Еліміздің 216 кәсіпорнында «нөлдік жарақаттану» тұжырымдамасы енгізілді — С. Шәпкенов

Қазақстанда жұмыс істейтін мың адамға шаққанда жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 0,32-ден 0,23-ке дейін төмендеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты.

«Қазақстанда жыл сайын 400-ден астам кәсіптік ауру тіркеледі. Олардың саны кейінгі үш жылда 21%-ға азайды. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда өндірістік жарақат алғандардың саны 10%-ға, оның ішінде қаза тапқандардың саны 16%-ға төмендеді. Ал мың адамға шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 0,32-ден 0,23-ке дейін түсті», — деді С. Шәпкенов.

Биыл бес айдың қорытындысы бойынша жазатайым оқиғаның салдарынан 564 адам зардап шекті. Олардың 19,5%-ы тау-кен, металлургия кәсіпорындарында, 10%-ы құрылыс саласында және 4,5%-ы коммуналдық шаруашылықтарда жарақат алды.

Ресми статистикаға сәйкес, 2020 жылы кәсіпорындарда зерттелген 1,6 миллион жұмысшының 367 мыңы зиянды еңбек орнында жұмыс істеген. Олардың басым көпшілігі өнеркәсіптік өңірлерде, яғни Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында қызмет еткен.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәліметінше, әрбір екінші адам шу мен дірілдің, ал әрбір үшіншісі жұмыс аймағында газдың ластануы мен шаңданудың жоғары жағдайында еңбек еткен.

Экономика салалары бойынша зиянды еңбек жағдайында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны тау-кен және өңдеу өнеркәсіптеріне тиесілі.

2020 жылдың нәтижесі бойынша кәсіптік еңбек қабілетінен айрылған 14,7 мың азаматқа 15,5 млрд. теңге мөлшерінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 10 мыңға жуығына бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы мен сақтандыру қорынан төлемдер жүргізілді, ал 6 мыңға жуық азамат Мемлекеттік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алды.

46% азаматтың кәсіптік еңбек ету қабілетінен айрылу деңгейі 30 бен 59% арасын құрайды. Олардың көпшілігі жеңіл жұмысқа ауысады. Соңғы үш жылда еңбек ету қабілетінен айрылған жұмыскерлердің үлесі 19%-ға төмендеді.

2020-2021 жылдары мемлекеттік еңбек инспекторлары 11 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады, оның ішінде 34%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі. 

Атап айтқанда:

  • қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу (20%);
  • жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқама жүргізбеу (12%) жағдайлары.

Жұмыс берушілерге 4,3 мыңнан астам нұсқама беріліп, 278 млн теңге сомада 1,6 мыңнан астам айыппұл салынды.

Лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау мақсатында мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша 1,4 мыңнан астам материалды құқық қорғау органдарына жіберді, олар бойынша 193 қылмыстық іс қозғалды.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау құралдарын жетілдіру мақсатында еңбекті қорғау талаптарының сақталуына профилактикалық бақылауды күшейту үшін ақпарат көздері мен тәуекелдерді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу мақсатында еліміздің 2,8 мыңға жуық кәсіпорны қауіпсіздік және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. Республика кәсіпорындарында 15 мың өндірістік кеңес жұмыс істейді, олардың міндеттеріне еңбекті қорғау бойынша 17 мыңнан астам техникалық инспектордың қатысуымен жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіреді», — деді ведомство басшысы.

Елдегі 216 кәсіпорын Халықаралық әлеуметтік қауіпсіздік қауымдастығы әзірлеген «Vision Zero» немесе «нөлдік жарақат» тұжырымдамасын енгізді. Осындай жұмыс берушілерді ынталандыру үшін оларды декларациялау қағидаттары негізінде профилактикалық бақылаудан босатуды көздейтін заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Серік Шәпкенов жұмыскерлердің қолайсыз еңбек жағдайлары экономикалық шығындарға әкеп соғатынын да атап өтті.

Жыл сайын өндірісте жарақат алып, уақытша еңбекке жарамсыз болған азаматтарға жұмыс беруші тарапынан 1,5 млрд. теңге шамасында төлемдер жүргізіледі. Жұмыскерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру үшін жұмыс берушілер жыл сайын сақтандыру компанияларына 30 млрд. теңгеден астам сақтандыру сыйақыларын аударады. Жұмыс берушілер 2020 жылы зиянды еңбек жағдайындағы жұмыс үшін әртүрлі өтемақыларға 141,5 млрд теңге жұмсаған, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 10%-ға көп.

2014 жылдан бастап 13 мыңнан астам жұмыс беруші жыл сайын зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлері үшін 40 млрд теңгеден астам міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударды. 5 жыл ішінде осындай жарналары төленген жұмыскерлер 2019 жылдан бастап зейнетақы төлемдерін ала бастады.

Қазақстан Республикасы Президентінің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша тапсырмасын орындау мақсатында Министрлік 2025 жылға дейінгі қауіпсіз жұмыс күшін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеп, Үкіметке енгізді.

Алдағы бес жылда іс-шаралар жоспарында:

  • тәуекелге бағдарланған тәсілдер негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту;
  • кәсіптік тәуекелді төмендету үшін жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
  • еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттіліктер мен ғылыми әлеуетті дамыту;
  • әлеуметтік серіктестіктікті дамыту сияқты кешенді шаралар көзделген.

Оларды іске асыру арқылы 2025 жылға дейін өндірістік жарақаттың үлесі 10%, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндердің саны 20% төмендеуі жоспарланып отыр.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, ҚР ТЖМ 230 мыңнан астам қауіпті өндірістік объектіні қамтитын 9 157 өнеркәсіптік кәсіпорынға мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады.

Қадағалау қауіпті өндірістік объектілердің және қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын ұйымдардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы арқылы персонал мен халыққа қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің алдын алуға бағытталған тексерулер жүргізу арқылы жүзеге асырылады.

Биыл бес ай да Ерекше тәртіп бойынша 418 тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша 12 777 өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзушылық анықталды, 70 млн теңгеден астам сомаға 505 әкімшілік айыппұл салынды. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзғаны үшін 224 объект тоқтатылды.

«Бизнес үшін талаптарды қысқарту және қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеуді әлсірету жөніндегі шаралар өнеркәсіптегі өндірістік тәртіп деңгейін төмендетуге және соның салдарынан апаттық және онымен байланысты жарақаттанудың өсуіне алғышарттар жасады. Соңғы жылдары қауіпті өндірістік объектілерде апаттардың орта есеппен 15%-ға өскені байқалады», — деп атап өтті Ю. Ильин.

Талдау көрсеткендей, өндірісте техногендік апаттардың пайда болу қаупі бұрынғысынша жоғары деңгейде қалып отыр. Биыл еліміздің қауіпті өндірістік объектілерінде 11 апат және 146 инцидент тіркелді. Апат салдарынан 5 адам зардап шекті.

Қауіпті өндірістік объектілердегі апаттық жағдайлардың негізгі себептері:

  • жобалық шешімдерден ауытқи отырып, жұмыс өндірісін жүргізу бөлігінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол берілген;
  • пайдаланылатын жабдықтардың жоғары моральдық және физикалық тозуы;
  • жұмысшылардың өндірістік және еңбек тәртібінің төмендігі.

«Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары бойынша жол берілген бұзушылықтарды қысқарту мақсатында тексеру қорытындысы бойынша инспекторлар жедел шаралар қабылдайды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қозғалады, нұсқамалар жасалады, сондай-ақ апаттарға тексеру жүргізіледі. Ескірген, моральдық және табиғи тозған жабдықтарды пайдаланудан біртіндеп шығару бөлігіндегі мәселелерді шешу мақсатында қадағалаудағы кәсіпорындармен бірлесіп, жыл сайын қауіпті өндірістік объектіні техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспары әзірленеді. Биыл 2 196 жабдықты ауыстыру жоспарланған», — деп хабарлады ТЖ министрі.

Сонымен қатар оның айтуынша, өндірістік және еңбек тәртібін арттыру мақсатында инспекторлар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, биыл бұқаралық ақпарат құралдарында 214 баяндама жасалды.

Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл 1 сәуірде «Өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды, оның шеңберінде 41 нормативтік-құқықтық актіні бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде, оларды іске асыру қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысшылардың өндірістік және еңбек тәртібін жақсартуға, азаматтардың қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен қорғалу деңгейін арттыруға және апат салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтіру ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, облыстағы жұмыскерлердің саны 326,2 мың адамды құрайды, оның 259,3 мыңы жарақат алу қаупі бар кәсіпорындарда жұмыс істейді (79%). Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 39 мың, тау-кен металлургия саласында 35 мың, энергетика саласында 13 мың адам еңбек етеді.

«Сонымен қатар өңірде ұзақ уақыт бойы өндірістік жарақаттанудың, оның ішінде өліммен аяқталу жағдайларының тұрақты төмендеуі байқалып отырғанын атап өткен жөн. Мәселен, 2016 жылы 27 өлім оқиғасы және 191 өндірістік жарақат тіркелген болса, 2020 жылы өлім жағдайы 78%-ға, өндірістік жарақат 41%-ға төмендеді. Сондай-ақ жыл басынан өндірісте өліммен аяқталған оқиғалар тіркелген жоқ», — деді Ә. Сқақов.

Жалпы, өндірістік жарақаттану мен еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын төмендету бойынша өңірде бірқатар кешенді шара қабылданған:

  • 2019-2023 жылдары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында Жол картасы қабылданды;
  • еңбекті қорғау бойынша заманауи стандарттар облыстың 107 кәсіпорнында енгізілді (OHSAS 18001, ХЕҰ-ЕҚБЖ және т.б.);
  • еңбек жағдайын жақсарту мақсатында жыл басынан бері 93 өндірістік объект аттестатталды;
  • барлық ірі және орта кәсіпорында өндірістік кеңестер жұмыс істейді (барлығы 840);
  • облыс бойынша 7 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді;
  • 12 кәсіпорын «Vision Zero» (нөлдік жарақат) халықаралық бағдарламасына қосылды.

Үлгілі кәсіпорындар базасында еңбекті қорғау жөніндегі инженерлермен өзара іс-қимыл жасауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін тұрақты кездесулер өткізіледі. 2018-2021 жылдары кездесулерге 500-ден астам ірі және орта кәсіпорын қатысты.

ПМХЗ, Қазақстан электролиз зауыты, KAZ Minerals Bozshakol, УПНК және басқа да ірі кәсіпорындарда жұмыскерлерге зиянды және қауіпті учаскелерде жұмысты қашықтан ұйымдастыруға мүмкіндік беретін процестерді цифрландыру және автоматтандыру жүйелері енгізілді.

Осындай жұмыстарды Қазақстан алюминийі, Богатырь Көмір сияқты басқа да ірі кәсіпорындарда жүргізу жоспарланған.

Облыста қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу