10 Наурыз 2026, 17:35
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Тұрғын үй құрылысы саласын дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды. Бірінші кезекте Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындауға назар аударылды. Мемлекеттік органдардың негізгі міндеті – азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін нақты нәтижелерге қол жеткізу екені атап өтілді.
Отырыста саланың ағымдағы жағдайы туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов баяндады. Сондай-ақ Түркістан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әкімдері тыңдалды. Өз кезегінде Жаслан Мәдиев еліміздің құрылыс саласындағы барлық мемлекеттік қызметтер толығымен онлайн-форматқа көшірілгенін хабарлады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрлігі Өнеркəсіп жəне құрылыс министрлігімен бірлесіп, құрылыс саласын цифрлық трансформациялау картасын жүзеге асыруда. Құжат процестерді цифрландыру арқылы саланың тиімділігін арттыруға жəне қала құрылысын жоспарлау жүйесін жетілдіруге бағытталған. Қазіргі таңда 20 бизнес-процесс цифрландырылды. Сондай-ақ электрондық келісімшарттар, құжаттарды автоматты тексеру, цифрлық актілер, API арқылы мониторинг жəне BIM-технологиялар енгізілетін болады. Нəтижесінде, рəсімдердің ашықтығы артып, қызмет көрсету мерзімдері қысқарып, саланың тиімділігі 46%-ға дейін өседі», — деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде құрылыс саласында 54 мемлекеттік қызмет көрсетіледі жəне барлығы онлайн форматта қолжетімді. Бұл азаматтар мен бизнес үшін қызмет алуды жеңілдетеді. Соның ішінде жылжымайтын мүлікке мекенжай беру, жобалауға арналған материалдарды ұсыну, нысандарды кəдеге жаратуға рұқсат беру жəне эскиздік жобаларды келісу бойынша қызметтер аса сұранысқа ие. Негізгі жүктеме жоспарлау жəне жобалау кезеңдеріне тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызметтердің 96%-ы электрондық форматта көрсетілді. Бұл саланы цифрландыру деңгейінің жоғары екенін аңғартады.
2026 жылғы 9 қаңтарда 2026–2027 жылдарға арналған құрылыс саласын цифрландыру жоспары бекітілді. 2025 жылдың соңында Астана қаласында құрылыс барысын компьютерлік көру жəне жасанды интеллектіні енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылған болатын. Жыл соңына дейін жобаны кеңінен тарату жоспарлануда. Жүйе жер учаскелерін мақсатсыз пайдалануды жəне қала құрылысы жоспарларынан ауытқуларды ерте кезеңде автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл превентивті бақылау құралын қалыптастырып, құрылыс барысына жедел мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.
«Құрылыстағы бірыңғай цифрлық тəсіл 3 бағытқа негізделген. Деректерді орталықтандыру барлық жүйелерді біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіреді. Сəйкестендірудің ашықтығы нысандарға цифрлық паспорттар беруді қамтамасыз етеді. Өзара іс-қимылды автоматтандыру адами фактордың əсерін төмендетеді. Бұл құрылыс саласын басқару тиімділігін арттырады. Сондай-ақ, объектілердің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде бірыңғай деректер негізінде цифрлық басқару моделі енгізілуде. Цифрлық құралдар процестердің ашықтығын арттырып, шығындар мен тəуекелдерді азайтады жəне алдын ала басқаруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, саланың тұрақты дамуына ықпал жасайды», — деді жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Оның айтуынша, құрылысты цифрландыру саланы барлық қатысушылар үшін тиімдірек, ашық əрі қауіпсіз етеді. Мемлекетке жер мен бюджет қаражатын пайдалануды қадағалау жеңілдейді. Бұл ретте сыбайлас жемқорлық тəуекелдері азаяды. Цифрлық шешімдер бизнеске бюрократияны болдырмауға, рұқсаттарды тезірек алуға жəне дизайн шығындарын азайтуға көмектеседі. Азаматтар үшін бұл цифрлық бақылаудың арқасында құрылыс сапасының артатынын жəне тұрғын үйді сатып алар алдында нысан туралы толық ақпаратты алдын ала білу мүмкіндігінің бар екенін білдіреді.
Astana Hub арқылы құрылыс саласында 32 инновациялық жоба жүзеге асырылуда. Құрылысты басқару, сатып алу-сатуды автоматтандыру, объектілерді мониторингілеу, техниканы басқару жəне еңбек қорғау үшін платформалар енгізілуде. Жобаларды жүзеге асыру нəтижесінде 750 жұмыс орны құрылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қатысушылардың табысы 13 млрд теңгені құрады.
#Цифрландыру #Құрылыс #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу