөндеу жұмыстары резервтік жабдықтарда жүргізілуде және жылыту кезеңінің өтуіне әсер етпейді.
Өңірлік электр желілік компаниялардың электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың км электр беру желісін және 444 кіші станцияны жөндеу жұмыстары немесе жоспардың 100%-ы аяқталды.
Сонымен қатар 377 шақырым жылумен жабдықтау желісін жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалды.
Аталған жөндеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі орта есеппен 27%-ға артқанын атап өткен жөн. Атап айтқанда, электр стансаларын жөндеуге бөлінген қаржы көлемі 384 млрд теңгеге, электр желілерін жөндеу жұмыстарына 393 млрд теңгеге және жылу желілерін жөндеуге 198 млрд теңгеге дейін артты. Нәтижесінде электр стансаларының тозу деңгейі 52%-ға дейін, электр және жылу желілерінің тозу деңгейі тиісінше 65,7% және 48%-ға дейін төмендеді.
Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда технологиялық бұзушылықтар саны орта есеппен 6%-ға азайды. Бұл көрсеткіш электр станцияларында 8%-ға төмендеген.
Бұдан бөлек, осы жылдың 10 айында электр энергиясын өндіру көлемі 102 млрд кВт·сағатты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,3%-ға жоғары.
Биылғы күзгі-қысқы кезеңде ең жоғары жүктеме 18 200 МВт-қа жетеді деп болжануда. Бұл өткен жылыту маусымындағы ең жоғары көрсеткіштен 3%-ға артық.
Энергия көздерінің отын қоймаларында 5,8 млн тонна көмір және
137 мың тонна мазут жинақталды.
Барлық станса отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілген.
Министрлік 255 мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазут жеткізу кестесін бекітті. Мазутты жөнелту биылғы қыркүйек айынан бастап жүргізілуде. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктеріне аталған кестенің орындалуын жеделдету қажет.
Сіздің тапсырмаңызға сәйкес дебиторлық берешекті азайту жөніндегі арнайы комиссия құрылды.
Бүгінгі таңда жалпы берешек көлемі 11%-ға төмендеп, 72 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар бірқатар жүйелі шаралар әзірленді. Атап айтқанда, берешекті өтеу кестелері бекітілді. Сондай-ақ жыл соңына дейін әкімдіктер энергия көздері алдындағы дебиторлық берешекті өтеу бойынша шаралар қабылдайды.
Жоғарыда аталған шаралардың барлығы энергия көздерінің жеткізілген газ үшін берешегін едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылады.
Халықты көмірмен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік жанында барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Республикалық штаб жұмыс істеуде.
Жалпы, ағымдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға – 1,6 млн тонна, халыққа – 5,7 млн тонна.
Есепті күнге өңірлерде 4,52 млн тонна көмір дайындалды, бұл жалпы қажеттіліктің 62%-ын құрайды.
Осыған байланысты, әкімдіктер коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмір қорын дайындауды қамтамасыз етіп, өңірлерде жасанды дүрбелеңнің туындауына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс.
Жазғы кезеңде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында барлық өңірде жылу желілерін реконструкциялау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.
Атап айтқанда, Степногорск қаласында 53 жыл бойы қолданыста болған, ұзындығы 9,5 шақырым жылу желісі реконструкцияланды.
Сондай-ақ Талдықорған қаласында бірінші кезең аясында 46 жыл бойы қолданыста болған, ұзындығы 3,5 шақырым қаланың негізгі жылу магистралі реконструкцияланды.
Петропавл қаласында жалпы ұзындығы 4,3 шақырым жылу магистральдарының екі учаскесі реконструкцияланды.
Сонымен қатар Қарағанды қаласында тозу деңгейі 81%-ды құрайтын жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары аяқталды.
Аталған жобалардың барлығында отандық өндірістен шыққан заманауи энергия тиімділігі жоғары алдын ала оқшауланған құбырлар қолданылды.
Бұл халықты жылумен жабдықтау сенімділігін арттыруға және салынып жатқан нысандарды қосу үшін қажетті резервті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Осындай жұмыстар өңірлік электр желілерін реконструкциялау бағытында да жүргізілді.
Атап айтқанда, ағымдағы жылы Астана қаласында ұзындығы 14,4 км тарату электр желілері реконструкцияланды. Аталған желілерге 30 мыңнан астам абонент қосылған.
Сонымен қатар Қарағанды облысында екі ауқымды жоба жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, «Жосалы» қосалқы станциясын реконструкциялау аясында сыртқы қондырғының жиынтық тарату құрылғысы ауыстырылды, Нәтижесінде тұтынушыларды екінші тәуелсіз шиналар жүйесі мен трансформатор арқылы электр энергиясымен қамтамасыз етудің резервтік схемасы жасақталды.
Тозу деңгейі 92%-ға жеткен Қарағайлы әуе электр беру желісін барлық электр техникалық жабдықтары толық ауыстырылды.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысында әуе электр беру желілерінің бірқатары реконструкцияланды.
Жоғарыда аталған электр желілерін реконструкциялау барысында тозуға төзімді, жоғары температураға есептелген заманауи сымдар қолданылды. Бұл халықты электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға және электр энергиясын тұрақты беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Ағымдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік келесі іс-шаралардың орындалуын ұйымдастырады:
Электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарын аяқтау.
Энергетикалық ұйымдарда материалдар мен жабдықтардың авариялық қорын қалыптастыру, сондай-ақ авариялық бригадалардың толық жасақталуын қамтамасыз ету.
Энергия көздерінде отынның нормативтік қорының тұрақты деңгейін сақтау.
«Энергетика министрлігі ағымдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастырады», — деп түйіндеді сөзін энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
#Жылу беру маусымы #Энергетика #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу